Үкімет • 16 Қазан, 2018

Қазақстан және Литва жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан және Литва саяси тұрғыда жан-жақты ынтымақтастық пен әріптестікті белсенді түрде жалғастыруға, экономикалық дипломатияны және халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті. Екі елдің сыртқы істер министрліктерінің арасында өткен Қазақстан-Литва консультацияларының басты күн тәртібі осындай болды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан және Литва жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал литвалық делегацияны Сыртқы істер вице-министрі Дарюс Скусявичюс басқарды.

Келіссөздердің барысында Қазақстан-Литва байланыстарын жандандырудың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Қазақстан саяси диалогты әр түрлі форматтарда, соның ішінде жоғары деңгейде және парламентаралық алмасулар желісі бойынша дамытуға мүдделі. Тараптар халықаралық терроризмге, есірткі бизнесіне, климаттың өзгеру салдарына және басқа да жаңа қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен күрестің тиімділігін арттыруды одан әрі жалғастыратынын растады.

Қазақстан мен Литва БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлауда бір-біріне қолдау көрсетті.

«Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті немесе «ЭКСПО-2017» көрмесі болсын, біздің барлық негізгі бастамаларымыз әрқашан литвалық серіктестерімізден қолдауын табатын, мәселен, Литва ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюдың белсенді жақтаушысы және осы маңызды келісімді бірінші болып ратификациялаған елдердің қатарында болды», - деді Р. Василенко.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Литва көрсеткіштерге сәйкес ЕО елдерінің арасындағы алғашқы 10 елдің қатарына еніп, Қазақстанның Балтық және Солтүстік Еуропа елдеріндегі ең ірі сауда әріптесіне айналды. Дипломаттар  үстіміздегі жылдың алғашқы сегіз ай ішінде тауар айналымы артқанын белгіледі. Қазақстандық мәліметтер бойынша, ол 527 млн. долларды құрайды, ал 2017 жылы 722 млн.долларды құраған. Бұл дегеніміз, екіжақты сауда айналымының төмендеу үрдісі байқалған жағдайдан шығып келеді, сондықтан тараптар  осы жағымды үрдісті нығайтуға ниетті. Тараптар оған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының белсенді жұмысы ықпал ететіндігін атап өтті, оның келесі отырысы келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

«Қазақстан-Литва экономикалық әріптестігінің мазмұнды бөлігін әртараптандыру үшін кешенді тәсілдеме әзірлеу қажет», - деді Д. Скусявичюс.

Екі ел арасында өзара қарым-қатынастардың, соның ішінде сауда-экономикалық, ғылыми, білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы берік шарттық-құқықтық базасы құрылған.

Көлік саласындағы ынтымақтастық басым бағыт болып қала бермек. Транзиттік, көліктік қатынастар мен логистика мәселелері талқыланды, бұл жүк ағынын дамыту және әртараптандыру қажеттілігіне байланысты. Іске қосылған жаңа контейнерлік тасымалдау қызметтері, 2018 жылдың мамыр айында ашылған Астана мен Вильнюс арасындағы тікелей әуе қатынасы екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастықтығына жаңа мүмкіндіктер береді.

Тараптар «жаңа экономика» деп аталатын саланы дамытуға бірлесіп жәрдемдесуге келісті. Вильнюс Еуропадағы қаржылық технологияларды (Fintech) дамытудың жаңа орталықтарының бірі болмақ, ал Қазақстанның астанасы – өңірлік қаржылық хабқа айналмақ, бұл «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ашылуымен байланысты. Қазіргі уақытта АХҚО және Литва Банкі сарапшыларының деңгейінде еуропалық және азиялық юрисдикциялардың арасында жалғастырғыш тетіктерін құру мәселесі қарастырылуда, бұл ҚР мен Литваның өңірлік қаржы орталықтары ретіндегі позицияларын одан әрі нығайтуға қуатты серпін береді.

Өңірлер арасындағы байланыстарды дамытуға және достық институтына прагматикалық сипат беруге ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Литва ірі қалаларының арасында бауырлас қалалық қарым-қатынастарды орнату мәселелері қарастырылуда.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Осы бағытта осы жылы Қарағанды облысында қуғын-сүргінде болған литвалықтардың жерленген жеріне келген «Миссия Сібір» жастар экспедициясы үлкен қадам жасады. Делегацияны Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері бірге алып жүрді.

Білім және ғылым саласындағы байланыстары кеңейтілуде. Литваның жетекші жоғары оқу орындары мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында байланыстар орнатылды. Жалпы алғанда, 150-ге жуық қазақстандық студент жыл сайын Литваның жоғары оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өтуде. Литвалық тараптың айтуынша, соңғы 6 жылда Қазақстанның мыңға жуық азаматтары осы елде жоғары білім алған.

Халықаралық мәселелер арасында Украина, Сирия, Ауғанстан және Орталық Азиядағы жағдайлар талқыланды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, ЭЫДҰ, МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы екі елдің ықпалдастығына ерекше назар аударылды.

Сол күні Литва Сыртқы істер министрлігінің делегациясын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қабылдады.

Келіссөздер екі елдің қарым-қатынасы үшін дәстүрлі достық жағдайда өтті.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше