Өнер • 16 Қазан, 2018

Балеттің балғын болашағы

739 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордамыздың еңсесін тіктеп, мәдени бет-бейнесін қалыптастыруда бас шаһар төрінде бой көтеріп, өнердің жаңа тынысын ашқан мәдениет ошақтарының рөлі орасан зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ірге көтерген Қазақ ұлттық хореография академиясы – Астананың 20 жылдық белесті шежіресін бедерлейтін сондай өрелі өнер ордаларының бірі.

Балеттің балғын болашағы

Ресейдің халық әртісі, есімі әлемге мәшһүр балерина, хореограф Алтынай Асылмұратова жетекшілік ететін бекзат өнер ордасы биыл үшінші оқу жылын бастады. Осыған орай «Астана Балет» театрында Академия оқушыларының тікелей атсалысуымен «Мамандыққа алғашқы қадам» атты жас талапкерлерді оқуға қабылдау құрметіне арналған салтанатты кеш өтті. Айтулы шараға Мә­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы, Қазақ ұлттық хорео­графия академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова, белгілі мә­дениет және қоғам қайраткерлері, сон­дай-ақ жас талапкерлердің ата-аналары қатыс­ты. 

Мамандыққа алғашқы қадам ба­су рәсімін мерекелеу – білім алушы­ бал­дырғандар үшін міндетті әрі маңызды мәдени шара. Айтулы символикалық іс-шара оқушылардың алдында қандай қа­жырлы ізденіс пен міндеттің күтіп тұрғанын көрсететін жауапты сәт. Дәл осы күні талапкерлер ресми түрде Хо­рео­г­рафия академиясының оқушысы атанып, балет дейтін сұлу да текті өнер­дің алғашқы әліпбиін ашады. Кішкентай әртістер кәсіби сахнамен танысып, зал толы көрермен алдында тұңғыш рет Ака­демия репертуарындағы үздік туындыларды орындайды. 

Осынау жауапты әрі толқынысты сәттегі жас талапкерлердің кеудесін жарып шығардай болып атқақтап тұрған жүрегінің дүрсілі мен қобалжуын көріп, сезіну қиын емес. Балдырғандардың бар ішкі көңіл күйін шексіз үміт пен асқақ арманға толы мұнтаздай мөлдір жанарлары айтып беріп тұр. Қалайша қобалжымасын?! Тек теледидар мен үлкен сахналардан тамсана тамашалайтын әртістердің орнында енді, міне бүгін өздері өнер көрсетпек.

– Құрметті менің кішкентай дос­та­рым! Сіздер бүгіннен бастап өмір­леріңізді өнердің ішіндегі ең бір әдемі, ең бір текті, ең бір бекзат өнер – балетке ар­нап отырсыздар. Армандарыңыздың орындалуына бағытталған алғашқы қадам жасалды: іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, білім алушылар қатарына қабыл­дандыңыздар. Бірақ мұнымен жұмыс біткен жоқ, алдарыңызда әлі де талай­ сынақ күтіп тұр. Көп нәрсені танып, ­үйреніп және ең бастысы еңбекті өмір­лік ұстанымға айналдыруларыңыз қажет. Осынау тамаша мамандық бар­лығыңыздан кәсіпке деген шексіз адал­дық пен шынайы да қайтарым күтпейтін риясыз махаббатты талап етеді. Бой­ларыңыздағы талантты әрі қарай же­тіл­діріп, тұлғаларыңызды қалыпта ұстау үшін де үнемі жаттығу мен дайын­дықтан қол үзбеу міндеттеледі. Сонымен қатар сабақты жақсы оқып, сан алуан өнер түріне ынта беріп, әрдайым таным көкжиектеріңізді кеңейту үшін ізденісте жүру, тәртіпті де сыпайы мінез қалыптастыру – балет әртістеріне қойылатын басты талаптардың бірі. Өзге мамандық иелерінен тек қана жақсы қасиет, терең білімдеріңізбен дараланып тұруларыңыз қажет. Себебі балет әртісі – мәдениетіміз бен өнеріміздің бет бейнесі. Білемін, мұның барлығын оңай демеймін. Бірақ балет сонысымен де ерекше ғой. Сахнада тұрып көрерменге өнердің бақыты мен қуаны­шын сыйлаған сәттегі әртістің ішкі көңіл күйін, эмоция­сын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан қиындықтан қорықпаңыздар. Мен сіздерге балеттің үздік маманы атанып, осынау бекзат өнердің шынайы бақытын сезінуді тілеймін, – деді Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова. 

Бас шаһар төрінде бой түзеген жас та болса жастық жалынымен жаңалықтың жаршысы болып жүрген би өнерінің еңселі ордасы бүгінде алдына ауқымды жобалар мен үлкен мақсаттар қойып үлгерді және оның алғашқы маңызды қадамдары жасалып, тәжірибеге енді. 

Қазақ ұлттық хореография академиясы – толық циклді, көп деңгейлі кәсіптік хореографиялық білім беретін Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны. Кәсіби балет әртістерін және қоғамның мәдени, рухани-эстети­ка­лық дамуын қамтамасыз ететін хорео­графиялық өнер саласындағы жан-жақ­ты жетілдірілген білікті маман даярлап шығуды мақсат тұтқан оқу ордасының алдында бүгінде үлкен міндеттер тұр. Оның ең негізгісі – әлемдік оқыту стандарттарына сәйкес келетін білім беру әдісінің бірегей моделін құру. 

Жалпы, білікті маман тәрбиелеу үшін тек теориялық білімді қанағат тұ­ту жеткіліксіз. Әсіресе хореография саласы ізденушісінен жүйелі түрдегі тыңғы­лықты тәжірибелік дайындықты талап етеді. Балет өнері үшін аса маңызды осынау білім беру әдісіне мән берген Академия ұстаздары бүгінде «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларымен келісімге келіп, шәкірттерінің кәсіби сахналарда шеберлігін шыңдауына мол мүмкіндік сыйлап отыр. Атап айтқанда, 2017-2018 оқу жылында Академия оқу­шылары мен студенттері жалпы саны 27 спектакльде өнер көрсетіп, көрер­мен алдына шығуға жолдама алды. Олардың қатарында «Астана Опера» театрының: «Баядерка», «Дон Кихот», «Манон», «Қыз Жібек», «Корсар», сондай-ақ «Астана Балет» театрының: «Щелкунчик», «Жусан», «Жизель» сынды бірқатар үздік қойылымдары бар. 

Аталған тәжірибенің барлығы Хо­рео­графия академиясы талапкерлерін кәсі­би тұрғыда жетілдіріп, білікті маман атандыру бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың бір па­расы ғана. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнының тікелей бастамасымен Академия оқытушылары мен тәрбие­ленушілеріне әлемнің үздік білім ордаларына барып тәжірибе алмасуына жағдай жасалып, кәсіби біліктілігін арттыру бағытында да талай тыңғылықты жұмыс атқарылды. Академия ректоры Алтынай Асылмұратованың бастамасымен маңызды меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ өнері мен мәдениетін дамытуға, өнер саласындағы білікті де білімді маман тәрбиелеу жолында салып жатқан инвестициясы мен көрсетіп жатқан қамқорлығы балет аталатын сұлу да текті өнердің ертеңін кемел етіп, бейнелі би тілі арқылы қазақ атын ғаламға танытады деп сенеміз. Ол ойымызға күні кеше өнер ордасының ресми түрдегі оқушысы атанып, сахна төрінде өнер көрсеткен кездерінде от ойнап, әр қимылынан сенімділік пен сергектікті айқын аңғартқан жас талапкерлердің жастық жалыны мен тасқындаған талпынысы күмәнсіз иландырды. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»