Әлем • 15 Қазан, 2018

Жолдау-2018: Өзге басылымдар не дейді?

524 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жолдау-2018: Өзге басылымдар не дейді?

Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы – мемлекетаралық байланыстың эталоны

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақ­стан халқына Жолдауында республиканың Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен қарым-қаты­насы туралы сөз қозғады. Бұл туралы Еуразия құр­лы­ғындағы маңызды саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық процестерді қозғайтын Eurasia Daily ақпараттық агенттігі жазды.

Ақпарат агенттігі Н.Назарбаевтың Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынастары – мем­лекетаралық байланыстың эталоны. Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істейді, ол толыққанды интеграциялық бірлестік және әлем­дік экономикалық қатынастардың белсенді қатысу­шысы», деп атап өткенін, сондай-ақ Орталық Азия аумағындағы өзара әрекеттестіктің жаңа парағы ашылғанын, Қытай Халық Республикасымен де жан-жақты стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанына назар аударғанын жазады.

«Қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапары және Президент Дональд Трамппен келіссөздер барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді деп жазды ақпарат агенттігі. Сондай-ақ Eurasia Daily ақпараттық агенттігі Мемлекет басшысының Сирия бойынша Астана процесі туралы айтқанына да жекелей тоқталған. «Бұл процесс осы елдің дағдарыстан шығуы және жағдайды бейбіт жолмен реттеу бо­йынша келіссөздердің бірден-бір тиімді жұмыс істейтін форматына айналды», деген болатын Қазақстан Президенті.

Азаматтарға нақты көмек

Әлемдік БАҚ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел экономикасын дамытуға бағыт­талған ең төменгі жалақыны көбейту тапсырмасы туралы хабар таратты. Соның бірі – орыс тілінде хабар тарататын мемлекетаралық «МИР 24» телерадиокомпаниясы. 
Қазақстан Президенті 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақыны арттыруды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес, жалақы 1,5 есе, яғни 28-ден 42 мың теңгеге дейін артуы тиіс. Н. Назарбаев бұл әрбір қазақстандық үшін нақты көмек болатынын атап өтті. 
«Бұл кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 35%-ға артады деген сөз. Бұл көрсеткіш жалпы алған­да 1,3 миллионнан астам адамға қатысты. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінеді, деп мәлімдеді ел Президенті», деп хабарлайды «МИР 24» телерадиокомпаниясы.

Қазақстанда ең төменгі жалақы өседі

Әзербайжанның AzerNews ақпарат­тық агенттігі де осы мәселені назардан тыс қал­дыр­мады. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке ең төменгі жалақыны 28 000 теңгеден (80 АҚШ доллары) 42 000 теңгеге (115 АҚШ доллары) дейін өсіруді тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 96 млрд теңгеден астам (260 млн АҚШ доллары) қаржы бөлінеді» деп жазды ақпарат агенттігі.

Бұдан әрі БАҚ аталған өзгерістің барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтитынын, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетінін атап өткен.

«Енді ең төменгі жалақы  ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады», деп толықтыр­ды Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы бұл бас­­та­маны қазақстандық және шетелдік ірі ком­­паниялардың қолдайтынына да сенім біл­дірді, деп хабар­лайды AzerNews. Сондай-ақ ақ­параттық агенттік тамыз айында Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 80 долларды құра­ғандығын, соңғы рет Қазақ­стан­дағы ең төменгі жалақы 14%-ға, 66-дан 80 дол­ларға дейін өскендігін де айта кеткен.
 

Қазақстан полициясы қайта аттестаттаудан өтуі тиіс

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екенін атап өтті, деп жазады Өзбекстанның тәуелсіз интернет газеті.

«Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды», деді ел Президенті. Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек», деп жазды Өзбекстан интернет ресурсы.

Шолуды дайындаған

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»