Аймақтар • 12 Қазан, 2018

Қостанайда республикалық лекторий өтті

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аты айтып тұрғандай, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторийдің мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Қазақстану» жобасын іске асыру аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің бағыттарын талқылау, өңірлік деңгейде ҚХА-ның практикалық міндеттерін белгілеу болатын. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, ғалымдар мен қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қостанайда республикалық лекторий өтті

Пленарлық мәжілістен кейін лекторийге келген мамандар мен ғалымдар «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы медиация» және «Қазақтану» жобасы бойынша екі алаңшаға бөлініп жұмыс істеді. Қазақтармен бірге жүзден аса этностар тұрып жатқан Қазақстанда халықтың бірлігі арта түсу үшін атқарылатын жұмыстар жоқ емес.

«Қазақтану» жобасының мақсатыи – қазақ этнографиясын тану, халқымыздың дәстүрі, әдебиеті, мәдениеті, философиясы туралы еліміздегі түрлі этностарға терең ақпараттар беру болып табылады. Оның сыртында бұл жобаның этносаралық қарым-қатынастар, көші-қоң мәселесі, қазақ дәстүрлерін сақтау, оны жаңғырту секілді ішкі бағыттары да толып жатыр. Лекторийде көші-қоң, этносаралық мәселелерді қамтыдық. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде халықтың саны азайып бара жатыр. Оның орнын қалай толтыруға болады немесе оны қалай сақтап қаламыз? Халықтың көшуімен бірге шаруашылық құрылымдар да өзгереді. Адамдардың көшу-қонуы оның құқындағы мәселе. Бірақ оның мемлекеттік мүдделі жағы да бар. Шаруашылық құрылымдарды да сақтап қалуымыз керек. Осындай мәселелер Қазақстанды отаным дейтін адамдардың барлығын ойлантуы тиіс» дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Лекторийде әлеуметтік медиация мәселесі де терең талданды.

Шараға жиналғандар бүгін топтарға бөлініп, Лисаков, Рудный қалаларына және Қарабалық ауданына барып, тұрғындармен кездеседі, лекциялар оқиды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай