Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда республикалық мониторингтік топ мүшелері болды

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері  өңірде болып, аудандарды аралады. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдау талаптарын түсіндірді. Жемқорлық құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алу шараларын сапалық жағынан күшейтуге назар аударды.

 Солтүстік Қазақстанда республикалық мониторингтік топ мүшелері болды

Биыл облыста қоғамдық індетке қатысты 83 оқиға тіркелсе, 68-і тікелей жемқорлыққа қатысты орын алған. Өткен жылға қарағанда  заңды белден басу мысалдарының екі есеге жуық көбейгені байқалады. Қазына қаражатын жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану,алаяқтық жиі кездеседі. Парақорлықтың 30 фактісі әшкереленіп, бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Басқа аймақтармен салыстырғанда жемқорлық деңгейі төмен, бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, тәртіп, бақылау босаңсыған жерде небір келеңсіздіктердің жегі құрттай қаптап кететінін күнделікті өмір көрсетіп жүр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мекемесінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин жергілікті жерде 900-дей мемлекеттік қызметшінің оқытылып, 300-ге жуығының қайта даярлаудан өтіп, 600-ден астамының біліктілігін арттыру тәжірибесін қолдап, Жолдаудан туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталды. Елбасы сапа–мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру –оның басты қағидаты болу талабын қойды. Еңбекақы төлеудің жаңа  моделіне көшуге байланысты қанатқақты жобалардың  енгізілуі  мемлекеттік қызметке қызығушылықтың артқанын, кадрлардың тұрақтанғанын байқатады. Жалақы көбеюмен қатар жұмысты тиімді ұйымдастырудің тың тәсілдері орныға бастады.  Десек те жемқорлық мәселесінің өңірлік деңгейде өзектілігі әлі де жоғары. 8 айда елімізде 511 тексеріс жүргізілген, 100 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Өткен жылға қарағанда  бұл көрсеткіш екі еседей кемігенін. Жыл басынан бері  1577 «бармақ басты, көз қысты» теріс әрекет тіркеліп,  19 республикалық,  63 облыстық,  115 аудандық деңгейдегі басшылар жазаланған.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Елена Степаненко әдеп кеңесі отырыстарында мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп,  қарапайым талаптарды сақтамаған 32 басшы мен маманның мәселесі талқыланып,  тәртіпке шақырылғанын жеткізді. Филиал директоры Лаура Қайыржанова мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтықтан оқыту, ағылшын тілін үйрету сияқты жаңалықтармен бөлісті.

Мониторингтік топ мүшелері Есіл ауданында болып, өскелең ұрпақтың  білім алу үдерістерімен, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталу жайымен танысты. Оларды әлеуметтік маңызы бар орталық аурухананың жыларман кейпі бей-жай қалдырмады. Төрт жыл бұрын ғана қолданысқа берілген ғимараттың құрылысына ел қазынасынан бақандай  бір миллирад теңге жұмсалды дегенге сену қиын. Сапасыз салынғаны көзге бадырайып тұр. Мәселенің анық-қанығына жету үшін емханаға қатысты істі ұлттық бюроға жолдауға шешім алынды. Ауданда халыққа көрсетілетін кей қызмет түрлерінің көңіл көншітпейтіні, интернет жұмыс істегенімен,электрондық қызмет көрсету жүйесі қанағаттандырмайтыны атап көрсетіліп, олқылықтардан қорытынды шығару тиісті орындарға жүктелді. Мониторингтік топтың мүшесі Алдан Манкеев тапсырылған іске жүрдім-бардым қарайтын, комиссия келерде ғана қимылдай бастайтын мемлекеттік қызметшілерді сын тезіне алды. А. Бердалинның айтуына қарағанда, елімізде 741 мемлекеттік қызмет түрі болса, 60 проценті электрондық үлгіде ұсынылады.  Оны жұртшылық біле бермегендіктен,  әлі күнге дейін аудан орталықтарына сабылып жүр.

Шалғайдағы Уәлиханов ауданына ат ізін салған республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері азаматтарды қабылдап, оларды толғантқан мәселелер бойынша жан-жақты түсінік берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы