Алғаш Үндістанның Кашмир ауданында өндірілуіне байланысты мата кашемир аталып, кең қолданысқа енген. Тіпті орта ғасырларда Еуропада ерекше бағаланғандығы сондай, ақсүйек өкілдерінің ғана қолы жететін бұйым саналған деседі. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді халық үшін жаттығы жоқ, етене таныс.
Ресейлік сән индустриясының озық топтамалары ұсынылған Астанадағы апталықта бүгінгінің арулары үшін де сәннен түспей отырғанын көзіміз көрді. Кашемирден тоқылған киімдерімен талай жерде топ жарып жүрген ресейлік фабрика соңғы сәнмен тігілген киім үлгілерін таныстырды. Аталған компанияның өкілі Людмила Лозовик бізге кашемир өндірісі мен матаны күтіп, сақтаудың жолдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, бір ешкіден бар болғаны 100 грамм түбіт қана алынатын көрінеді. Ал бір жемпір тоқу үшін кемі бір кило түбіт керек болса, пальто тоқу үшін 1 жарым килодан көп түбіт қажет. Ал үстіңіздегі сәнді киім үшін неше ешкінің жүні қырқылғанын өзіңіз елестете беріңіз.
Жылылығы өте жоғары
Жүн кез келген жануардан алына беруі мүмкін. Ал кашемир Моңғолия жерін мекендейтін ешкі жүнінен түтіледі. Мұндай ешкілердің саны көп те емес. Өйткені Цельсий шкаласымен жазда +40, қыста -50 градусқа дейін төмендейтін қатал табиғатта өсіп жетілген ешкі жүні ерекше қасиетке ие болады. Яғни ұзындығы 5 мм, жуандығы 14 микрон болатын түбіттің термиялық қорғанысы берік келеді. Кашемир әдеттегі жүн маталардан 8 есе жылы болады. Қазіргі уақытта кашемир маталары Моңғолияда, Қытайда, Үндістанда, Италияда өндіріледі.
Кашемир маталары неліктен қымбат?
Бір ешкінің жүнінен ұзағанда 200 грамм ғана түбіт алуға болады. Одан бөлек түбітті түтудің арнаулы тәсілі бар. Матаны күтіп киюдің, ақтаудың, жуудың да өз бабы болғандықтан қымбатқа түседі. Сапасы мен салмағы да кашемирдің бағасын анықтауда үлкен маңызға ие. Бұрын кашемир сатып алып көрмегендер сапалы мата таңдауда алданып қалуы да мүмкін. Сондықтан нарықта аты шыққан танымал брендтерге сенім артқан жөн.
Кашемирден тігілген киім ыстықтатпайды да, тоңдырмайды. Әсіресе жаздың салқын кештерінде жұқа кашемир палантинді оранып алсаңыз, одан артығы жоқ. Мысалы, кашемир орамалын иығынан тастамайтын Анджелина Джолиды айтуға болады.
2018-2019 жылғы сән үлгісі
Біздің тұтынушыларымыз трикотажды ерекше жақсы көреді. Қазір қозғалыс көп болғандықтан, көп жағдайда жайлылық үшін кэжуал стиліндегі киім үлгілерін шығарамыз. Бұл кез келген жастағы аруларымыз үшін өте ыңғайлы.
Биыл тік, еркін үлгідегі ашық, суық түсті кашемир пальтолар сәнде. Аксессуар таңдауда да өзіндік ерекшеліктерін назарда ұстаған жөн. Мысалы, табиғи сұр түсті пальтоға қызыл-сары түсті мойынорағыш үйлесімді келеді. Ұзын қонышты, өкшесі биік аяқ киімдер бойыңызды тіктеп, сымбатыңызды айшықтай түскен болар еді. Ақ, қара түс аксессуар талғамайды. Ақ түсті пальтоны қанық түстермен үйлестіруге болады, мысалы, ақ мойынорағыш, қызыл бәтеңке. Жалпы пальто таңдарда стилінен бұрын, жарасымды түсті өңіңізге сай таңдаған дұрыс. Әдеттегі классикалық түстерден гөрі қызыл, күлгін, сиякөк түстердің сұранысы артып тұр.
Қалай күтім жасаған жөн?
Кашемирді суық суға арнайы матаға арналған сұйықтықпен жуу керек. Болмай жатқан күнде балаларға арналған сусабын да жарап қалады. Онда да қара күшке салмай, еппен жумаса матаны бүлдіріп алуыңыз оңай. Сабынынан әбден арылтып, жақсылап шаю қажет. Матаны жылыту батареяларына қойып, фенмен кептіруге болмайды. Созылып кетпес үшін жайып кептірген дұрыс саналады. Ыстық емес, жылы үтікпен үтіктеу керек, ең абзалы бу үтіктері. Күтіп киген кашемир жылдар бойы өңін жоғалтпай жақсы сақталады, тіпті, өзіңізден кейін мұраға қалдыруға болады. Артыңыздан ерген ұрпағыңыздың «әжемнен қалған шәлі еді» деп жамылып жүргеніне не жетер?!
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»