Қоғам • 12 Қазан, 2018

Жолдау жаңа ізденістерге бастайды

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы қостанайлықтарға ерекше серпін берді.  

Жолдау жаңа ізденістерге бастайды

Облыс әкімдігінде бүгінгі уақыт үшін өзектілігі аса маңыз­ды тарихи құжатты талқы­лау­ға арналған актив жиналы­сы­н­­да өңір басшысы Архимед Мұ­хам­­­­бетов Жолдау Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың елі­міз Тә­уел­сіздігін алғаннан бері жүр­гізіп келе жатқан эконо­ми­калық-әлеуметтік саясатының жал­ғасы болып табылатынын айтты.

– Президент алға қойған мін­д­еттерді саралай отырып, әр сала бойынша нақты жоспарлар құруымыз қажет. Ал бұл тапсырмаларды іске асыру еліміз дамуындағы тағы бір тарихи кезең болып табылады, – деді Архимед Бегежанұлы. 

Мәжілісте сөз алған Қазақ­станның Еңбек Ері Сайран Бұ­қанов агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асырудағы алға қойған міндеттердің ма­ңыздылығына тоқталды. 

– Елбасы Жолдауда агро­өнер­кәсіп кешеніндегі еңбек өнім­ділігін және қайта өңделген ауылшаруашылық өнімінің экспортын 2022 жылға дейін 2,5 есе көбейту қажет екенін айтты. Бұл міндеттер үдесінен шығу үшін ауыл шаруашылығында қолға алар, шешімін күткен көп іс бар. Біз егінді өсіруді үйрендік. Бірақ егін зиянкестерімен күрес­ті тиімсіз жүргізуден, зама­науи техникалардың жеткі­ліксіздігінен өнімді жинау мер­зімін созып алады да, шаруа­шылықтар 20-30 процентке дейін шығынға ұшырайды. Сондықтан алдағы бес жылда алынған техникаға субсидияны 25 проценттен 50 процентке дейін мақсатты түрде ұлғайтса бұл агроөнеркәсіп кешеніне өте тиімді қолдау болар еді, – деді Сайран Балкенұлы. 

Елбасы Жолдауда «Нұр­лы жер», «7-20-25» бағдар­ла­ма­ла­ры­ның жалғасын табуын және тұрғын үйді адамдарға барынша қолжетімді етуді тапсырғаны белгілі. Қостанай облысында 2018 жылы «Нұрлы жер» аясында 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 10 процентке көп. 

– Халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігі үшін жалға бе­рілетін тұрғын үй құрылысына Қаржы министрлігі Қос­танай облысына алдын ала 2,6 млрд теңге бөлуді қарастырып қойды. Бұл жалға берілетін үй құрылысын алдағы жылы екі есе өсіруге мүмкіндік береді, яғни баспанаға зәру 500 адам пәтерлі болады, – деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков. 

Жолдауда Елбасы жастар саясатына жаңа бетбұрыс бер­ді. Қостанайда жастардың 77 үкіметтік емес ұйымы, 38 әске­ри-патриоттық клубы жұ­мыс істейді. Идеологиялық активте алдағы уақытта облыс­тағы жастардың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға белсене қатысуын қамтамасыз ету үшін жастар ұйымдарын қаржыландыруды арттыру керектігі айтылды.

Облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов жиналысты тұжы­рым­дай келе, алдымен облыс­та ақпараттық-насихат тобын құрып, аудандар мен қалаларға, барлық елді мекендерге шығып, Жолдауда айтылған мәселелерді халыққа кеңінен түсіндіру ке­ректігін тапсырды. Сонымен қатар құжаттағы айтылған мә­се­лелерге орай облыста әр сала бойынша алдағы уақытта атқа­рылар істерді атап өтті. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ