Әлем • 12 Қазан, 2018

Түркі әлеміне қызығушылық толастамайды

639 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Түркі әлемі зерттеулеріне арналған халық­аралық симпозиум өз жұмысын бастады. Бесінші рет ұйым­дас­­­тырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзербай­жан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстаннан 200-ден астам ғалым мен қоғам қайраткері келді.

Түркі әлеміне қызығушылық толастамайды

2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жат­қан симпозиумның мақсаты – әлемдегі ғылым, білім сала­сын­да түркі әлеміне қатыс­ты зерт­теу жасап жүрген ғалым­дар­дың басын қосып, ғылыми ба­ғыт­та пікір алмасу, ғылым же­тістіктерін талқылау, жаңа ғы­лы­ми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдение­ті­нің кеңеюіне ықпал жасау. Түркі әлемі зерттеу­лері­нің симпозиу­мы да осы мис­с­ияға өз үлесін қосып келеді.  

Қазақ қыз­дар мем­лекет­тік универси­теті­нің ректоры, педа­гогика ғылым­да­ры­­ның докторы, профессор Гауһар Алдам­бергенова алдымен қонақтарды симп­о­зиумның ашылуымен құттық­тады. «Қаншама дәуір алмасып, мыңжылдықтар өтсе де, көкбөрінің рухы көшпей, бабадан балаға қалған Күлтегіннің өсиеті санадан өшпей келе жатыр. Тағылым аларлықтай дәс­түрге айналған жиын түркітілдес елдер мәдениеті мен өнерінің, тілі мен тарихының дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болады деп сенеміз», деп симпозиум жұмысына сәттілік тіледі ректор.

Халықаралық түркі әлемі зерттеулер симпозиумы бұл түркі халықтарының ортақ құн­дылықтарын талқылау, бір­лескен шешімдерді әзірлеу, бірлескен жобалар дайындау, ортақ саясатты анықтау және ең бастысы, жалпы сана қалыптастыру үшін ұйымдас­ты­рылған ғылыми іс-шара бол­ғандықтан, симпозиумда айтылған ой мазмұны негізінен осы түйін төңірегінде тоғысып жатты. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің баяндамасында мың жылдан бері түркі әлемін түрлі қырынан зерттеп келе жатқан қызығушылықтың толастамайтыны туралы ай­­­тыла келіп, өзін іргелі ғылыми-гуманитарлық орталық ретінде таныта білген Түркі Акаде­мия­сы атқарған ауқымды жұмыс­­­­тар­ды атап өтті. Мысалы, соңғы екі жылдың өзінде шетелдік ғалымдардың қатысуымен түрко­­логия, алтаистика, монголисти­ка бағыттарында көптеген іргелі ғылыми жоба жүзеге асыры­лып, 40 халықаралық конфе­­­рен­ция мен форум, 30 семинар мен дөңгелек үстел ұйымдас­ты­рылған. Сондай-ақ Акаде­мия бас­шысы түркітілдес елдердегі әріп­тестерін Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назар­баев ұсын­ған «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» және «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобалары аясын­да бір­лесе жұмыс істеуге шақырды. 

Симпозиумда «жаһандану үдерісіндегі түркі жұртының дамуы үшін не істелу керек және оған кедергі болатын қандай себептер бар?» деген маңызды сауалға жауап іздеген Өмер Ха­лисдемир университетінің рек­торы Мухсин Кардың ойы толымды шықты. «Түркі әле­мін зерттеу – рухани бренд» дейді түрік ғалымы. «Жаһан­дық күрестің ортасында тұрған түркі халықтарының мүдде­лерін ортақтастыру арқылы бірлігі мен тыныштығын сақ­тап, ынтымақтастығын әртарап­тандыра отырып нығаюын, тарихтағы түркі халықтарына жасалған зұлымдықтың, қырғын мен мәдени геноцидтерді пайдаланбауын қамтамасыз етуіміз керек. Мың пікірден гөрі ортақтасып шешкен бір пікір артық. Ақпарат тудыратын, сол тудырған ақпаратты өнім­ге айналдыра білетін, жа­һандық бір күшке ие бола алатын белсенді күшке айналу үшін ұмтылудамыз. 

1990 жылдардың басынан бастап-ақ ең жоғары саяси уағдаластықтар негізінде түркі әлемінің ғалымдары алғашқы қадамдарын анықтады. Оның алғашқы нәтижесі ретінде Түркі кеңесі мен Түркі Акаде­­­миясы құрылып, түркі халық­ара­лық ұйымдарына жол көрсе­тетін, бағыт беретін де ғалымдар болды. Бұл жылдарда Түрік­менстан, Әзербайжан, Өзбек­стан бірінші болып латын әліп­биіне көшті. Қазақ елі де осы бағытта жаңа қадамдар жасап жатыр. Қазақстанның қазақ тілін жоғары дәрежеде танытатын латын әліпбиін қабылдауы бола­шақ­та түркі әлемінің бірлігі үшін оң үрдіс болмақ. Жиында Түр­кия Республикасының Қазақ­стандағы Бас консулы Каган Иыл­маз, Баку Еуразия уни­вер­­ситетінің ректоры Назым Хю­сейнли, Түркітілдес елдер зиялылары одағының төрағасы, ақын Мұхтар Шаханов, Халықаралық Түркі Академиясының сарапшысы, PhD докторы Эльмира Қал­жанова сөз алып, түркі елдерінің келешекте әлі де болса бір-бірін жақынырақ танып, өзара ынтымақтастық үшін атқаратын ортақ жұмыстары туралы ойларымен бөлісті. Түркі әлеміне шамшырақ болу үшін жұмыла жұмыс істеп жүрген бауырлас халықтардың баршасы бесінші симпозиумда да тың ұсыныс, құнды пікір мен жаңа ғылыми тұжырымдамалар жасалатынына сенім білдіріп, секция жұмысына кірісіп кетті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ