Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Түркі әлеміне қызығушылық толастамайды

527 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Түркі әлемі зерттеулеріне арналған халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Бесінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстаннан 200-ден астам ғалымдар мен қоғам қайраткерлері келді.

Түркі әлеміне қызығушылық толастамайды

2014 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан симпозиумның мақсаты – әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасу, ғылым жетістіктерін талқылау, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау. Еуразия жағрапиясындағы түркі халықтары Қазақстанды ата жұрты ретінде қабылдауды, тарихи  ұлттық мәдениеттің сақталуын, заманауи ғылыми әдістердің дамуын және қолдануын мақсат тұтса, бесінші халықаралық Түркі әлемі зерттеулерінің симпозиуымы да осы миссияға өз үлесін қосып келеді. Бұл мәртебелі іс-шара түбі бір түркі халықтары үшін әлемде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуді көздейтін ортақ мүдде.

Ғылым мен өнердің ордасы, тәрбие мен тәлімнің қарашаңырағы Қазақ қыздар мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдабергенова алдымен баспасөз мәслихатын өткізіп, алыс-жақыннан келген қонақтарды симпозиумның ашылуымен құттықтады. «Алтай мен Анадолының арасындағы кең байтақ аймақ – түбі бір түркі жұртының тұтас қастерлі қонысы, қасиетті мекені. Қаншама дәуірлер алмасып, мыңжылдықтар өтсе де, көкбөрінің рухы көшпей, бабадан балаға қалған Күлтегіннің өсиеті санадан өшпей келе жатыр. Тағылым аларлықтай дәстүрге айналған жиын түркітілдес елдер мәдениеті мен өнерінің, тілі мен тарихының дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болады деп сенеміз» деп симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.

Симпозиум салтанатты түрде ашылған соң ғылыми басқосуға жиналғандар университеттегі «Латын әліпбиі орталығының» жұмысымен танысып, «ArtDara» галереясын, «Ақтұмар» мұражайын тамашалап, «Түбі бір түркіміз» бейнебаянын көрді. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің симпозиум қатысушыларына жолдаған құттықтауы оқылды.

Симпозиум түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығая түсуіне, әлемдік деңгейде қолданылатын зерттеулер жүргізуге жаңаша бағыт береді. Осы орайда түркітілдес елдердің ғалымдарына артылар үміт пен сенім зор. Бүгінгідей білім мен ғылымның қарқынды дамуы кезеңінде отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми байланысын арттыру бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақ. Халықаралық түркі әлемі зерттеулер симпозиумы бұл түркі халықтарының ортақ құндылықтарын талқылау, бірлескен шешімдерді әзірлеу, бірлескен жобалар дайындау, ортақ саясатты анықтау және ең бастысы, жалпы сана қалыптастыру үшін ұйымдастырылған ғылыми іс-шара болғандықтан, симпозиумда айтылған ой мазмұны негізінен осы түйін төңірегінде тоғысып жатты. Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің баяндамасында мың жылдан бері түркі әлемін түрлі қырынан зерттеп келе жатқан  қызығушылықтың толастамайтыны туралы айтыла келіп, өзін іргелі ғылыми-гуманитарлық орталық ретінде таныта білген Түркі Академиясы атқарған ауқымды жұмыстарды атап өтті. Мысалы, соңғы екі жылдың өзінде шетелдік ғалымдардың қатысуымен түркология, алтаистика, монголистика бағыттарында көптеген іргелі ғылыми жобалар жүзеге асырылып, 40 халықаралық конференция мен форум, 30 семинар мен дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Академия басшысы түркітелдес елдердегі әріптестерін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» және «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобалары аясында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Симпозиумда «жаһандану үдерісіндегі түркі жұртының дамуы үшін не істелу керек және оған кедергі болатын қандай себептер бар?» деген маңызды сауалға жауап іздеген Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Карменнің ойы толымды шықты. «Түркі әлемін зерттеу – бұл рухани бренд» дейді түрік ғалымы. «Жаһандық күрестің ортасында тұрған түркі халықтарының мүдделерін ортақтастыру арқылы бірлігі мен тыныштығын сақтап, ынтымақтастығын әртараптандыра отырып нығаюын, тарихтағы түркі халықтарына жасалған зұлымдықтың, қырғын мен мәдени геноцидтерді пайдаланбауын қамтамасыз етуіміз керек. Мың пікірден гөрі ортақтасып шешкен бір пікір артық. Ақпарат тудыратын, сол тудырған ақпаратты өнімге айналдыра білетін, жаһандық бір күшке ие бола алатын белсенді күшке айналу үшін ұмтылудамыз. Мақсатты жұмыс, саяси шешімдер, саяси шешім үстінде маңызды қоғамдық пікір қалыптастыру қажет», деді ол.

1990 жылдардың басынан бастап-ақ ең жоғары саяси уағдаластықтар негізінде түркі әлемінің ғалымдары алғашқы қадамдарын анықтады. Оның алғашқы нәтижесі ретінде Түркі кеңесі мен Түркі Академиясы құрылып, түркі халықаралық ұйымдарына жол көрсететін, бағыт беретін де ғалымдар болды. Бұл жылдарда Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан бірінші болып латын әліпбиіне көшті. Қазақ елінің де осы бағытта жасап жатқан қадамы мен еңбегі ерен. Қазақстанның қазақ тілін жоғары дәрежеде танытатын латын әліпбиін қабылдауы болашақта түркі әлемі бірлігі үшін жасаған ең маңызды қадамы. Түркі елдері ғалымдары осы симпозиумда Қазақстан тіл білімі ғалымдарын латын әліпбиіне көшіру тәжірибесімен кеңірек таныстыратын болады. Үш күнге жоспарланған симпозиумда «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлем тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» бағыттары бойынша секция жұмыстары жүргізіледі. Жиында Қазақстандағы Түркия Республикасының Бас консулы Каган Иылмаз, Баку Еуразия университетінің ректоры Назым Хюсейнли, Түркітілдес елдер зиялылары одағының төрағасы, ақын Мұхтар Шаханов сөз алып, түркі елдерінің келешекте әлі де болса бір-бірін жақынырақ танып, өзара ынтымақтастық үшін атқаратын ортақ жұмыстар туралы ойларымен бөлісті. Түркі әлеміне шамшырақ болу үшін жұмыла жұмыс істеп жүрген бауырлас халықтардың баршасы бесінші симпозиумда да тың ұсыныс, құнды пікір мен жаңа ғылыми тұжырымдамалар жасалатынына сенім білдіріп, секция жұмыстарын бастауға кірісіп кетті.   

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ