Кино • 10 Қазан, 2018

«Мұзбалақ» мультфильмі кинотеатрлардан көрсетіледі

2280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық анимация қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. Қазақ саятшылық өнері туралы толықметрлі анимациялық фильм 18 қазаннан бастап отандық прокатқа шықпақ. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталған фильмнің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.

«Мұзбалақ» мультфильмі кинотеатрлардан көрсетіледі

Фильмге бүркітті құс патшасы деп дәріптеген көшпенді халықтың қыран құсқа деген сүйіспеншілігі арқау болған. Оқиға желісі бойынша ерте заманда абжылан оянып, қазақ ауылына үлкен апат әкеледі. Қарсы келгенді жалмап, жайпап келе жатқан жыланмен қыран бүркіт айқасып, ініне қуып тығады.

– Сахарадағы қазақ алғаш болып қыран құсты қолға үйретіп, қастерлеп, кие тұтқан. Қазақтар бес жасар бүркітті Мұзбалақ деп атайды. Фильм мағынасы қыран текті, қыран мінезді ұлтпыз деген мағынаға саяды. Бас кейіпкер Ақтай мен бүркіт арасындағы ажырамас достық туралы баяндалады, – дейді қос режиссердің бірі Тілек Төлеуғазы.

 

«Мұзбалақ» фильмі Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының ұлттық салт-дәстүр тақырыбындағы екінші жұмысы. Бұған дейін қос режиссер құсбегілік тақырыбындағы «Тастүлек» атты тамаша мультфильмді ел назарына ұсынып, зор қошаметпен қабылдаған болатын. 

– «Тастүлек» фильмі шыққан соң «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Ғафуұлы толықметрлі фильм түсірсеңдер деп ұсыныс айтты. Жаңадан оқиға ойластырып, құсбегілік тақырыбына сценарий құрдық. «Тастүлек» авторлық фильм болса, «Мұзбалақ» коммерциялық жоба, – дейді Тілек Төлеуғазы.

Екі жылдан астам уақыт түсірілген бұл фильмге 40-қа жуық кинематографияның анимация жанрында еңбек етіп жүрген отандық маман жұмылған. Ұзақтығы 67 минут болатын мультфильмнің 70 пайызы 2D, 30 пайызы 3D форматында жасалып, бас-аяғы 96 500 сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан. Фильм қазақ тілінде түсіріліп, орыс тіліне дубляждалған. 18 қазаннан бастап Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларында екі тілде көрсетілетін болады.

– Еліміздегі анимация саласы соңғы 5-6 жылда қарқынды дамып келеді. Дегенмен мемлекет тарапынан жүйелі жоспарлар құрылып, жобалар жыл сайын үзіліссіз жүргізіліп отырса дейміз. Әлемдік деңгейдегі студияларымен тең дәрежеде жұмыс істеуге қауқарымыз бар. Қазақтың ұлттық аңыз-ертегілері мен батырлық жыр-дастандарын заманға сай етіп жеткізгіміз келеді, – деген режиссер қолдау болса, фильм түсірем деп құлшынып отырған талантты мамандардың көп екенін айтады.

Олардың ендігі мақсаты «Алтын адам» анимациялық фильмін жарыққа шығару. Белгілі фольклорист-ғалым Виктор Гусев «Генетикалық тұрғыдан алғанда әдебиет қана емес, өнердің өзге де түрлері фольклордан бастау алады. Демек фольклор – өнердің бастау көзі» дейтін. Ендеше ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, тәрбиенің түп қазығы деп білетін жігіттердің мазмұнды мультфильм түсіре беруіне тілекшіміз!

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше