Аймақтар • 10 Қазан, 2018

Қарағанды облысы активінің жиналысы өтті

532 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді талқылау бойынша Қарағанды облысы активінің жиналысы өтті.

Қарағанды облысы активінің жиналысы өтті

Жолдау қарағандылықтарға қандай мүмкіндіктер береді? Оны жүзеге асырудың қандай тетіктері бар? Жиынды ашқан облыс әкімі Ерлан Қошанов актив жиналысына қатысушыларды, мәслихат депутаттарын, қоғам қайраткерлерін осы мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, пікір айтып, маңызды құжатты жан-жақты талқылауға  шақырды.

«Биылғы Жолдаудың басты ерекшелегі – барша қазақстандықтармен бірге, Қарағанды облысының бір миллион төрт жүз мың тұрғыны Жолдаудың әр жолынан өзін көре алады, өзін таба алады», деп бастады баяндамасын облыс әкімі.

Өңір басшысы Елбасы өзінің Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыстардың негізгі алты бағытын анықтағанын, бүгінннен бастап оны орындауға жұмыла кірісу керектігін сөз етті.

«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы 1,5 есеге көбейеді. Мұның облыстың 32 мың тұрғынына, бюджет саласындағы 25 мың адамға қатысы бар. Бұл мақсаттарға 2 млрд теңге бөлінеді», деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы бизнестің жол картасы бағдарламасы бойынша Қарағанды облысының орасан зор тиімділікті сезініп отырғанын айтты. «Бірнеше цифр келтірейін: 8 жыл ішінде бағдарламаны қаржыландыруға 17 млрд теңге бағытталды, 1,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсетілді, бюджетке 24 млрд теңге салық төлемдері аударылды, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 168 млрд теңге инвестиция салынды», деп атап өтті Е.Қошанов.

Облыс әкімі Жолдауда туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, оның экономиканың жылдам дамушы секторларының бірі ретінде аталғанына баса мән берді.

«Президент бірінші кезекте еліміздің топ-10 туристік нысан қатарына  кіретін Балқаш маңы аймағында туризмді дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Біздің мақсат – 2023 жылға дейін Балқаштағы туристер ағынын 2 есеге көбейту», деді облыс әкімі.

Өңір басшысы білім беру саласындағы негізгі бағыттардың анықталғанын, енді тек оларды сапалы орындауға кірісу керектігін айтты.

«Бүгінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды оқумен қамту 98,9%-ке жетті. Жылдың соңына дейін Мемлекет басшысының бұл жастағы балаларды 100% қамту жөніндегі тапсырмасын мерзімінен бұрын орындаймыз деген жоспарымыз бар. Биылғы оқу жылында оқушылардың 70 проценті жаңарған мазмұн бойынша білім алып жатыр. Жаңа бағдарлама бойынша біліктілікті жетілдіру курсынан жылдың басынан бері 5 мың мұғалім өтті. Тағы не істеу керек? Жаңа бағдарламалар енгізу керек, білікті мамандарды тартып, оларға Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде жағдай жасау қажет», деді Е.Қошанов.

Облыс әкімі Елбасының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласын заманға сай дамыту ісінің қолға ықтиятты түрде қолға алынғанын атап өтті.

«Облыс орталығында биылдың өзінде 2 отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істей бастады. Жоспарда тағы бірнешеуі бар. Мұнымен біз «қадамдық қолжетімділікті» қамтамасыз етеміз. Мұндай тәжірибені облыстың барлық өңірінде қолдану қажет», деді аймақ басшысы.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылатынын мәлімдегенін айта келіп, Елбасының «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының орындалуына айрықша мән беріп отырғанына тоқталды. Жылдың соңына дейін тұрғындарды несиелендіру үшін 324 пәтер, ал 2019 жылы 1 мыңнан астам пәтер бөлінетіндігін айтты. Сондай-ақ, бүгінде алғашқы жарнаны субсидиялау мәселесінің шешіліп жатқанын да мәлім етті.

Сонымен қатар облыс әкімі өңірде мемлекеттік қызметтердің 74% электронды түрде көрсетілетінін, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 90 процент электрондық пішімде болатынын жеткізді.

Өңір басшысы экспорттық әлеуетті күшейту керектігіне де баса мән беріп, бұл саладағы мәселелерге кеңінен тоқталды. Аграрлық сектордағы «нақты егіншілік» – жоғары технологиялық кешенді жүйе жобаларын жүзеге асыру ісінің жалғасатынын мәлімдеді. «Озық технологияларды енгізетін шаруашылықтар басқалар үшін үйретуші алаң болуы керек. Мемлекет жаңа технологияға ауысқандарды инвестициялық субсидиялау арқылы ынталандырады. Осының арқасында, биыл 5,1 млрд теңгеге 482 бірлік түрлі техника сатып алынды», деді облыс әкімі.

Аймақта кәсіпкерлікті қолдау әрі қарай жалғасын табатын болады. Облыс әкімі электронды сауда дамуының жол картасын жандандыруды тапсырды. Жыл басынан бері аймақта бизнестегі қолма-қол ақшасыз төлем көлемі үш есеге артып, 20 млрд теңгені құраған. Ал мүмкіндік бұдан да жоғары.

Салық рақымшылығына қатысты өңір басшысы қазірден бастап борышкерлерді анықтап, олармен жұмыс істеуді тапсырды.

Ерлан Қошанов өңірде бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға баса көңіл бөлу керектігін атап өтті. «Бүгінде облыста 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға сұраныс бар. Биыл 3 кешен, келер жылы тағы үшеуін саламыз. Жыл сайын бюджет есебінен қалалар мен аудандарда 15 спорттық алаң мен 20 хоккей кортын орнатамыз», деді облыс әкімі.

Жиын барысында Ерлан Қошанов Жолдауда айтылған негізгі алты міндет бойынша тиісті салалардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын тікелей өзінің бақылауына алатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, актив жиналысында сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков Жолдаудың адамға, оның әл-ауқатының жақсаруына деген қамқор ниетке толы әлеуметтік бағытын атап өтті.

«Елбасы Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде жыл сайын қосымша кем дегенде 100 миллиард теңге қаражат бөле отырып, 5 жыл ішінде ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты Ішкі жалпы өнімнің 10%-іне дейін жеткізу керектігін тапсырып, бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады.

Жолдауда ел экономикасын көтеру мақсатында жасалған осындай маңызды қадамдардың бірі – индустрияландыру мәселесі. Президент индустрияландыру экспортқа бағытталған экономикалық саясаттың басты тетігі болуы керектігін айтты. Осы мақсатқа жету үшін экономиканың әр секторына білімді, елдің қамын ойлайтын, нағыз отансүйгіш жастарды тарту аса қажет екенін де айтты», деді Б.Алтынбеков.

«Шахтерское» ЖШС-нің директоры Георгий Прокоп агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған шешімдердің дер кезінде қабылданғанына, елімізде заманауи агротехникалардың кеңінен пайдаланыла бастағанына тоқталды.

«Шындығында, болашағы зор агроөнеркәсіп кешені өзінің әлеуетін толық жүзеге асыра қойған жоқ. Ауыл кәсіпкерлерін шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларына жүйелі түрде жаппай оқытатын қажеттілік туды. Осы мақсаттарға жақын арадағы 3 жыл ішінде жыл сайын қосымша 100 миллиард теңге бөлінетіндігі қуантады», деді Г.Прокоп.

№1 «Білім инновациясы» облыстық лицей-интернатындағы химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов мектепке дейінгі білім беру ісінің сапасын арттыру, орта білімді дамытудың заманауи қадамдары, «Педагог мәртебесі туралы» заңның рөлі, жоғары оқу орындарында маман даярлау сапасын көтеруге байланысты шешімдердің дұрыстығы туралы  ой қозғады.

«Бүгінгі таңда жаңартылған білім беру мазмұнының локомотиві Назарбаев зияткерлік мектептері болып табылады. Олардың тәжірибесі біздің облыс мектептерінің барлығында қолданылуда. Жаңартылған білім мазмұны оқушыларға қазіргі әлемде қажетті дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді. Балаларымызды қазірден бастап оқытып дамытсақ, болашақта олар бәсекеге қабілетті болатыны сөзсіз», деді А.Саматов.

Ал Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды, Мемлекет басшысының жастарға көрсетіп отырған қамқорлығы, келер жылдың «Жастар жылы» болып жариялануының маңыздылығы туралы әңгіме қозғады.

«Біз өмір сүріп жатқан уақыт – бейқамдық пен шабандықты кешірмейтін кезең. Бүгін жасалуы тиіс дүниені ертеңгі күнге ығыстырған адам көштің соңында қалары анық. Осыны ескерген Елбасы жастарды белсенді болуға, барлық іске  жауапкершілікпен қарауға, батыл әрекеттер жасауға үндеп отыр. Келер жылдың «Жастар жылы» ретінде жариялануы жас буынның рухын көтереді, жігерін жаниды. Бәсекеге қабілетті ел болудың дау тудырмас негізі – алдымен, сол елдің жастарын соған лайықты тұрғыда тәрбиелеу. Ендеше, жастардың жалындап жанатын, білек сыбанатын, биік белестерді бағындыруға ұмтылатын шағы туды», деді А.Құрмансейітов.

Сонымен қатар, актив жиналысында «Қазметиз» ЖШС директоры Дмитрий Малахов, Қарағанды қалалық №3 емхана директорының орынбасары Виктор Музафаров сөз сөйледі.

«Облыста жұмысты бүгіннен бастауға әзір ақпараттық-насихат топтары құрылған. Біздің бәріміз, бүгінгі актив жиналысының қатысушылары, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері бұл іске бір кісідей жұмылуымыз қажет. Жолдауда айтылған әлеуметтік міндеттерді облыстың әрбір тұрғынына жеткізудің маңызы зор», деп қорытты актив жиналысын облыс әкімі Ерлан Қошанов.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Суреттерді түсірген Дмитрий КУЗМИЧЕВ