«8 қазандағы мәлімет бойынша, қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 549,8 млрд теңге төленді. Бұл жалпы Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 70 пайызын құрайды», деді МСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақсылықова.
ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын қор емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы – 785,8 млрд теңге.
«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», деді Б.Жақсылықова.
Бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1379 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 627-сі – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 166-ға көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 2 есеге артып, 120,2 млрд теңгені құрады.