Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Өңірдің дамуына оң баға берілді

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында кеше Ақтөбедегі бірқатар нысанда болды. Елбасына облыс орталығының даму барысы, сондай-ақ Ақтөбе агломерациясын, «SmartCity Ақтөбе» жүйесін дамыту барысы таныс­тырылды. Сапар барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық қарқынына оң баға берген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдаудағы және өңірлік деңгейде шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өтті.

Өңірдің дамуына оң баға берілді

Қазақстан Президенті алдымен Ақтөбедегі Энергия тиімділі­гі орталығының жұмысымен таныс­ты. Бұл орталықтың негізгі міндеті – баламалы энергетика тех­нологиясын көрсету және тұр­ғын үйлерді ыстық сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін оны пайдалана білуге үйрету.

Орталықтың ғимараты күн панелдерімен, газ поршенді стансамен, геотермальді жүйе­мен, сондай-ақ жел генераторларымен жаб­дықталған. Мұнда Қала тір­шілігін қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық инженерлік желі­леріне мониторинг жүргізу ор­талығы, Халық­қа қызмет көрсету орта­лығы, Облыстық ішкі істер де­пар­таментінің Жедел бас­қа­ру ор­та­лығы, Ақтөбе қала­сы­ның «Ал­маты» ауданы әкімі­нің ап­па­раты ор­наласып, жұмыс жүргізуде.

Нұрсұлтан Назарбаев енгі­зілген жаңалықтарға оң баға беріп, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесінде таныс­ты­рыл­ған «жасыл» технологиялар­ды тәжірибеде қолданудың ма­ңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Ақтөбе қа­ла­сының әкімі Қазақстан Прези­дентіне облыс орталы­ғының даму барысы, сондай-ақ Ақтөбе агломерациясын, «SmartCity Ақтөбе» жүйесін және қаланың қоғамдық кеңіс­тігін құру жөнінде берілген тап­сыр­малардың орындалуы туралы мәлімдеді.

Соңында Елбасы Ақтөбе қала­сының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев дарынды балаларға арналған «Әсем» білім беру және таным орталығының жұмысымен танысты. Бұл білім мекемесінің мақсаты – балалардың зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.  

Орталықтың тәрбиелену­шілері Қазақстан Президентіне оқу аудиториялары мен лабора­то­рия­лық кабинеттерді көрсетті.  
Нұрсұлтан Назарбаев жас жет­кіншектерге «Болашақ» сти­пендиясы, Назарбаев Уни­вер­­ситеті, Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері және олардың жалпы ел эко­но­микасына тигізіп отыр­ған пай­дасы жөнінде әңгімелеп берді.

– Облыс жастары мұнай-газ саласы бойынша білім алуға тырысады. Бүгінде мұнай бағасы қалыпты, бірақ бірнеше жылдан кейін оның құны төмендеп, мұнай өндіру азаюы мүмкін. Сондықтан болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жұрт­шылық өкілдерімен әңгімелесу барысында Ақтөбе облысының еліміздегі тез өркендеп келе жат­қан өңірлердің бірі екенін атап өтіп, 20 жыл ішінде Ақтөбе қала­сының тұрғындары екі есе көбей­генін және қазіргі уақытта жарты миллионнан асқанын айтты.

– Ақтөбе бай табиғи ресурс­тарының, дамыған өндірісі мен кен өндіру саласының арқасында Батыс Қазақстанның орталығы­на айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстың әлеуметтік-эконо­микалық даму қарқынына оң баға берген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдаудағы және өңірлік деңгейде шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өтті.

– 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өсетін болады. Бұл 40 мың ақтөбеліктің әл-ауқатына оң ықпал етеді. Олардың жартысы – бюджет саласының қызметкерлері.  Ірі кәсіпорындар осы бастаманы қолдайды деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және жергілікті маңызы бар жол­дардың сапасын жақсарту мәсе­лелеріне арнайы тоқталды.

– Облыстың географиялық жағ­­­дайын ескере отырып, Еура­зия эко­номикалық одағы­на мүше елдермен сауда-сат­тық жасаудың транзиттік мүмкін­діктерін кеңейту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сапар қорытындысы бойынша журналистер алдында сөйлеген сөзінде өңір басшылығының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс­тарына жоғары баға берді.

– Облыс экономикасы өсіп, жол­­дар, мектептер салынып, қала инф­ра­құрылымы дамуда. Ақтө­бе­ліктердің әл-ауқаты жақ­са­рып келеді. Жергілікті атқа­ру­шы органдар халықтың тұр­­мыс сапасын арттыруға және «Бес әлеу­меттік бастама» мен «Қазақ­­стан­дықтардың әл-ауқа­ты­­ның өсуі: табыс пен тұр­мыс сапа­сын арттыру» атты Жол­дау­ды одан әрі іске асыруға күш жұ­мыл­дыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше