Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті

501 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханада атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті. Оған Кәмшат апаның сіңілісі Мүгілсім Құсманова, замандас құрбысы Сара Омарова, ақын Ақылбек Шаяхмет, келіні Дариға Жақсыбаева шақырылды. Олар жастар алдында Кәмшат апа туралы естеліктер айтты.

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваны еске алу кеші өтті

«Кәмшат апа туралы облыстық радиода қызмет істеп жүргенде жарты сағаттық сұхбат жасаған едім. Ол қазір радионың алтын қорында болуы тиіс. Кәмшат апа тек еңбек адамы ғана болған жоқ, ол қазақтың данагөй аналарының қатарына, қазақ халқының мақтанышы дәрежесіне көтерілді. Оның өмірі мен қызметі бүгінде барлық жастарға, қазақ әйеліне үлгі өнеге дер едм. Ол бала тәрбиеледі, үлкен кісілерін, ата-енесін бақты, жұмысына аса жауапкершілікпен қарады. Қазақтың қара қызының осының барлығына күш-қуаты жеткен еді» деді Ақылбек Шаяхмет.

Сіңілісі Мүгілсім апасының өзіне қамқорлығы туралы айтты. Облыстық архивтің қызметкері Анна Карпухина кешке қатысқан жастарға Кеңес Одағы кезіндегі құрметті атақтар тарихы, оларды біздің облыста кімдер алғаны жөнінде әңгімелеп берді. Құрбысы, сыйлас сіңілісі болған Сара Омарова Кәмшат Байғазықызының механизатор бола жүріп, депутаттық қызметін қалай ұқыптылықпен, біліктілікпен атқарғанын еске алды.

«Кәмшат Байғақызына айына 300-ден аса хат келетін. Оларды өзі іріктеп, қайсы хат бойынша қандай министрліктерге, тиісті орындарға баруы, хат жолдауы керектігін реттейтін. Оның араласуымен қаншама адамдардың әділеттілікке қолы жетті, көмек алды», деді Сара Уәлиқызы.

Ал келіні Ақмарал Жақсыбаеваның енесі туралы айтар әңгімесі мол. Ол енесінің сондай жауапкершілікті, ауыр жұмысында жүріп балаларын еңбекке тәрбиелегеніне ризашылығы бар екенін айтты. Енесінің көзі тірісінде келініне айтып берген әңгімелерін еске алды.

«Менің енемнің енелері де дана кісілер болған. Анамыз олардың тәрбиесін ала берген. Бірде мамам бір шелек қорытылған сары майды төгіп алады. Ол дереу жерді қырып, алып тастайды. Енесі түк білмегендей, Кәмшатқа ештеңе айтпайды. Кейін көп жылдар өткенде мамам енесінен осы жайдайды еске алып сұрайды. «Апа сонда менің майды төгіп алғанымды білдіңіз бе?» дейді. «Әрине білдім, қалқам» дейді. Сонда мамамның көңіліне тиіп ештеңе айтпағаны үлкен әжеміздің даналығы емес пе?» деді Ақмарал. Ол жақында енесі туралы естеліктер жинағы шығатынын және қаладағы Кәмшат атына берген көшеде гүлзар мен оның ескерткіш мүсіні орнатылатынынан хабардар етті. Облыстық кітапхананың директоры Дариға Дүйсенбаева  көпшілікке ктапхана қызметкерлері дайындаған Кәмшат туралы жазылған дүниелердің көрсеткішін таныстырды.

Кешке келушілер Кәмшат Дөненбаева мен оның замандастары туралы облыстық архив қызметкерлері ұйымдастырған көрмені тамашалады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай