Парламент • 16 Қазан, 2018

Cенаторлар университеттегі цифрлық хабты аралады

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысынан сайланған сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жақында құрылған «Парасат» цифрлық хабында болып, студенттермен кездесті.

Cенаторлар университеттегі цифрлық хабты аралады

Хаб мамандары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, ауылдарға барып, цифрландыру технологиялары жөнінде әңгімелер өткізеді, технологиялармен таныстырады.

«Бізде қазір цифрландырудың бес технологиясы бар. Соларды шаруашылықтарға көрсетіп, олардың пайдасы жөнінде ақпараттар бердік, қазір оларды алып жатыр» дейді «Парасат» цифрлық хабының жетекшісі Алмабек Батыржанұлы. Сенаторлар оған үлкен баға берді. Білім ордасының еліміздегі ең өзекті «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына осылай үлес қосуы өте құптарлық екенін айтты.

Мұнан кейін сенаторлар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы, әсіресе жастарға қатысты мәселелер, туралы айтты.

«Жастар туралы Елбасының бұрынғы Жолдауларында да айтылып жүр. Мемлекеттік «Болашақ», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламаларының барлығы да жастардан сырт айналып кетпейтін. Енді Елбасы осы жолғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп атауды ұсынды. Мұндай шара бұрын елімізде болған емес. Жастар осы бағдарламаларды тиімді пайдаланып, оның жүзеге асуына үлесін де қосуы тиіс» деді сенатор Жеңіс Нұрғалиев.

Сенаторлар Елбасының осы жолғы Жолдауы негізінен елдің әлеуметтік тұрмысын көтеруге арналғандығына тоқталды.

«Экономика министрлігінің есептегені бойынша, елімізде 1 миллион 300 мың адамның жалақысы ең төменгі жалақыдан да төмен деңгейде болған. Жолдауда ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру туралы айтылды. Ал оны алған адамдар жалақысынан, яғни сол қосылған 42 мың теңгеден табыс салығы ұсталмайды. Мұндай көмек 9 миллиондай адамға қатысты. Бұл мемлекет үшін мәселелер,  қаншама қаржыға түседі, адамдарға үлкен қамқорлық» деді сенатор Серік Бектұрғанов.

Сенаторлар хабта студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше