Білім • 10 Қазан, 2018

Нәтижені білім сапасы мен білікті маман айқындайды

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердегі басты бағыттың бірі білім саласын түрлендіру болып табылады. Бүгінгі күні білім жүйесін рефомалау, оқытудың жаңа стандарттарын енгізуге көп назар аударылатын болса, осы саладағы жаңғыру үдерісінің бел ортасында педагогтар жүреді. Әсіресе жоғары білім беру ісіндегі болашақ жас маманды тұлға ретінде ашуға қатысты Президент ойына Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының ұстаздары да өз тарапынан үн қатып, Жолдау аясында «Жаһандану жағдайындағы жаңа бағыттардың дамуы» атты дөңгелек үстел өткізді.

Нәтижені білім сапасы мен білікті маман айқындайды

Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде Академия профессорлары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани және зияткерлік дамуын, құндылықтар мәселесін, қазіргі білім беру мен тәрбие, жаңа бағыттардың дамуын және оны іске асыру жолдарының шешуші факторларын талқыланды. Ұлттық Өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуген тура келіп отырған бүгінгі ұстаздарға жүктелетін міндеттерді алға тарта отырып, бұл жолдағы нәтижені білім сапасы мен білікті маманның ғана айқындайтынын баса айтты. Мұғалім мәртебесін белгілейтін арнайы заң қабылдау қажеттілігі де бәсекелестіктің биігіне ұмтылып отырған әр ұстазға барынша қамқорлық жасау мақсатында қолға алынғалы отырғаны аян. «Академияда оқытушылық-профессорлық құрамнан бөлек, 200-ден аса киім тігуші, жарық беруші, аяқ киім шебері, декоратор сынды техникалық қызметкерлер бар, ұжымдағы осы кісілердің айлық жалақысы едәуір мөлшерге артқалы отыр» деді Шәріпбек Әмірбек.

«Бұл Жолдау Елбасы жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен 100 қадаммен үндес әрі өзіндік ерекшелігі бола тұра, бұрынғы Жолдаулардың заңды жалғасы сияқты. Жолдау жылдағыдай жылдың басында емес, жыл соңына қарай жарияланып отыр. Бұл мемлекеттік органдардың келесі жылға арналған бюджетін алдын-ала Жолдауда белгіленген тапсырмалармен сәйкестендіріп, бекітуге және тиісті бағдарламалар мен жоспарларды уақтылы қабылдап, 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруына, жыл соңында қойылған міндеттерді орындауын нақты бақылауға мүмкіндік береді», деді Академия жиынына арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Серікқызы.

Академия профессоры Есмұхан Обаев Н.Назарбаевтың Отаны үшін, халқының әл-ауқаты үшін толғана келіп жариялап отырған кезекті Жолдауы экономика заңдылықтарын және халықаралық саясатты жақсы білгендіктен дүниеге келген деп топшылайды. «Өйткені қалай болғанда да экономикалық өсім халықтың әл-ауқатын көтеруге тиіс. Президент қандай реформаны қолға алса да, ол тек халықтың жағдайын өркендетуге, елімізді көркейтуге арналады».

Академия студенттеріне драматургиядан сабақ беретін белгілі жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев өз сөзінде жаңа кезең тудырып отырған қиындықтарға байланысты Президенттің нақты шешімдер жиынтығын ұсынып отырғанын айтты. Жылдам дамып бара жатқан уақыттың болжауға келмейтін кездейсоқ қиындықтары жаһандық мәселелермен тығыз байланысты болғандықтан, жүйелі жаңғыру үдерісінің жүруі қисынға сай. Драматургтің пікірінше, Президент елдің әл-ауқатын көтеру мен білім сапасына бекер мән беріп отырған жоқ. Білім сапасын арттырып, білімді жастар шоғырын көбейтпей, мемлекетіміздегі өзге салалар жұмысының жандануы да неғайбыл. Қоғамды қызықтырып немесе алаңдатып отырған сауалдарға Президент Жолдауында нақты жауаптар мен шешімдер айтылды. Тек белгіленген міндеттердің жемісті жүзеге асуы үшін азаматтар тарапынан ынта мен жігер жеткілікті болса, болғаны.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ