Өнер • 09 Қазан, 2018

Қостанайда театр маусымы ашылды

569 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры жаңа маусымын Е.Төлеубайдың «Мариям, Ілияс» спектаклімен ашты. Шығарма өне бойына қызыл империяның қылышынан қаны тамған, жеке басқа табынып, адам құқы тапталған заманда Қазақстанның халық ақыны Мариям Хакімжанованың қиындыққа толы өмірі арқылы қазақ зиялылары шеккен зардапты арқау етеді. Мариям бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахарбаену Есенғұлова сомдайды.

Қостанайда театр маусымы ашылды

Спектакль басталар алдында театр маусымының ашылу салтанаты болды. Онда театр директоры Сабыралы Кемелбаев, өнер ордасының көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан көрермендерді және өнер ұжымын маусымның ашылуымен құттықтады. Театр маусымының дәстүрлі ашылуына орай өнер отауының әртістері сахнада қызыл кілеммен жүріп өтті.

–Театр маусымының ашылуы тек өнер ұжымына ғана емес, көрерменге де мерекелік көңіл-күй сыйлауы тиіс. Сол дәстүр көптен театрымызда ұмытылғандай еді. Осы жолы көрермен мен әртістер қайта табысқандай, бір жылы шара өтті. Негізі көрермен сахнадағы кейіпкерлерді сомдаған әртістерді тануы керек. Актерлердің қызыл кілем үстімен жүріп өтуінің өзі залдағы көрерменге эстетикалық, рухани қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Бұл шара әртістерге де шабыт берері даусыз, – дейді белгілі актриса Шахарбану Еесенғұлова.

Театрға келгендер Мариям Хакімжанова мен Ілияс Омаровтың шығармашылығы мен жеке тұтынған заттарынан тұратын шағын көрмені де тамашалады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай