Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Павлодарда «LA VIE ДОБРО» аутист-балаларға көмекке келді

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің «La vie Добро» деп аталатын еріктелер отряды өңірдегі аутист-балалар ата-аналарының «Ардап» қауымдастығын қолдау мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Павлодарда «LA VIE ДОБРО» аутист-балаларға көмекке келді

Суретті түсірген:Руфина Торпищева

Оқу орнында өткен жәрмеңкеге келгендер облыс  орталығындағы жеке кәсіпорындар-кондитерлердің тәттілерін, қолөнер шеберлерінің туындыларын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында түрлі тақырыптардағы әдеби кітаптарды сату, қажет еткендерге хнамен сурет салу қызметі де көрсетілді.

Аутист балалардың қолдау қайырымдылық жәрмеңкесіне демеушілер ретінде 14 кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында сұлулық салондары, дүкендер, киім-кешек сатумен айналысатын бизнес өкілдері келді.  

Облыс  орталығында қазір аутизм ауруына шалдыққан балаларға арналған арнайы оңалту орталығы жұмыс жасауда. Орталықта «Аутист-балалар ата-аналарының ассоциациясы» және «Алтын Бата» қоғамдық қоры» үкіметтік емес ұйымдары аутист-балаларды және олардың отбасыларын оңалту мен әлеуметтендіру саласында қызмет атқарады.

Аутист деген ми қызметінің бұзылу дертіне шалдыққан балалар.  Олар жаңадан ашылған орталықта артикуляциялық жаттығумен оқытылуда. Өңірден бұндай дертке шалдыққан 2 мыңдай бала бар.

-Әрине, біз бір күнгі жәрмеңке өткізумен балалардың мәселесін толық шешу қолдан келмесе де, бұл балалар жайлы  жұртшылық білу керек деп ойлаймыз. Бәріміз хабардар болсақ, қоғам да, орта да қайырымды болары сөзсіз. Әркім өз үлесін қоса алады,- дейді  «La vie Добро» еріктілер отрядының жетекшісі Карина Закарина.

Жәрмеңке қатысушылары арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға тіл курстары, фотосессияға арналған сертификаттар сияқты сыйлықтар табысталды.

Шараның нәтижесінде 100 мың теңге жиналды. Қаражат аутист-балаларды оңалтуға жұмсалады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР