Ынтымақ пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында біздің еліміз әлемдік кеңістікте өз орнын айқындады. Экономикасы қарқынды дамыған елде азаматтардың өмір сүру сапасы да жақсарып, негізгі салаларды өркендетуге бағытталған түрлі бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекет барлық бағытқа үздіксіз өз тарапынан барынша қолдау көрсетіп келеді.
Қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру одан әрі жалғасын таба бермек. Жолдау мәтінінде нақты міндеттер атап көрсетіліп, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Өз кезегінде бұл барлық сала жұмысына тың серпін әкелері анық.
Жолдау ұстаздар қауымы үшін тың жаңалықтарға толы болды. Қазіргі таңда ұстаздардың мәртебесін көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Мұғалім білім беру үдерісіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылмауын қадағалап тапсырды. Әрі мұны ауызша емес, нақты құжат түрінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жөніндегі бастама көтерді. Бұл бастама – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айқындауға зор қадам болмақ.
Елбасы нарықта тек жоғары білім бере алатын жоғары оқу орындарының сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі жайында сөз қозғап, білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ауылшаруашылық өнімдерін арттыру мәселелері де Жолдаудың басты тақырыптарының бірі болды. «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарлама іске асырыла бастайтынын хабарлады.
Ел асыға күткен оң жаңалықтарға толы бағдарламада: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», деді Президент. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған Елбасының идеясы – ел жастарына күш-жігер беріп, қиялдарына қанат бітіреді.
Ел тұрғындарының үштен бірі жастар болғандықтан, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялаудың да маңызы өте зор болмақ. Ана ретінде балаларымның болашағы үшін маңызды жаңалықтардан хабардар болғаныма қуаныштымын. Жас отбасыларға көрсетілетін қолдау, баспанамен қамтамасыз ету, студенттердің сапалы білім алуын қамтамасыз ету мен олардың жұмысқа орналасуы жайлы тапсырмалары көптің көкейінде жүрген сауал. Көптеген отбасыларға, әсіресе жастарға Қазақстанның әр азаматының баспанамен қамтамасыз етілуін көздейтін Баспанамен қамтудың «7-20-25» бағдарламасының қолжетімділігі арта түсті. Бюджеттік салаларда істейтін қызметкерлерге сертификат таратылуы, тұрғындардың бағдарламаға деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Өзім бюджеттік салада істегендіктен, бюджеттік мекемелерде қызмет атқаратын қызметкерлер жалақысын 35 пайызға өсіруі қуантты.
Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Елбасы айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді, жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жалғастырарымыз ақиқат. Бұл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті. Сондай-ақ Жолдауда зейнеткерлердің зейнетақысын көтеру, дәрігерлердің жалақысын көтеру, полиция мен сот қызметін жетілдіру, адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік қызмет көрсету ісін дамыту да назардан тыс қалмады. Ең төменгі жалақы 1,5 есе өсетіні де елге қуанышты хабар болды.
«Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін, мәнісін, олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Оны біз жеткізе білуіміз керек. Реформаларды жүзеге асыру үшін қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болады. Қоғамдағы жаңғыру үрдістеріне тың серпін берді», деді Елбасы. Ел игілігі жолында атқарылып жатқан игілікті істерге жалпы қоғам болып қолдау білдіріп, айқын бастамалардың іске асуына өз үлесімізді қосайық. Сонда ғана біздің Қазақстан ата-бабамыз армандаған қуатты елге айналары сөзсіз.
Жанар АЙТКУЖИНА,
Ақмола облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі