Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Елбасы қойған міндеттерді орындауға әлеуетіміз жетеді - Жеңіс Қасымбек

442 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй мәселесіне тоқталды. Онда Елбасы тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының табысты іске асып келе жатқанын және тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғанын атап өтті. Сондай-ақ Президент әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер мен өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыратынын алға тартты. Жолдауда жүктелген міндеттер туралы және тұрғын үй құрылысы саласындағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕКПЕН сұхбаттасқан едік.

Елбасы қойған міндеттерді орындауға әлеуетіміз жетеді - Жеңіс Қасымбек

– Жеңіс Махмұтұлы, Мемле­кет басшысы 5 қазандағы Жол­дауында «Нұрлы жер» бағдар­ламасының табысты іске асып жатқанын айрықша атап өтті. Алдымен бағдарламаның нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз. Қандай жетістіктер бар?

– Мемлекет басшысы күні кеше ғана халыққа Жолдауында  «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағ­дарламасы мен «7-20-25» бағдар­ламасын одан әрі өзек­тен­діріп, жалғастыру жөнінде тапсырмалар берді. Әрине оған негіз бар. Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, әсіресе қалалық жерлер­де азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету – үлкен мә­селелердің бірі. Жылдан-жыл­ға халық саны да өсіп келеді. Оның үстіне қалаларға көшіп ке­лу­­ші­л­ер де көп. Сол себепті бас­­па­на­ға деген қажеттілік те арта түсуде. Сондықтан қазақ­стан­­дық­­тар­ды қолжетімді тұр­ғын үймен қам­тамасыз етуге айрық­­ша назар аударылып, осы мәселе­лер­ді шешу жүйелі түрде қолға алынды.

Елбасының бастамасымен түр­лі деңгейдегі табысы бар бар­лық қазақстандықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету үшін «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы жүзеге асы­ры­луда және жаңадан «7-20-25» ипотекалық бағдарла­масы іске қосылды. Осы бағдар­ламаларды сәтті жүзеге асыру арқылы баспанаға мұқтаж от­басылардың мәселесін шешуге болады. Биылғы 8 айдың өзінде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былайша айтқанда, республика бойынша барлығы 67 мыңнан астам баспана тапсырылған, оның ішінде 27 мыңға жуық жеке үй бар. Былтыр біз 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй салып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген едік. Биыл сол рекордты жаңартатын сияқтымыз. Яғни, жыл соңына дейін 12 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделіп отыр. 

– Мемлекет басшысы 5 қа­зан­­дағы Жолдауында халық­тың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ­­тары үшін ірі қала­ларда жал­­дамалы тұрғын үй құрылы­сын­ ұлғайту қажет деді. Осы ба­­ғыт­­­­­тағы жұмыстың аяқ алысы қалай?

– Иә, Елбасы қоғамымызда­ғы баспана сатып алуға мүм­кін­діктері жоқ азаматтарды қол­дауды, олардың жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілуін тапсырып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасының бірінші бағы­ты осы мәселеге арналған. Яғни, сатып алу құқығынсыз жалға бе­рілетін тұрғын үй құры­лысы. Бұл бағыт бойынша әкім­діктерде кезекте тұрған әлеумет­тік жа­ғынан әлсіз, пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдар баспана­мен қамтамасыз етіледі. Оларға арналып жыл сайын шамамен 3 мың пәтер салынады, бұл – тұрғын үй мәселесін шешуге үлкен қолдау. Аталған баспаналар тегін, сатып алу құқығынсыз беріледі. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағытты одан әрі жетілдіру керектігін айтты. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы­ның іске асырылып келе жат­қа­ны­на 2 жыл болды. Осы ара­лық­­та 3,5 мыңнан астам пәтер са­лынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6182-ге жеткізу жос­парланған. Мұндай әлеумет­тік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау төлемақысы шамамен 100 теңгені құрайды. Мыса­лы, аумағы 50 шаршы метрді құ­рай­тын 2 бөлмелі пәтерді жалдау төлемі айына 5 мың теңге ғана. Осы шаралар арқылы 250 мың­нан астам отбасының тұрғын үй жағ­дайын жақсартамыз. Елбасының осы тұрғыда алдымызға қойған міндеттерін орындауға әлеуетіміз жетеді, толық мүмкіндігіміз бар.

– «Нұрлы жер» бағдарлама­сының бұдан басқа іске асырылып жатқан тағы үш бағы­ты бар екенін білеміз. Сол бағыт­тар­дың қазіргі іске асырылу барысы мен нәтижелері жөнін­де не айтасыз? 

– Бұл мәселелерге рет-реті­мен тоқталайын. Екінші бағыт – несиелік тұрғын үй құры­лысы. Бұл бағыт бойынша салына­тын үйлердің 1 шаршы метрі­нің бағасы 140-180 мың теңге­ден аспайды. Мұндай үйлер әкім­­дікте кезекте тұрған азама­т­­тар (тұрақты табыс­тары бар мұ­ға­лім­дер, дәрігерлер, мемле­кет­тік қыз­­мет­керлер) мен Тұрғын үй құры­лыс жинақ жүйе­сі са­лым­шы­ла­рына арналған. Бас­тапқы жарна­ның және несие мөл­шер­ле­месінің төмендігіне байла­­нысты бұл механизм үлкен сұра­нысқа ие болып отыр. Бүгінгі күні «Тұр­­ғын үй құрылыс жинақ банкі­нің» несиесі арқылы осы несие­лік үйлерге жинақтаудың қажет сомасы 20%-ке дейін төмен­деді. Бұл үлкен жеңілдік екеніне ешкімнің дауы жоқ қой деп ой­лаймын. Бағдарлама іске асы­рыла бастаған 2 жылға жуық уақыт ішінде 18,5 мың пәтер пайда­лануға берілді. 

Ал үшінші бағыт – жеке тұр­ғын үй құрылысын дамыту. Мем­­лекет басшысы 5 қазандағы Жол­дауында: «Бюджет есебінен са­лы­натын жаппай құрылыс алаң­дарына арналған инженерлік инфра­құрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасына немесе 2 миллионнан астам азаматқа қолдау көрсетеді», деп атап өтті. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар белгіленген жоспарға сай атқарылып келе жатқанын айтқым келеді. Мыса­лы, өткен жылы біз жеке үй салуға арналған 70 мың жер телі­­мін инженерлік желімен қамта­масыз еттік. Биылдан бас­тап жыл сайын 40 мың телімге инфрақұрылым желілерін тартуды жоспарлап отырмыз. Қажетті инфрақұ­ры­лымы дайын болған кезде 10 сотық жер кезекте тұрған азамат­тарға берілетін болады. Бұл – бағдарламаның негізгі талапта­ры­­ның бірі. Бүгінгі таңда 40 мың­нан астам жер телімін инфра­құ­­ры­лыммен қамтамасыз ету жұмыс­тары жүргізілуде.

Тағы бір айта кететін жайт, 14 облыс орталығында 1 шаршы метрінің құны 120 мың теңгені құрайтын бірыңғай сәулеттік стильде қанатқақты жобаларды іске асыру жалғасуда. Бұл жерде құрылысқа тек отандық құрылыс материалдары пайдаланылатынын атап өту керек. Барлығы 2 мыңнан астам қанатқақты үй пайдалануға берілді. 

Төртінші бағыт жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру мәселесіне арнал­ған. Яғни, құрылыс салушыларға 7%-ке дейін субсидия төлеу арқы­лы несиелік шығындар өтеледі. Бұл жерде құрылыс салушыға маңыздысы – банктің қолдауына ие болу. Одан кейін әкімдік субсидия алуына мүмкіндік береді. Салынған үйдің 50%-і «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына белгіленген бағамен ұсынылатын болады. Биыл 1 қыркүйекте құрылыс компанияларынан 70,4 млрд теңгенің 72 жобасы тапсырылды. Оның ішінде 45 жоба бойынша субсидиялау келісімі жасалды (42,8 млрд теңге). Бұл бағыт бойынша 120,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

– «7-20-25» жаңа ипотека­лық бағдарламасын дайын­даған – Ұлттық банк. Бірақ бұл Инвестициялар және даму ми­нистрлігіне қатысы жоқ де­генді білдірмесе керек. Өйт­кені тұрғын үй құрылысына сіздер­дің министрліктеріңіз жетек­ші­лік етеді. Жалпы, «7-20-25» бағ­дарламасының қандай ар­тық­шы­лық­тары бар?

– Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасына баса на­зар аудару керектігін қадап айтты. Елбасы бұл бағдарлама арқылы кез келген азаматқа қолжетімді баспанаға ие болатындай мүмкіндік жасалуын тағы ескертті. Мәселен, «7-20-25» жаңа ипотекалық бағ­дар­ламасы арқылы 7%-пен займ алуға ешқандай кезек жоқ. Займ алушының бағдарламаға қатысуы үшін бірқатар критерийлер қарастырылған: банкке қарыз алуға өтініш берген сәтте иелігінде мүлкінің және өтелмеген ипотекалық қарыз­дарының болмауы, сатып алынатын баспана құнының 20%-ін құрай­тын ақшалай қаражаты болуы ма­ңызды. Қарыз беру кезінде ешқан­дай комиссиялық төлем алынбайды.

Сонымен қатар займ алушы­ға ипотекалық займды өтеуге жеткілікті расталған кірістері бо­луы шарт және қосымша кепіл болатын тұлғаны тартуға мүм­кіндігі бар. Несие 25 жылға дейін­гі мерзімге беріледі. Халық­қа несие берудің шекті сомасы Ас­тана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында – 20 млн теңгеге дейін. Бұл қалаларда не­сие алғандардың орташа мөлшері 12,8 млн теңгені құрады. Сәйкесінше ай сайынғы төлем 90 мың теңгеден келеді. Ал қалған өңірлерде 12 млн теңгеге дейін болып белгіленді. Мұнда азаматтар алған несие мөлшері 9 млн теңге. Олар ай са­йын 63 мың теңге төлейді. 

«Баспана» ипотекалық ұйы­мы­ның дерегі бойынша, бағдар­лама іске қосылғаннан бергі 2 айда халықтан қатысушы-банк­тер­ге ипотека алуға 2562 өтініш түскен. Бүгінгі таңда жалпы со­масы 20,0 млрд теңгеге 1695 ипо­те­­калық қарыз беру қолдау тап­ты. Қалған өтініштер екінші дең­­гейлі банктердің қарауында жатыр.

– «Баспана» ипотекалық ұйы­мы» АҚ «7-20-25» бағдар­ла­ма­сы бойынша алғашқы жарна 20 проценттен 10 про­цент­ке тө­мен­­детілді деп хабар­лаған еді. Оның механизмдері туралы не айтасыз?

– «Баспана» ипотекалық ұйы­мы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында «Жас арман» және  «Қамқор баспана» өнімдерін әзірледі. Өнімдер «Баспана» және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталған санаттағы азаматтарға «7-20-25» ипотекасының алғаш­қы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады. Жергілікті атқарушы органдар облига­ция­лар шығарады және халық­тың аталған санаты үшін бастап­қы жарнаның жартысын субси­­диялауға міндеттеледі. Ал «Бас­пана» әкімдіктер облигацияларын сатып алып, «7-20-25» бағ­дарламасына қатысатын банк­тер арқылы халықтың осы санатын несиелеуге күш салады.

«Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында қанатқақты режімде жұмыс істей бастады. Тараптар тиісті меморандумға 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес Шымкент әкімдігі қайта­рымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін биыл 500 млн теңге, ал 2019 жылы 1,5 млрд теңге бөледі. Әкімдіктің қол­дауы 2 мыңға жуық жас отба­сы мен бюджеттік сала қызмет­керлерін қамтымақ. Менің ойымша, бұл ­бастаманы басқа өңір­лер де қол­дап әкетуі мүмкін. Мұн­дай шараларды қазір Ақтөбе облы­сы­­ның әкімдігі де қолға алып жатыр. 

– Халық саны өсіп, баспа­­наға деген сұраныс жылдан жыл­ға артып келе жатқанын айт­тыңыз. Халықты баспанамен 100 процент қамтамасыз етіп тастау мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен басым көп­ші­лігінің тұрғын үйге деген сұра­нысын қанағаттандыру үшін жылына қанша баспана салынуы керек және оған мүмкіндік бар ма?

– Мемлекет басшысы алдыңғы Жолдауында 2030 жылға қа­рай бір адамға шаққандағы бас­­па­намен қамтамасыз ету көрсет­­кі­шін 30 шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырған бола­тын. Осы міндетке жету үшін барлық жағдай жасалды. Атап айтқанда, тұрғын үй және ипо­те­­калық бағдарламалардың меха­низм­дерін жақсарту шаралары қабыл­данды. Енді сол механизм­дер­ді өз деңгейінде іске асыру қажет. 

Тәуелсіздік алғалы бері елі­мізде 1,1 млн пәтер салынды, яғни жыл сайын 40 мың пәтерден салынып отырған. Ал енді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру көзделіп отырған 15 жылдың ішінде еліміздегі жа­ңа баспаналарды пайдалануға беру үлесін 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Демек Қа­зақ­станда алдағы уақытта әлі де 1,5 млн пәтер, яғни жыл сайын 100 мың пәтерден салынатын болады. Осылайша азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болады деп есептеймін. Оған мемлекеттің әле­уеті де, мүмкіндігі де бар. Тек жос­пар­лан­ған жұмыстарды жүйелі әрі сапалы орындау қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»