Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Туризм саласының маманы жоқ

748 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті байқау кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.

Туризм саласының маманы жоқ

Жиында 2018-2019 оқу жылына оқуға студенттер қабылдау қорытындысы туралы университет ректоры Қылышбай Бисенов мәлімдеді. 18-26 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай және кешенді тестілеу кезінде 50-ден жоғары балл жинаған талапкерлер мемлекеттік білім беру грантын айқындайтын конкурсқа қатысуға ынта білдірді. Аталған білім ордасының қабылдау комиссиясына құжат тапсырған 3651 талапкердің 2485-і мемлекеттік білім беру тапсырысын иеленді. Соның 247-сі немесе 17%-ы ғана университет мамандықтары бойынша оқуға қабылданған.

– Бұл талапкерлердің бізді таңдамайтынынан емес, мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережесіне байланысты. Себебі жыл сайын білім гранттары педагогикалық бағыт бойынша және мақсатты түрде бейінді жоғары оқу орындарына бөлініп, ол оқу орындарына талапкерлер төмен балмен білім гранты бойынша түсті, – деді ректор.

Жиында байқау кеңесі Білім және ғылым министрлігіне «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы заңға сәйкес университетке 2019-2020 оқу жылында мақсатты түрде 500 мемлекеттік білім грантын бөлуді сұрап, хат жолдауға уағдаласты.

Одан кейін алдағы университеттің үш жылға арналған даму бағдарламасы таныстырылып, оқу орнының «шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын» мәртебесін «коммерциялық емес акционерлік қоғам» мәртебесіне көшіру жөніндегі ұсыныс талқыланды.

Облыс әкімі адами капиталдың маңызы артып, білім төрге озған заманда саннан гөрі сапаға баса мән берілетінін, мемлекеттік білім гранттары еңбек нарығындағы жағдай ескеріле отырып бөлінуі тиіс екенін айтты.

– Университет ұжымының назарын бірнеше мәселеге аударғым келеді. Біріншіден, оқытушылық құрамның ғылыми әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі керек. Екіншісі – үштілділік. Студенттер орыс және ағылшын тілдерін игерместен оқу орнын бітіріп шығады. Бұл олардың таным көкжиегін тарылтып, сұранысқа сай келмейтін мамандар қатарын көбейтеді. Үшіншіден, жастарды жаңа мамандықтарға баулу өте маңызды. Облыста, мысалы, туризм саласының маманын таппайсың. Сонымен қатар, университет корпустарын Wі-Fі интернет желісімен қамту қажет. Қазіргі күні студенттер түгілі, оқытушылар осы мүмкіндікті пайдалана алмай отыр, – деді облыс әкімі.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше