Әлем • 17 Қазан, 2018

Қазақстан-Финляндия қатынастарының жаңа кезеңі басталды

970 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндия Республикасына келді. Бүгінде Қазақстан-Финляндия қарым-қатынастары жоғарғы деңгейге шығып, екі мемлекет халықаралық және өңірлік маңызды мәселелер бойынша бір-біріне белсенді қолдау көрсетіп отырған сенімді серіктес және саяси әріптес болып есептеледі. 

Қазақстан-Финляндия қатынастарының жаңа кезеңі басталды

Мемлекет басшысы Финлян­дияға сапарының алғашқы күні Хельсинкиде «Nokia» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті. 

Қазақстан Президенті «Nokiа» бренді телекоммуникациялық са­ладағы жетістіктері арқы­лы әлем­ге танылғандығын және ком­пания Қазақстанның сенімді серік­тесіне айналғандығын атап өтті. 

– «Nokiа» компаниясы 2007 жылдан бері біздің елімізбен қарым-қатынас орнатты. Қазіргі күні компанияның қаржы айналымы 20 млрд АҚШ долларын құрайды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев компания басшылығына Қазақстан­да автоматтандыру, роботтан­дыру және жасанды интеллект әдіс­терін өндіріске енгізу арқы­лы ең­­бек өнімділігін арттыру қол­ға алынғандығы туралы ай­тып, «Цифрлы Қазақстан» бағдар­л­ама­сының енгізілуіне жеке тоқталды. 

Өз кезегінде Ристо Сииласмаа аталған кездесуге мүмкіндік жасағандығы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіріп, қазақстандық компаниялармен қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін жеткізді. 

– Сіз әлемде өте танымал тұл­­­­­ға­­­­сыз және технологиялық да­му­­­­дың маңызын түсінетін са­нау­­­­­лы мемлекет басшылары­ның бі­рі­сіз. Мен Сіздің цифр­лы тех­­­но­­логияларға аса көңіл бөле­­­тін­­­ді­гіңізді білемін, – деді Р.Сииласмаа.

Кездесу соңында тараптар жаңа байланыс технологияларын, оның ішінде инновациялық экожүйені дамыту мен экономика салаларын цифрландыру жобаларына 5G стандарттарын енгізу мәселелерін талқылады. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Фин­ляндия бизнес өкілдерімен кез­десуі жылы шырай, ашық-жар­қын әңгімеге негізделді. Оның да бір сыры бар. Мемлекет бас­шысы Хель­синкиге осыдан 9 жыл бұрын мем­лекеттік сапармен келгенде Фин­ляндияның биз­нес-капи­тан­­дарымен арада дәл осындай жо­ғары нәтижелі сұхбат болған еді. 

Бұл жолы Мемлекет бас­шысымен кездесуге тек Суо­ми­­да ғана емес, Еуроодаққа, тіпті әлем­ге танымал кәсіпкерлер қатысты. 

Нұрсұлтан Назарбаев Фи­нлян­дия Республикасы Қазақ­станның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.

Тәуелсіздік жылдары Фин­лян­дия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвес­тиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіп­орын тіркелген, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­­станның тиімді бизнес жүр­гізу үшін жаңа мүмкін­дік­терге жол ашатынын айтып, бү­гінгі кездесудің мақса­ты эко­но­мика­лық қарым-қатынас­тарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.

– Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жо­ба­ларды іске асыру барысын­да корпоративтік, жер және мү­лік салықтарынан босату қарас­тырылған, жер қойнауын пай­далануға лицензия алу және келі­сім­шарттар жасасу тәртібі же­ңіл­детілген. Сондай-ақ шетел­дер­ден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алусыз жүр­гізіледі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жиынға қа­тысып отырған бизнесмендер­ге Қазақстанда жүргізіліп жат­­қан ауқымды жекешелендіру жө­­нін­де және бұл іске шетелдер­ден, соның ішінде фин инвестор­ла­ры­нан сұраныс бар екенін айтты.

– Біз Финляндия-Қытай бағы­ты бойынша Қазақстан аума­ғы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді бұл бағыт бойынша және кері қарай жөнелтілетін контей­нер­лік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ауыл шаруа­шылығы тауарларын өнді­ру­шілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыру үшін белсенді атсалысуға шақырды.

– Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бет алды. «Цифрлы Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарлама­сы жүзеге асырылуда. Фин ком­па­ния­ларының осы саладағы тәжіри­бесін ескере отырып, бұл біздің ынтымақтастығымыз үшін перспективті алаң бола алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшы­лықтары және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржа жөнінде айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ амери­калық биржасының атсалыс­қанын атап өтті.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақыра­мын, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлері екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығай­ту үшін Қазақстанда жасалып отырған барлық мүмкін­діктерді пайдаланатынына сенім білдірді.

Атап өтерлігі, Қазақстан мен Финляндияның сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 307,9 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында сауда айналымы 160 млн АҚШ долларына жеткен. Соңғы 13 жылда (2005 жылдан 2018 жылдың 1 тоқсанында) Қазақ­станға Финляндиядан тартыл­ған тікелей инвестиция көлемі 334 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Қазақстанда фин тара­пы­мен бірлескен кәсіпорын­дар­дың саны жүзден асып жығылады. 

Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық қарым-қаты­нас­тарының негізін химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен-металлургия кешені, құрылыс материалдарын шығару, жоғары технологиялық сыр өндірісіндегі байланыстар құрайды. 

Қазақстан-Финляндия қарым-қатынастары «жасыл» экономика саласында да қарыштап дамып келеді. Нақтырақ айтқанда, 2013 жылы Қазақстан мен Финляндия арасында «жасыл» экономиканы дамыту және жаңғырту сала­сындағы ынтымақтастық тура­лы Декларацияға қол қойыл­ғаны белгілі. Ал 2014 жылы Финлян­дия Республикасы «Алтын көпір» ықпалдастық бағдар­лама­сы туралы хартияға қол қой­ды. Оған қоса, 2017 жылы «жасыл қар­жы­лан­дыру» аясында Қазақ­станға Еуропа даму және қайта құру банкі арқылы 1 млн еуро бөлінді. 

Елбасы сапарының аясында Қазақстан машина жасаушылар одағы мен Финлян­дия са­лалық технологиялар феде­рациясы арасында машина жасау саласында өзара іс-қимыл және ынты­мақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойылды. Бұл эко­но­­ми­ка­ның көптеген саласында, атап айтқанда инженерия, стартап жобалар, жаңа тех­но­логиялар, инновация мен маши­на жасау салаларындағы 1600 кәсіп­орынның жұмысын үйлестіріп отырған федерация­мен келісімнің болашағынан зор үміт күтілуде. Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төраға­сы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың айтуынша, жаңа келісім екі ел арасын­дағы бизнес-жобалардың дамуына серпін беруі тиіс. Соны­мен қатар Финляндия салалық технологиялар федерациясын «Nokiа» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмааның басқаруы қазақ-фин іскерлік байла­ныс­тары­ның көкжиегін кеңейте түспек.

– Бұл келісім Қазақстан-Фин­лян­­дия кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидаты бойынша бай­ла­ны­суға мүмкіндік аша­­ды. Соның нәтижесінде әлемде инно­ва­циялық жаңашыл­дық­тары, тың ойлары арқылы ойып тұрып орын алатын Фин­ляндия бизнес өкілдерімен сауда-эконо­микалық байланыс­тар нығая түспек, – деді келіссөздер қоры­тындысы бойынша сұхбат берген М.Пішембаев. 

Жалпы, Мемлекет басшысы­ның Финляндия Республикасына ресми сапары аясында бірінші күні 20-дан аса коммерция­лық құжатқа қол қойылды. Ал бүгін қол қойылуы тиіс құжаттар қата­рында Қазақстанның Энер­гетика министрлігі, сондай-ақ Финляндияның Экономикалық даму және қамту министрлігі және Финляндияның қорша­ған орта министрлігі арасында энергетика және «жасыл» эко­номика саласындағы стр­ат­­е­гия­лық ынтымақтастық жөнін­дегі өзара түсіністік туралы меморандум және Қазақстанның Инвес­­тициялар және даму ми­нистр­­лігі мен Финляндия­ның Көлік қауіп­сіздігі жөніндегі агент­­­тігі ара­сындағы өзара түсі­ніс­­­тік тура­лы меморандум бар. 

Елбасы сапары бүгін де жалғасады. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Хельсинки (Финляндия)

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше