Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Маңызды қадамдар атап көрсетілді

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

«Нұр Отан»  партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылжар өңірінде болып, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Елбасы белгілеп  берген басым бағыттардың орындалу жайымен танысты. Кәсіпорындар мен мекемелерде өткен кездесулерде өзекті мәселелерге назар аударылды.

Маңызды қадамдар атап көрсетілді

Сапар барысында Төрағаның бірінші орынбасары қолбасшы, ақын, әз-Тәукенің сенімді серіктерінің бірі, атақты «Елім-ай» дастанынының авторы Қожаберген жырау Толыбайұлына арналған  еңселі ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Маңызы зор жиында сөйлеген сөзінде ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мәдени, рухани құндылықтарымызды қастерлеу, ұлттық кодымызды жаңғырту, сана-сезімімізді таптаурын қағидалардан арылту бағытында   ауқымды жұмыстар атқарылғанын, ерлігі мен өрлігі , ақылгөйлігі мен парасаттылығы, өмірі мен шығармашылығы жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге тұлғаны ұлықтау игілікті шаралардың заңды жалғасы болып табылатынын, атын ардақтап, рухына тағзым ету қасиетті борышымыз екенін атап көрсетті. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бір бойына батырлық, қолбасшылық, ақындық, сазгерлік, күйшілік, көрегендік асыл қасиеттерді тоғыстырған бабамыздың бай мұрасын терең зерттеп, насихаттау болашақ ұрпақ алдындағы басты парыз болу тиістілігін жеткізді.

Бұдан кейін М. Әшімбаев  90 жылдық тарихы бар С. Киров атындағы зауыттың ұжымымен кездесіп, өндірісті жаңғырту, озық технологияларды  енгізу барысымен танысты. Бір кездері «Медеу» магнитоласын, сондай-ақ түрлі радиоқұрылғылар шығарып, атағы шартарапқа танылған кәсіпорынның қазіргі аяқалысы  нарық талаптарымен үндес. Бастапқыда газ бен электр энергиясын есептегіш құралдары, ток трансформаторлары,электрқозғалтқыш қорғау қондырғылары, автомобиль насостары мен көтергіштер, тәжірибе жинақтай  келе 3D принтерлерін, бесінші дәрежелі баспа платаларын, сандық телевизия және ұялы байланыс кешендерін өндіре бастады. Төрағаның бірінші орынбасары жұмысшы-қызметкерлердің назарын Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі экономиканың инновациялық және қызмет көрсету секторын дамыту мәселесіне аударды. Сіздер инновациялық белсенділік жағынан алда екенсіздер.Мұның өзі жұмыстың тиімді ұйымдастырылғанын көрсетеді, деді.

Елбасы талаптарының бірі халық тұтынатын тауарлардың ауқымды  номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарға көмектесу маңызды. Бұл идеяны «Радуга» ЖШС-і  табысты жүзеге асырып келеді. Кәсіпкер Дмитрий Шарапаев «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екі миллиард теңге субсидия рәсімдеп, құрғақ таңғы ас, жүгері таяқшалары, тез дайындалатын кеспе, пластик  ыдыс-аяқтар, не керек, тауарлар мен тағамдардың 500- ден астам түрі шығарылады. 400 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Ішкі сұраныстан артылғаны Ресей мен Қытайға жөнелтіледі. Алдағы уақытта құны 10 миллиард теңге болатын төрт озық жоба игерілмек. Нәтижесінде жүздеген жұмыс орындары құрылады. Мәулен Сағатханұлы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының тиімділігі ескеріліп, Елбасы  қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуға шешім алғанын, жыл сайын қосымша 30 миллиард теңге қарастыруға тапсырма жүктегенін, осындай қолдаудың арқасында үш жылдың ішінде 22 мың адамды еңбекке тартуға,  224 миллиард теңге салық жинауға , 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік беретінін айтты.

Партияның өңірлік активімен өткен  кеңесте Жолдау талаптарын сапалы әрі уақытылы орындаудың тетіктері қарастырылып, талқыланды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жетекшісі, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  «Қазақстан-2021: Бірлік, Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды тұғырнаманың орындалу барысымен таныстырды.

Төрағаның бірінші орынбасары Президенттің  стратегиялық бастамаларын іске асыруға барлық нұротандықтар болып жұмыла атсалысуға шақырды. Атқарылған жұмыстардың сапасына  қоғамдық мониторинг пен бақылау жүргізу саяси ұйымның басты міндетіне айналуы тиіс. Партиялық жобалар «Цифрлы Қазақстан» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын орындауға үлес қосуға бағытталуы керек.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студент-жастармен өткен жүздесуде жастар мен отбасы институтын кешенді қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатыны айтылды.  Елбасы жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсырды. Келесі жыл «Жастар жылы» деп жраияланды. Халықаралық талаптарға сай оқуға, білім алуға, еңбек етуге зор мүмкіндіктер беріліп отыр. Қосымша гранттар бөлу, жатақханалар салу секілді маңызды жобалар рет-ретімен жүзеге асырылады. Жаңа мазмұнмен одан әрі толықтырыла түседі. Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен маңызын жете түсінгенде ғана қоғамдағы жаңғыру зор серпінге ие болады, деді  М. Әшімбаев.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше