Қазақстан • 12 Қазан, 2018

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның орындарда қызмет ету форматының жаңа буынын құру туралы бастамасын ұсынды

698 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан ЕҚЫҰ құрылымдарының жауапкершіліктің барлық аймағы бойынша бірыңғай орналасуын қолдайды және Ұйым қызметінің тиімділігін арттыратын жаңа далалық миссиялардың жаңа форматына көшуге шақырады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Ал Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі осы іс-шараның басты ұйымдастырушылары болды.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның орындарда қызмет ету форматының жаңа буынын құру туралы бастамасын ұсынды

Іс-шара барысында мемлекеттік органдардың, ЕҚЫҰ хатшылығының, дипломатиялық корпустың, азаматтық қоғамның, сарапшылар мен академиялық топтардың өкілдері ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылдық қызметіне қорытынды жасады, сондай-ақ Қазақстан мен Ұйымның арасындағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегін талқылады.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен және 26 жыл бойы оның жұмысына белсенді атсалысып келе жатқан мемлекет ретінде бұл іс-шараның Қазақстан үшін маңызды екені айтылған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын конференция қатысушыларына оқып берді.

Хатта біздің өңірдегі қауіпсіздіктің және ынтымақтастықтың ең өзекті мәселелерін ұжымдық шешуге өз үлесін қосуға, ЕҚЫҰ-ның басты құжаттарының негізін салған қағидаттарды әзірлеуге және іс-жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін жалпы еуропалық және жалпы еуразиялық үдерістерге қатысуға ұмтылған Қазақстанның ниеті туралы айтылады.

Г.Әбдіқалықова өз кезегінде Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатын ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Ол Президент Н.Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында табысты өткен 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ның тарихи Саммиті нәтижесінде қабылданған Астана мерейтойлық декларациясының әлі күнге дейін өзекті ережелерін еске салды.  

Қ.Әбдірахманов өз сөзінде мемлекеттік дамудың әртүрлі салаларында озық тәжірибесі мен білімі бар ЕҚЫҰ миссиясын құру 1998 жылы үлкен сұраныста және өте қажетті болғанын атап өтті. Сол уақыттан бері ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы далалық миссиясы қызметінің эволюциясы елдің дамуымен қатар жүрді. Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық және саяси дамудағы жетістіктері республиканың өзгеріп отырған қажеттіліктері мен басымдықтарын ескеретін далалық миссиямен ынтымақтастықтың жаңа түрін талап етеді.

Ынтымақтастықтың осындай болашақ форматтырының бірі ретінде ЭКСПО инфрақұрылымына негізінде ЕҚЫҰ-ның тақырыптық орталығын құру мәселесі қарастырылуда. Оның басты мақсаты өңірлік және халықаралық деңгейде экономикалық өзара байланыс, тиімді басқару, жасыл экономика, апаттар қаупін төмендету және энергетикалық қауіпсіздік салаларында үздік тәжірибелермен алмасу болып табылады.

Осы тұрғыда Қ.Әбдірахманов «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында айтылған  транзиттік әлеует пен туризмді дамыту бойынша міндеттер ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің қызметі арқасында одан әрі қолдау табатынын атап өтті. Мұның бәрі ҚР мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуетінің дәлелі болып табылады.

Конференцияның негізгі қонақтарының бірі ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер Астанада өткен Саммит бүкіл ЕҚЫҰ үшін «тарихи оқиға» болды деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан күн тәртібінің көптеген мәселелері бойынша Ұйымда көшбасшылықты сақтауда, сондай-ақ Экономикалық - экологиялық комитетінде табысты төрағалық етуде.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Президент Н.Назарбаевтың аса көрнекті бітімгершілік рөлін жоғары бағалады, оған медиатор ретінде қол жеткізген көптеген жетістіктер куә болады. Осыған байланысты Т. Гремингер Қазақстанның бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесін және Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету және Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіру басшылыққа алынған елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметін атап өтті.

Сонымен бірге Т. Гремингер ЕҚЫҰ кеңістігінде сенімділік пен өзара түсіністікті нығайтуға жәрдемдесетін ынтымақтастықтың жаңа форматтарына көшу бастамасын қолдады.

Бұдан басқа, ЕҚЫҰ аясындағы диалогтың, өзара байланыстың және көпжақты ынтымақтастықтағы серіктестіктің ерекше маңызы аталды. Сонымен бірге, Бас хатшы ЕҚЫҰ әлемде экономикалық рөлі артып келе жатқан азиялық өңірмен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін айтты.

Мәртебелі ұйымдастырушылар, конференцияның қатысушылары мен қонақтары арасында, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директорының уақытша міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Қуаныш Сұлтанов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, ҚР-ның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Сарыбай, сондай-ақ шет елдердің елшілері мен дипломатиялық корпустың өкілдері болды.

Конференцияның қорытындылары Астаналық декларацияның негізін қалаған қағидалардың, ЕҚЫҰ-ның ең маңызды қағидасы ретінде анықталған біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздіктің Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық қоғамдастықты құруға бағытталған мақсаттар мен міндеттердің өзектілігін қайта растады.