Әдебиет • 10 Қазан, 2018

Шекара бұзған махаббат

702 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үрімжі қаласында қазақ тілінде шығатын «Шыңжаң газетінің» 2010 жылғы 21 шілде күнгі санында «Таңжарық ақынның биші келіні» атты шағын жазба жарияланды. Мақала авторы танымал драматург Сұлтанәлі Балғабаев. Мақала өзегі – қилы тағдырға толы Сағадат Мәлікқызы мен Нұржігіт Таңжарықұлының махаббаты. Осы оқиғаға қатысты кинодрама жазуға ниеттеніп жүрген қаламгер Сұлтанәлі Базарбайұлына жолығып, қос ғашықтың тағдыр-талайы жайлы әңгімелеп беруін өтіндік. 

Шекара бұзған махаббат

– Сұлтеке, Таңжарық ақын жо­ға­рыдағы Нұржігітті қайдан, қа­лай асы­­рап алғаны жайлы айтып бер­сеңіз?

– Менің қолымдағы деректерге қарағанда, Нұржігіт 1922 жылы Жетісу өлкесінде туған екен. Ашаршылық жылдары әкесі бас сауғалап, бала-шағасын ертіп Қытайға өтпек болады. Бірақ отбасы түгелдей шекарашылар оғынан қаза табады. Кішкентай Нұржігіт көпірдің астына тығылып аман қалыпты. Содан жанын жалдап жат елге барған тұл жетімді Таңжарық асырап алып, Құлжада ұйғыр мектебіне береді. Мұндағы Нияз дейтін ұйғыр мұғалім Таңжарықтың жақын достарының бірі екен. Нұржігіт осында бастауыш мектепті бітірген соң ақынның әйелі Бәтидің қолында болады. 1936 жылы бұл өңірде мұнай өндіру ісі қолға алынып, әуежай салынады. Жергілікті халықтан техника тілін білетін мамандар даярлау шарасы қабылданады. Нұржігіт осы науқанға ілігіп, 1938 жылы электрмен дәнекерлеуші мамандығын игереді. Бірақ сол жылы өкіл әкесі Таңжарықты үкімет қамауға алады.

– Арқасүйер әкесі түрмеге қамал­ғаны қиын болған екен. Әрі қарай...

– Нұржігіт Үрімжіге барып бір дүркін әкесімен жолыққан. Әкесі «балам, орайы келіп жатса Советке барып оқы» деп батасын береді. Екінші қайта жолыға алмаған. Содан 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып, Қытайдағы кеңес мамандары еліне қайтады. Орысшаны едәуір біліп қалған Нұржігіт «мен де фашистермен соғысам» деп солардан қалмай бірге кетеді. Қысқасы Нұржігіт 1942 жылы қан майданға аттанып, соғысты Берлинде аяқтайды. Соғыстан кейін Ташкентке барып тұрады. Кешікпей қаладағы педагогикалық институтқа оқуға тү­седі. 1950 жылы институтты бітірген соң «Шығыс шындығы» журналына қызметке орналасады. Сөйтіп жүріп бір күні тағдыр айдап Ташкентте Сағадат Мәлікқызымен танысады.

– Сағадат Мәлікқызы кім?

– Сағадат Мәлікқызы 1936 жы­лы Шыңжаң өлкесінің Алтай ай­ма­ғын­дағы Сарсүмбе қаласында дү­ниеге келіпті. Қазақтың аты аңызға ай­налған жезтаңдай әншісі Күләш Байсейітованың туысы және атақты биші Шара Жиенқұлованың шәкірті. Яғни, Сағадаттың шешесі Әсия мен Күләш ағайынды кісілердің қыздары. Әсия өткен ғасырдың басындағы аласапыран кезінде Қытайға өтіп кеткен. Сонда бойжетіп, Мәлік дейтін жігітке тұрмысқа шыққан. Осы кісіден Сағадат туып отыр. 
Сағадат 13 жасында Шыңжаң өлке­лік кадрлар мектебінің өнер сыныбына оқуға түсіп, 1953 жылы Үрімжідегі өлкелік ойын-сауық мекемесіне кәсіби биші ретінде қызметке қабылданған. Түр­кия, Корея, Болгария, Жапония, Пәкістан, Албания сияқты елдердің сахналарында өнер көрсеткен. Ол орын­даған «Серуен», «Жар-жар», «Кі­лем тоқу», «Айжан», «Ли-ли», «Қашқар ха­нымы» сияқты билер көрермен қа­уым­ның көңілінен ұмытылмастай орын алады. Өзі де жаңадан 20-дан ас­там би шығарған. Сонымен қатар драма әртісі ретінде бірнеше фильм­ге түскен. 

– Сөзіңізді бөлейін, қазақстандық дарынды биші Шара апамыз Қытай­дағы Сағадатқа қалайша ұстаз болады?

– Мұның өзіндік себебі бар. Өт­кен ғасырдың 40-жылдарының ортасынан 60-жылдардың басына дейін Кеңес Одағы мен Қытай Халық Респуб­ликасы­ның қарым-қатынасы барынша жақсарып, тығыз байланыста бол­ғаны тарихтан мәлім. Осы тұста Алматыдан Күләш Бай­сейітова, Шара Жиенқұлова бастаған бір топ өнер қайраткерлері гастрольдік сапармен арнайы Шыңжаңға барған. Кішкентай Сағадат нағашы апасы Күләш әншімен алғаш рет солай танысқан. Күләш апамыз балғын Сағадаттың бойындағы би­шілік қабі­летті бірден байқап, құр­­бысы Шарадан оған би үйретуді өтінеді. 
Осылай Шарадан дәріс алған Саға­дат Мәлікқызы аз уақытта бүкіл Шың­­­жаңға танымал бишіге айналды. 1955 жы­лы Варшава қаласында дүние­ жүзі жастарының фес­ти­валінде өнер көр­сетеді. Және бір қызығы, осы сапарында Сағадат Мәс­кеуге соғып, Кеңес Одағының үкімет басшысы Мален­ковтің қабылдауында болады.

– Түсінікті. Енді мынаны ай­ты­ңыз­­шы, Ташкенттегі Нұржігіт пен­ Қы­тай­дағы Сағадат қалай та­ны­­­сып жүр?

– Содан көп ұзамай өткен ғасыр­дың 50-жылдары Шыңжаңның бір топ өнерпазы гастрольдік сапармен Қазақстан және Орта Азия респуб­лика-ларын аралауға шығады. Делегацияны Алматы темір жол беке­тінде Күләш Бай­сейітова, Шара Жиен­құлова баста­ған өнер қайраткер­лері салтанат­пен қарсы алды. Осы топтың ішінде қо­лында бір құшақ гүлі бар Нұр­жігіт те жүреді. Екеуі әуелі осылай танысқан. 
Нұржігіт болса шыңжаңдық өнер деле­гациясымен бірге Қазақстан, Қыр­­ғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түр­­ікменстан республикаларын аралайды. Екінші бір себеп – Шыңжаң деле­гациясын бастап келген Бұқара Тыш­қанбаев Таңжарық ақынның үл­кен қызы Сараның күйеуі, яғни Нұр­жігіттің жездесі. Сондықтан алыстан келген жездесін күтіп алып, бірге жүру – Нұр­жігіт үшін де лайықты іс. Оның үс­тіне Нұржігіттің қазақ, ұйғыр, орыс тіл­дерін жетік білуі тілмаштық қызмет атқаруына қолайлы. 

– Содан... 

– Содан шыңжаңдық қонақтар Орта Азияны түгел аралап елдеріне қайт­қанда Нұржігіт амандық тілеп ше­караның бер жағында қала береді. Бірақ Сағадатқа деген ғашықтық сезім оны шекара бұзып арғы бетке өтуге итермелейді. Сөйтіп 1957 жылы Нұр­жігіт қайтадан Шыңжаңға қашып өтіп, Құлжа педагогикалық институ­тына мұғалім болып орналасады. Са­ға­дат екеуі 1959 жылы үйленіп, 10 жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешеді. Бақтияр, Нұр­лан атты ұлда­ры, Сайра атты қы­зы дүниеге келеді. 
Сүттей ұйып отырған бұларға 60-­жыл­дардың аяғында қара бұлт үйі­рі­леді. «Мәдениет төңкерісі» бас­тал­ған алғашқы күні Нұржігітке «Ке­ңес Одағының жансызы» деген айып тағылып, 1969 жылы дарыны кеме­ліне жетіп, толысып тұрған дер шағында мерт болады.

– Сағадат апамыз қазір қайда?

– Сүйіп қосылған жарынан айырылып, шиеттей үш баламен жесір қалған Сағадат қанша қиындық көрсе де қайыспай күресіп, басына түскен ауыртпалықты жеңе біледі. Ұрпағын ешкімнен кем қылмай, тәрбиелеп өсі­реді. Бүгінде апамыз зейнеткер, ең­бек демалысында. Ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қондырып, әлденеше немере сүйіп отырған бақытты ана.

Әңгімелескен 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»