Өнер • 10 Қазан, 2018

Француздар көне заманның күмбірін естіді

684 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл атындағы филармонияның жанындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің Еуропаға жасаған турнесі зор жетістікпен аяқталды. 

Француздар көне заманның күмбірін естіді

Францияның оңтүстігіндегі Монпельдегі Ұлттық опера театрында және Канн қаласындағы атақты Мирамар залында этнографиялық оркестр екі бірдей концерт қойып, талғамы да, талабы да күшті француздарды ұлттық аспаптардың сазымен тәнті етті. «Франциядағы Қазақстан күзі» атты бағдарлама аясында өткізілген гастрольді Қазақстанның Франциядағы елшілігі ұйымдастырған. Сондай-ақ, Алматы қалалық әкімдігінің өкілдері ауқымды мәдени шараның бұған қоса Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың 10 жылдығына да арналып отырғанын айтты.

Қазақтың музыкалық фольклорының ең ғажап үлгілерін сақтап қана қоймай, оркестрдің саз-әуез мүмкіндігін жаңа ырғақтармен жетілдіріп, байытып отырған «Отырар сазы» оркестрінің шығармашылығымен француз жұртшылығы алғаш рет жақынырақ таныстырылды. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» бағдарламасы оркестрдің ұстанымына тым жақын екені де нағыз еуропалық көрермендер қызықтаған осы кеште анық аңғарылды.

Оркестр қазақ пен француздың ең белгілі әуендерін орындаған кезде бас дирижер Динара Тілендиева залдағы көрерменді қолының сиқырлы қозғалысымен, таяқ ұшына ілінген талантымен баурап, музыка тұңғиығына қарай жетелей түсті. Залға қайта-қайта шақырылған әнші Фархат Кубиев болса жез таңдай үнімен француздарға ұзақ-ұзақ шапалақ ұрғызды. Дала дыбысы мен көне замандардың күмбірін жеткізу үшін құрылған «Отырар сазының» домбырашылары мен қобызшылары, сазсырнайшылары мен жетігеншілері бірде құстың сайрағанын, бірде тұлпар тұяғының дүбірін, бірде қасқырдың ұлығанын, енді бірде желдің ызыңын шекті және үрмелі саз аспаптарының көмейінен түйдек-түйдек төгілткенде, франуцздар тым алыстағы бейтаныс елдің тарихы мен тағдырын танығандай күй кешкенін бір-біріне жарыса айтып жатты.

Әр концерттен кейін көрермендер дирижерге, әншілер мен ұйымдастырушылардың жанына арнайы келіп, өздеріне жаңа аспаптарды ғана емес, жаңа ұлтты жақын тануға мүмкіндік сыйлағандары үшін рахмет айтып, Қазақстанға сапарлап келгісі келетіндерін айтқан.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ