Өнер • 15 Қазан, 2018

Жан тебіренісінен туған картиналар

860 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тылсым күш тынысын ашып, көңіл әуені шырқау биікті шарлаған шабытты шақта суретшіні мазалай көрмеңіз. Жұрт қою түннің құшағында қалың ұйқыға кеткенде, ол қылқаламын қолына алып, кенеп бетінен көз алар емес. Қараңғылық басқан түнмен бірге жүрегіндегі асылын тұншықтырып алудан өлердей қорқады. Олай етсе, бүкіл адамзат алдында жазықты болмақ. 

Жан тебіренісінен туған картиналар

Кейіпкеріміз Нұрболат Ысқа­қов сурет әлеміне кездейсоқ келген жан емес. Бойын керне­ген бұла сезім өмірдің өз сурет­терін қаз-қалпында қағазға тү­сіртіп, көңілдегі көрікті ой­ды кенеп бетіне өргізді. Ақ пен қара алмасқан аласапыран тіршіліктің алуан түсті бояулары санасында сызылып, балаға мирас болған баба аманатын өнер тілінде болашаққа жеткізуді өмірлік мұратына балады. Қысқа баққа қызығып, атақты болам деп арпалысқан жоқ. Өмір шындығына зәредей қия­нат келтірмей, көргені мен түйгенін мөлдірете отырып буыр­қанған бояуларға айналдырды. Қастеевтен жалғасқан қасиетті мұра қалтарыста қалмаса деген тілек қылқалам шеберін дегдар өнердің тұңғиығына бойлата беріпті. Оның кенебінде тау мен аспан, адам мен табиғат бір-бірі­мен біте қайнасып жатады. 

«Нұрболат Ысқақовтың пей­заждарының тартымдылығы оның табиғатқа деген ыстық ықы­­­ласында, шынайы шын­дық­­­ты көре білуінде, оны ро­ман­­тикалық аспектіде қа­был­дай алуында жатыр. Шығар­ма­ларынан суретшінің эмоция­лық қабылдауы мен көңіл күйіне сай сан құбылған көрінісін кө­руге болады. Ой толғамының эпи­калылығы автордың жаны мен жүрегінен шыққан қоршаған ортаның әрбір талшығына деген сүйіспеншілігімен тоғысқан. Түстік қатынастары бояудың жа­тық­тығы мен үйлесіміне қарай ұмтылады» дейді өнертану­шылар. 

Суретшінің қылқаламынан өрілген сұлу пейзаждарға көңіл көзіңізбен бойласаңыз, аспанның асқақтығын, таулардың биіктігін, жылқының мінезін, адам көңіл күйінің сан тарау ырғақтарын, туған жердің тұмса табиғатын мүлде бөлек қырынан көресіз. Табиғатпен үйлесімді сезімді серік еткен автор эстетикалық мұра­тына сай тың образдар табуға талпынады. 

Мына бір картинада ұшар басы аспанмен астасқан Тәңір­таудың етегін бойлаған алып жо­талардың керім келбеті көз қарықтырады. Жадыраған жаз маусымын жырлаған жасыл жайлау жан жадыратып, көңіл баурайды. Мың ақын жырласа тіл жетпейтін табиғат-ананың тамаша кейпіне таңғалмасқа шараңыз жоқ. Осы сұлулықтың барлығын суретші өз жан-дүниесі арқылы үйлесімді түстермен әсемдеген. Сұлу қыздың күлкісіндей сылдырап аққан тау өзені кенепке өзгеше өрнек сыйлап тұр. Қыл­қаламнан өрілген Шоқан мен Мұ­қағали сұлбасы тарих беде­рінде қатталған қайталанбас сәт­тердің кескін келбеті деп ұғарсыз. Ал соғыстан оралмаған перзентін за­рыға күткен зарлы ананың қасі­ретін бейнелеген кейуана кейпі зар­лы замананың запыранын дәл анықтап бере­тіндей. 

Ол ойланып отыр... Көңілде сұлбасы сызылған сұлулықты өлтіріп алмай, қалайда таза қал­пында өмірге әкелу керек. Ми қа­бығын кемірген ауыр ойлардың құрсауынан арылудың жалғыз жолы сол ғана. Түн тыныштығын бұзған ала күшік қалжыраған суретшінің халін ұққандай ауық-ауық үреді. Таң себезгілей бас­тады. Іштегі алай-дүлей арпалыс сап тиылып, соңғы бояу жа­ғыл­ды. Шынайы сезіммен өріліп, су­ретшінің жүрегінен өткен ке­зекті туынды қолмен емес, жан­мен жа­зылған шығарма деп аталады.
Қолмен емес, жанмен жазыл­ған деп біліңіз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ