Банкрот болған «Биохим»
2006 жылы астықты өлкеде ХХІ ғасырдың биотехнологиялық кластеріне «қыр ғажайыбына» баланған зауыттың бой көтеруі аграрлық саланы дүр сілкіндірген айтулы оқиға болды. Индустриялық-инновациялық, Агроазық бағдарламалары аясында жүзеге асырылып, 11,5 миллиард теңге қаражат жұмсалған ТМД-дағы тұңғыш жоба астықты қалдықсыз өңдеп, жоғары сапалы өнім шығара алатын жаңа технологиялық ауқымдылығымен, экспортқа бағдарланған сипатымен ерекшеленді. Алайда «Биохим» компаниясының бас директоры Александр Сутягинский жылына 57000 тонна биоэтанол, 19200 тонна клейковина, 24000 тонна жемазық ашытқысы, 25600 тонна көмір қышқыл газы, 58000 тонна ұн, 50000 тонна кебек өндіріліп, 70 пайызға жуығы сыртқа сатылады, кластерлік жүйе негізінде ет комбинаты, құс фермасы, жылыжай салынады деп сендіргенімен, берілген уәделердің бірде-бірі орындалмады.
Бастапқыда кәсіпорынның 15-30 пайыздық қуаты игерілгенімен, кейін су тапшылығы, шикізат жетіспеушілігі, кәсіби мамандармен қамтамасыз етілмеуі салдарынан жұмысын доғаруына тура келді. Басты себептердің біріне ТМД кедендік тауарлар номенклатурасының жетілмегендігінен биоэтанолды шетелге шығара алмау кедергісін айтуға болады. Сол кездері «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқармасы: «ТМД аясындағы сыртқы экономикалық алыс-берісте тауар номенклатурасы деген болады. Оны кеден органдары қандай да бір тауарды біріздендіру үшін және де салық салу, болмаса баж салығы мен тарифтерді белгілеу үшін пайдаланады. Бұл номенклатурада этанол «азық-түлік этанолы және отын этанолы» деп екіге бөлінбеген. Этанолдың бәрі бір топқа жатқызылады және одан акциз алынады. Егер этанолды өндірудің өзіндік құны 1 литр биоэтанолға шаққанда 0,21 центті құраса, акцизден кейін өзіндік құны 16 есеге өседі. Оны мұндай бағамен Еуропада да, ел ішінде де сату мүмкін емес», деген мәлімдеме таратты.
Осылайша туа сала жерден таяқ жеген сәбиге ұқсаған зауыт азық-түлік және отынға бөлу кодының болмауына байланысты үлкен сұранысқа ие өнімді экспорттай алмай қалды. Бұл мәселе ТМД елдерінің үкіметаралық комиссия отырысы қарауына ұсынылмағандықтан, тауар номенклатурасына тиісті түзетулер енгізілмеді. Оның үстіне Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстандағы биоэтанол болашағына қатысты әрқилы пікірлер білдіріп, күмәнмен қарап, ортақ түсіністікке келмеудің ақыры «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңның қабылданбауына соқтырды.
Техникалық құжаттар рәсімделіп, айналымға енгізілгенде химия, медицина, азық-түлік өнеркәсібіне арналған биоэтанол өнімдері мен азық-түліктер шығаруға кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері өте зор еді. Өкінішке қарай өнімді терең өңдеуге бағытталған кластерлік жүйе қазынаның миллиардтаған қаражатын желге ұшырып тынды.
Қайта жанданған кәсіпорын
Ғылым тілінде «биоэтанол, биоотын» аталғанымен, жұртшылық оның стратегиялық мән-маңызынан гөрі көбіне жанар-жағармайдың октандық санын арттыратын қосымша ретінде түсінеді. Сондай-ақ көпшілік арасында тек жоғары сапалы астықтан ғана өндіріледі деген жаңсақ пікір басым. Тіпті де олай емес. Тиісті технологиялық талаптар дұрыс сақталса, сапасы төмен төртінші, бесінші сұрыпты бидайды да жаратуға болады. Ол Бразилияда қант қамысынан, АҚШ-та жүгеріден алынады. Мұнай-газ, тағы басқа табиғи қазбалардың азаюына, олардың қоршаған ортаға келтіретін орасан зияндығына байланысты әлемде биоэтанолға деген сұраныс артып келеді. Оның ауаны ластамайтын, улы газдар бөлмейтін, толық жанып кететін жағымды қасиеттеріне Еуропа аса ықылысты.
Қызылжар – ірі астықты аймақтардың бірі. Ел ризығының үштен бірі осында өсіріледі. Жылына кем дегенде 5-6 миллион тонна дән қамбаға құйылады. Демек, осынша астықтың аздаған ғана бөлігін тереңдете өңдеу арқылы сұранымға ие, бәсекеге қабілетті бірнеше өнім түрін алу әлеуеті зор деген сөз. Құмар Ақсақалов осыдан 1,5 жыл бұрын өңір басшысы ретінде қызметке кіріскенде биоэтанолды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп, сегіз жыл бойы қаңтарулы тұрған кәсіпорынды қалпына келтірудің тиімділігін тиісті орындарға дәлелдеп баққан. Жүйелі жүргізілген мәмілелер арқасында «Қазақстан инвестиция қоры» АҚ тоқтап қалған өндіріс ошағын өз қарамағына алып, «ҚазМұнайГаз» АҚ пен «BioLinekz» ЖШС инвестиция құюға келіскен.
Қалпына келтіру жұмыстарына 11 миллиард теңге бөлініп, жуырда екінші кезеңі іске қосылды. Тайынша ауданында орналасқан кәсіпорынның ашылу салтанатына «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-тың басқарма төрағасы Ермек Сакишев, «BioLinekz»» ЖШС-нің бас директоры Әлихан Талғатбек, облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Жиында сөйлегендер «Bio operations» еліміз үшін экономикалық маңызы зор ірі өндіріс ошағына айналатынына сенім білдірісті. Жылына 300 мың тонна бидайды қалдықсыз өңдей алады. Тек жергілікті шикізат қолданылады.
– Зауытта 400 жергілікті тұрғын еңбек ететін болады. Осы маңда 50 мың басқа шақталған шошқа кешені де өз жұмысын бастады. Келешекте Орталық Азияда теңдесі жоқ ет комбинаты іске қосылады. Жылына 15 мың тонна ет, 9 мың тонна шұжық өндіреді. Қосымша жүздеген жұмыс орындары құрылады. Аудандық бюджетке жылына 100 миллион теңге салық түседі, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.
Әлихан Талғатбектің айтуынша, мұндай кәсіпорындар әлемде санаулы, ал Қазақстанда әзірге баламасы жоқ. «Қондырғылар түгел жаңартылды. Олар Англиядан, Түркиядан, Ресейден, Қытайдан әкелінді. Былтыр ұн үгу кешені бой көтерсе, екінші кезеңде клейковина мен крахмал өндіретін цех, құрамы протейнге бай жемазық ашытқысы желісі пайдалануға берілді. Тәулігіне 600 тонна астық өңделеді», деді ол. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, өнім өткізе алмау салдарынан тағы да проблема туындап, «таз кепештің кебін» киіп жүрмей ме деген қаупімізді айтып едік, бұл сауалымызға ол: – Оған қам жемеңіздер. Экологиялық таза өнімдерді Еуропа мен Орталық Азия елдеріне жөнелтуге нақты келісімшарттар жасалған. Аспанасты елінің нарығын да ойластырудамыз. Отандық мұнай зауыттарының «еуро-5», «еуро-6» бензинін шығаруға көшкенін ескерсек, сұраныстың жоғары болары анық. Оларға да жеткізудің жолдары күні бұрын қарастырылған. Келесі жылы бой көтеретін биоэтанол цехы 60 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Ересен технологияның ерекшелігі мынада, бәсекеге қабілеттілікті одан әрі дамыту, өндіріске аз шығын жұмсай отырып көп кіріс табу. Бидайды сапасына қарамастан қалдықсыз өңдейтін болсақ, нәтижесінде 1 центнер өнімнің құны 3-5 есе ұлғаяды. Өндіріс қалдығы түгелдей кәдеге асады. Кебек, күнжара малдың жемазығына қосылады. Ішкі нарық шектеулі болғандықтан, бізді өнім өндіру емес, қайда сату керек деген сауал үнемі ойландыруы керек, деп жауап берді.
Өткеннің қателігі қайталанбауына біз де тілектеспіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы