Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Мақсаттар орындалуымен маңызды

438 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы  Достық үйінде   басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым және қоғамдық ұйымдар өкілдері «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының  Жолдауын талқылады.

Мақсаттар орындалуымен маңызды

Облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен жиында алдағы жылы Жолдауды жүзеге асыру үшін атқарылатын мақсат-міндеттер айқындалды. Жолдауда ел дамуының негізгі бағыттары белгіленгенін атап өтті.

- Біздің алдымызда тұрған басты мақсат-Елбасы айқындаған міндеттерді барлық мүмкіндіктеріміз бен ресурстарымызды пайдалана отырып, табысты жүзеге асыру, - деді Б. Бақауов.

Жолдауда халықтың еңбекақысын  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсетіні айтылды. Бұл күндері облысымызда   «Жол картасы 2020-2025» жобасы жүзеге асуда. Жобаның мақсаты-жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты табыспен қамтамасыз ету.

- Бұл әртүрлі меншік иесіндегі барлық салалар мен кәсіпорындарға, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне тікелей қатысты, – деп атап өтті облыс әкімі.

Екіншіден, Жолдауда экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатында нақты шаралар қажеттігі  айтылды.

Мысалы, өңірдегі Энергетика және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыста көпқабатты тұрғын үйлердің саны 2 480. Алдағы жылы  744 үй күрделі жөндеуді күтуде. Басқарма бұған дейін  «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық» саласын жаңғырту және «2020 жылға дейін аймақтардың дамуы» бағдарламалары бойынша  республикалық бюджет есебінен 175 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпыүйлік жылу энергиясын есептеу аспаптары мен автоматтандырылған жылу пункттері орнатылды.Пәтер иелерінің бағдарлы алымдары есебінен 180 үйде жөндеу өткізілді. Қазіргі уақытта 3 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қос бағдарлама шеңберінде өткізілген күрделі жөндеудің арқасында 20 мыңнан аса тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен тұру ыңғайлылығы жақсартылды. Жоспардағы 703,574 миллион теңгеден үйлерінде өткізілген жөндеуден тұрғындар қайтарған қаражат көлемі кезең жоспарының 65, пайызын құрады.

Ал, «Павлодар жылу желілері» ЖШС, «ТҮКШ даму қоры» АҚ және «Авентис Групп» ЖШС арасындағы  қаржылық лизинг шартымен Павлодар, Екібастұз қалаларының көпқабатты тұрғын үйлерінде жалпыүйлік жылу есептеу аспаптарын  орнату бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда.   Есептеу  құралдары бар тұтынушылар үшін жылу энергиясына сараланған төмен тарифтер енгізілуде.

Сондай-ақ, облыс әкімі экономика саласында отандық өндіріс көлемін арттырып, экспорттық үлесімізді ұлғайту міндеті тұрғанын атап өтті.

Мысалы, Технологиялық қайта жарақтандыруға жергілікті өндіріс ошақтары  200,0 млрд. теңге жұмсаған. Өткен жылы облыс экономикасына 484 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Индустрияландырудың екінші бес жылдығы аясында 19 жоба іске асырылып, нәтижесінде 3 мыңдай жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында тағы 8 жаңа жоба жүзеге асырылмақ.

- Аймағымыздың агроөнеркәсіптік кешенінің мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, еңбек өнімділіг

ін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көрсеткіштерін арттыру қажет. Бұл ретте, облысымызға заманауи агротехнологияларды тартуға тырысуымыз керек. Ең бастысы, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн,-дейді  Б. Бақауов.

Өңірде суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл бұл көрсеткіш 59 мың гектарға жеткізілмек.  Ертіс өзені мен Сәтбаев су арнасы бойында 120 мың гектардан астам алқапта суармалы егістік шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Облысымыз үшін жаңа бағыт-оңтүстіктегідей Қант қызылшасы өсіріп, өндіру жолы басталмақшы. Қазіргі уақытта қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын салу мәселесін талқылануда.  Өңірдегі  агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдаланып, 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен жұмыс өнімділігін 2,5 есе арттыруды жобасы бар.

Әрине,  негізгі басымдық-өндірісті өңірдің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары болуы үшін Шағын және орта бизнесті дамыту-өзекті мәселе. Бүгінгі таңда аймақтағы шағын және орта бизнестің үлесі 17 процентті құрап отыр.  

- Әл-ауқатымыздың тағы бір сипаты–өмір сүру деңгейінің артуы. Елбасы білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелеріне ерекше тоқталды. Осы орайда, бюджеттік шығындарды қайта қарау міндеті тұр. Әлеуметтік салаға басымдық берілуі тиіс. Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық қаржы көздерінен жұмсалатын қаражат ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізілмек, - деді аймақ басшысы.

Бүгінде өңірдегі денсаулық сақтау орындары толық ақпараттық жүйемен қамтылған. Анықтамалар электронды форматқа көшірілді. Осы орайда, Damumed мобильді қосымшасы да іске қосылды.

Облыс  орталығындағы «Жедел жәрдем стансасының» барлық санитарлық көліктері GPS навигаторларымен жабдықталған. Қала ішінде жедел жәрдем қызметінің келу уақыты 12 минуттан 9 минутқа қысқарды. Бір жылдың ішінде медицина саласындағы үнемделген қаражат мөлшері 300 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржы құрал-жабдықтар мен компьютерлерді сатып алуға жұмсалмақ.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Б.Бақауов осы мақсатта облысымызда тиісті «Жол картасы» әзірленіп жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, орта білім беру жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Жолдауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екені айтылды. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ.

Облыс әкімі тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.

- Біз аталған бағдарламаға қатысуға ниетті бюджеттік сала мамандары үшін алғашқы жарналарын ішінара субсидиялауды қолға алмақпыз, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі Болат Бақауов  жергілікті инфрақұрылымды дамыту, полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, беделін арттыру мәселелеріне, мемлекеттік қызмет саласында жоспарланған жаңашылдықтарға, жемқорлыққа қарсы күрес шараларына, бюрократиялық кедергілерді жою мәселелеріне тоқталды. Тұрғындардар тарапынан сынға ұшырайтын өңірдегі Жер қатынастары саласы мен жылжымайтын мүлікке қатысты мәселелерді ретке келтіруді жүктеді. Енді облыстағы жер қорына, жылжымайтын мүліктерге қатысты ортақ база құрылады.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін әкімнің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй  берілмек. Қолжетімді тұрғын үйлер ғана емес, энергиялық тиімді ғимараттар тұрғызуымыз керек,-деп атап өтті. Және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша барлығы 305 пәтер сатылып жатқанын айтты. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 13 өтініш түсіп, оның 7-уі мақұлданған.

- Өкінішке қарай, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша өтініштер аз. Бұған пәтер сатып алуға қажетті алғашқы жарна көлемінің көптігі себеп болғандай,- деді Ұ.Жазылбек.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова облыс бойынша салықтық борышы бар 12 мың кәсіпкердің 927 миллион теңге көлеміндегі қарызы амнистияланатынын айтты. Шағын және орта бизнес саласында соңғы екі жылда жалпы құны 14 млрд. теңге болатын 280 жоба қаржыландырылған.

Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мейрам Бегентаев Елбасы тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердегі оқыту бағдарламалары қайта қаралатынын жеткізді. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап облысымызда 1 және 8 сынып аралығындағы 74 мың оқушы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту үлгісімен білім алып жатқанын жеткізді. Жыл соңына дейін барлық мектептер кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жаңа арнаға бұрмақ. Кейбір колледждер біріктірілді.

Облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова ұстаздарға коммуналдық төлемдер жасауда жеңілдіктер ұсынылуын, бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу,  жеңілдікпен санаторийлерде дем алу құқығы берілуі қажет деген ұсынысын айтты.

Ал, Тереңкөл ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы саласында жерлерді тиімді пайдалану, суармалы егістік алқаптарының көлемін арттыру міндеті тұр.

Қала әкімі Әнуар Күмпекеев айутынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Павлодар электржелілерін тарату компаниясы» АҚ сияқты кәсіпорындардың кейбір қызметтерінің ақысы төмендетілуде.

Өз сөзінде, облыс  орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев облыстық орта білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу бағытында жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.

Ал, «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның Вице-президенті Ермек Баймұханов өндірісті қолдау бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорында қазір технология, сандық жүйе  қыр-сырын білетін білікті, білімді жастар еңбек етуде. Өйткені,  мұнай зауытында жұмыстар түгел автоманттандырылған.

Актив отырысы соңында өңір басшысы Болат Бақауов жиынға қатысушыларды Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Суретті түсірген: Валерий Бугаев