Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Қарағандылық оқушылар халықаралық чемпионатта жеңіске жетті

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Калининград қаласында «Ресейдің цифрлық болашағы» инженерлік-техникалық шығармашылық фестивалі аясында робот техникасы бойынша өткен халықаралық чемпионатта Қарағанды облысының командасы үш  алтын және бір қола медаль жеңіп алды.

Қарағандылық оқушылар халықаралық чемпионатта жеңіске жетті

Байрақты додада тұңғыш рет бақ сынаған Қарағанды облысы командасының сапында  10-15 жас аралығындағы жеті оқушы ел намысын қорғады. Олардың арасында қаладағы №38 мектеп-гимназияның оқушылары және «RoboClub» робот техникасы мектебінің тәрбиеленушілері болды. 

Қарағандылық оқушылар «Сумо» және «Робофутбол» аталымдары бойынша күш сынасқан болатын. Роботтар сумосы – «Лего» бөлшектерінен құрастырылған екі роботтың бір-бірін белгіленген шеңберден ығыстырып шығаруы бағдарламаланған пән. Ал «Робофутболда» роботтардан құралған екі команда өзара сайысқа түсті. Олардың мақсаты – белгіленген уақыт ішінде қарсылас қақпаға мейлінше көп гол соғу.

Осымен екінші рет ұйымдастырылған чемпионат қорытындысында «Робофутбол» аталымы бойынша жұптасып өнер көрсеткен Давид Шуралев пен Станислав Боне, Даниил Пинигин және Евгений Лукьянов, сондай-ақ Илья Поветин мен Даниил Муллеровтың тобы үздік шықты. Құраманың ең жас мүшесі 10 жасар Андрей Машкин «Сумо» аталымында қола медальға қол жеткізді. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше