Қоғам • 09 Қазан, 2018

TWESCO мен Жапония ғылыми орталығы арасында ынтымақтастық орнады

749 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазан айының 9 жұлдызында Астанада Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) атсалысуымен Токио университеті қоғамдық ғылымдар орталығының профессоры Хисао Комацудың лекциясы өтті. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы мен Жапонияның «Тоё бунко» зерттеу орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі. 

TWESCO мен Жапония ғылыми орталығы арасында ынтымақтастық орнады

Аталған лекцияны TWESCO мен Жапония қоры бірлесе ұйымдастырды. Түрік тілінде өткен лекцияға ғалымдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, журналистер қатысты. Профессор Хисао Комацудың «Жаңа тарихи деректер негізінде Абдулрашид Ибрахимнің қызметі және Жапониямен қарым-қатынас» деп аталатын лекциясы ХХ ғасырдың басындағы татар қайраткерлері бірінің өміріне арналды. Хисао Комацу қайраткердің Жапонияға сапары, жапондық мұсылмандармен байланысын зерттеген. Аталған шара TWESCO-да жапон ғалымдарының қатысуымен өтіп жатқан ғылыми лекциялардың жалғасы болып саналады. Естеріңізге салар болсақ, қазан айының 3 күні Академияда жапон зерттеушілерінің қатысумен лекция өткен болатын.

Ал, Түркі академиясы мен  «Тоё бунко» зерттеу орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумында түркология саласында бірлесе жұмыс істеу, ғылыми туындыларды алмасу, ғалымдардың өзара тәжірибе бөлісуі тәрізді бірқатар мәселелер қамтылды.