Аймақтар • 10 Қазан, 2018

Жолдау міндеттері жүзеге асырыла бастады

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының актив жиналысы болып, онда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды.

Жолдау міндеттері жүзеге асырыла бастады

Жолдауда отандық өнімді арттырып, экспортқа көңіл бөлу тапсырылды. Өткен жылы ет экспорты бойынша республикалық көрсеткіштің 40 процентін, яғни жартысына жуығын Ақжайық өңірі атқарған. 1300 тонна сиыр еті шетелге, атап айтқанда Ресей, Армения, Иран және Ауғанстан мемлекеттеріне шығарылды. Қой етін экспорттау жоспары 2,5 есеге артық орындалып, 500 тоннаға жуық ет шетелге сатылды. 

– Біз мұнымен шектелмейміз. Себебі жаңа Жолдау қосымша мүмкіндіктер тудырып отыр. Елбасының тапсырмасына сәй­кес өңірдегі ирригациялық құры­лымдар жүйесін жаңарттық. 4 ірі жоба жүзеге асырылып, суар­малы жерлер 70 мың гектарға кеңейді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көбе­йе бастады. Шаруа қожалық­та­ры­­ның саны 2017 жылы 5 мың бол­са, биыл 6500-ден асты, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы өзінің сөзінде тоқтап тұрған жобаларға инвес­тор тартылып, жаңадан тағы 10 мың бас мал бордақылайтын алаңдар салу жоспарланғанын айтты. Бүгінде өңірдегі игерілмей жатқан 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның жартысы іскер азаматтарға қайта берілген. Қолға алынған 12 инвестициялық жобаның тең жарымы шетелдіктердің қаты­суы­мен жүзеге асуда. Білім с­ала­сында өңірдегі жеке балабақша­лардың саны 24-тен 52-ге көбейіп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 процентті құрады.

Цифрландыру аясында қаладағы балабақша кезегі толықтай электронды кезек жүйесіне көшірілді. Жыл соңына дейін барлық аудан орталығы осы жүйеге өтеді. 

Жалпы, облыс әкімі актив алдында өңір­де алда қолға алынатын жоба­лар туралы кеңінен айтып бер­ді. Осы жиында сөз алған «Стройкомбинат» ЖШС дирек­торы Бақытжан Нұрбаев 2019 жылдың қаңтарынан бас­тап ком­пания қызметкерлерінің жалақы­сы өсетінін хабарлады. Отанд­ық өндірушілер мемле­кет қол­дауын анық сезініп отыр. Өңір­дегі темірбетон ре­зервуар­лар­дың 90 процентін біз­дің ком­пания шығарады. Жылына 2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, ел қазынасына 200 млн теңге салық түсімін құйдық. Өңір­дегі жол құрылысының дамуы, мем­лекеттік 7 – 20 – 25 бағдар­ла­масы біздің компанияның жүйелі тапсырыс алып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр» дейді Бақытжан Нұрбаев.

«Медициналық орталық» ЖШС директоры Рафхат Истаев өңірдегі медицина қызметкерлері атынан Президент Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жалақысының өсуі, қағазбастылықтан арылу – дәрігерлердің көптен күткен жаңалығы еді. Сонымен бірге өңірдегі медициналық мекемелер осы заманғы ең озық құрал-жабдықтармен жарақтанып жатыр. Енді бұған медицина қызметкерлерінің кәсіби білік­тілігі сай келіп, халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етуі тиіс.
Орал қаласындағы №17 орта мектеп директоры Тамара Рудич Президенттің биылғы Жолдауы білім саласы қызметкерлері үшін қуанышты жаңалыққа толы бол­ғанын айтты. 

Бұдан кейін мінбеге «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, жеке кәсіпкер Саян Баетов шығып, өз­дері араласып жүрген ауыл шаруа­шылығы саласындағы іс-тәжі­рибесімен бөлісті. Сөз алушы­лар­дың бәрі де Президенттің жаңа Жол­­дауы ел экономикасы мен әлеу­мет­­тік жағдайын көтеруге тың сер­­пін беретінін ба­са айт­ты. Жиын соңында облыс ак­тиві жи­на­­лысының қарары қабыл­данды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы