Таным • 10 Қазан, 2018

Жапондар 4 санынан неге қорқады?

2543 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әр халықтың белгілі бір сан­­дарға қатысты ырымдары мен ты­йымдары, өзіндік на­­ным-сенімдері бар. Әлем халық­та­рында негізінен жұп­ сандардан гөрі тақ сандар баға­ланатыны белгілі. Тақ сан – көптеген ұлт­тарда сәттілік символы. Бірақ 13 дегенде еуропалықтардың зә­ресі ұшады. Ал жапон, корей, қытай ұлттарының өкілдері төртті, тіпті, «өлімге» теңеп жатады. Өйткені Шығыс Азия елдерінің тілінде 4 «о дүниеге аттануды» бейнелейді. Мәселен, жапон тілінде төрт «ши» деп дыбыс­талады. «Өлімді» біл­діретін иероглиф те «ши» деп оқы­лады. Корей тілінде де осындай сәйкестік салдарынан төртті жаманат белгісі деп есептейді. 

Жапондар 4 санынан неге қорқады?

Жапонияда перзентханалар мен ауруханаларда «төртінші» нө­мір болмайды. Ал төртінші қабатты «шикай» емес, «йонкай» дейді. «Йон» – 4 санының екін­ші оқылуы. 

Шығыс Азия халықтары 4 санын қоғамдық өмірде қолдан­бауға тырысады. Мәселен, аталмыш мем­­­лекеттерде перзентхана, ауру­­­ханалар ғана емес, лифт нө­мір­­лерінен де 4 цифрын кез­дес­тірмейсіз. Тұрғын үйлерде 4-ші нөмірлі пәтер жоқ. Көшедегі кө­ліктердің нөмірінен де бұл цифр байқалмайды. Сондай-ақ Шығыс Азия халықтары нө­мірінде 4 саны бар ұшаққа міну­ден қорқады. 

Төртті қасірет символы­ деп­ білу сонау ежелгі Хэ­йан­­­ дәуіріне де тән. Хэйан дәуіріндегі мемле­кет қайраткері Фудзиварано Сан­эсу­кэнің 982 жылғы «Оуки» деген кітабында (тарихи күнделік) «Төрт адамды жаман ырымға ба­лап, бес адам деп бекіттім» деп жа­зыл­ған. 
Жапония атадан жеткен ырым-тыйымдарды күні бү­гін­ге дейін қатаң сақтап отыр. Қа­­зір­гі кезеңдегі 4 санымен бай­­­­­­­ланысты нақты мысалдар кел­­тірсек, Шидзуока қаласы, Суруга ауданындағы автотұрақта 4 нөмірі жоқ. Ал ауруханалар мен тұрғын үй пәтерлерінің реттік санында 4 мүлдем қолданылмайды. Мысалы, №203 пәтерден кейін №205 пәтер тұр.

Темір жол желісінде де 4 са­ны қолданылмайды. Мысалы, Такамацу Котохира электрлік те­мір жолында санақ 40-қа жет­пей, 39-бен бітеді. Азық-түлік­ке қатысты да 4 санын пайдалану жаман ырым саналады. Жапонның спорттық коман­даларында 42 тәрізді рет­тік­­ нөмір қолданылмайды. Жапон тілінде 24 (ниши) – екі рет өлу, 33 (сандзан) бақытсыз, қасіретті деген иероглифтердің оқылуымен сәйкес болғандықтан сәтсіз цифр­лар саналады.
Жапонияда 9 саны да азапталу иероглифімен мәндес. Бұл мемлекеттің ауруханаларында 9-нөмірлі палата жоқ. Тоғыздың азапталуды білдіретін «курушиму» деген сөзге негіз болатын «ку» иероглифімен дыбысталуы бірдей болғандықтан ауру­ханаларда тоғызыншы қабат, тоғызыншы палата деген атымен жоқ. Бұл тілдік ерекшелік тек жапон тіліне ғана тән болса керек. Бұл тек ауруханаларға ғана емес, тұрғын үйлерге де қатысты. Жапондар 3, 5, 7, 8 сандарын кие­лі деп біледі.

Қытайда да 4 санын кейбір салаларда қолданбайды. Мысалы, Қытайдың әскери әуе кемелерінде бұл цифр жоқ. Қытайда бесті бейнелейтін иероглиф пен «жоқ» деген ұғымды білдіретін сөз «wǔ»­ деп оқылады. Бір қызығы, бұл елде иероглифтік тұрғыдан оқы­луы «өлім жоқ» деген мәнді білдіретін 54 саны жақсы ырымға баланатын көрінеді. Қытайда 14 саны (shísǐ) «он рет өлу» және «шынымен өлу» деген мәндегі иероглифтің оқылуымен сәйкес болғандықтан, жақсы санға жатпайды.

Шанхайдағы ғимараттарда 4, 13, 14 нөмірлі лифт түймелері жоқ. Қытайда үйдің нөмірі 4 санына сәйкес келсе, 3b немесе 3+1 деп таңбаланады. Қонақүйлерде де 4 нөмірлі бөлме немесе қабат көрінбейді. Бұл елде де автокөлік нөмірлеріне 4 саны қосылмаған. Төртпен байланысты 14, 24, 54, т.б. сандар да сәтсіздікке әкелетін нөмір деп танылған. 

Вьетнамдар төрттен гөрі үш санынан қорқады. Өйткені қаты­гездікті бейнелейтін иероглиф пен үш санын бейнелейтін таңбаның оқылуы бірдей екен: (tam). Вьетнам халқында үш саны жамандыққа баланады. Вьет­намдар төртті де жақсылық нышаны деп есептемейді. Бұл елдегі ғимараттарда «екінші қабаттың» үстіне бірден «бесінші қабат» орналасқан. 

Жапон, корей, қытай отбасыларында адам науқастанып қал­са, төрт (ши, шы, са) деген сөз­ді дыбыстамайды. Жапон тілінде жаман ырым шақыратын сан­дарды имикадзу дейді. Кей­бір жерлеу рәсімін өткізетін ком­паниялардың телефон нөмірі 4444 болып жазылады.

Шығыс Азия мемлекеттерінде 4 саны бар немесе 4 саны көбірек қамтылған телефон нөмірлері арзан бағамен сатылады. Ал «Nokia» компаниясы Шығыс Азия мемлекеттеріне шығаратын ұя­лы телефон модельдеріне 4-пен байланысты атау қоймаған. Себебі бұл аймақтағы халықтар ежел­ден наным-сенімдерін бұз­бай, берік ұстанып келеді.

Шетелдік ұялы телефон ком­па­ния­ларының Шығыс Азия елдеріне 4 нөмірлі өнімдерді шы­­ғар­мауы мынандай оқиғамен бай­ланысты болса керек. Осыдан біраз жыл бұрын фин компания­сы Nokia 3310 модельді өнімдерді сатылымға шығарғаны белгілі. Ұя­лы телефонның осы түрі жыл­дам сатылып кеткен соң ком­пания бұрынғыдан гөрі жетіл­ген Nokia 3410 моделін нарық­қа шығарады. Алайда Азия ел­дерінде аталмыш марка өтпей қалады. Әлем бойынша миллион санды ұялы телефонның тек 148-і ғана сатылады. Сатылымдағы бұл сәтсіздіктің себебін ком­па­­ния­ның басты кеңсе­сінің таза­лықшысы непалдық азамат түсін­діріп берген екен. Ол жалпы Азия халықтарының танымында төрттің сәтсіз сан екенін, сон­дықтан аталмыш аймақ тұр­ғындары осы цифр жазылған тауар­ды алудан қашатынын жет­кізеді. Содан бері шетелдік ұялы байланыс компаниялары Шығыс Азия елдері үшін 4 санын телефон маркаларына қолданбайды. 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА