Қазақстан • 17 Қазан, 2018

Ішкі жалпы өнім өсімі – 4,1%

494 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет оты­рысында 2018 жылғы тоғыз айдағы еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. 

Ішкі жалпы өнім өсімі – 4,1%

Жалпы, 2018 жылғы қаңтар-қыр­күйек аралығында Қазақстан экономикасы өсімнің оң қарқынын сақтады. «Есепті кезеңде ІЖӨ өсімі 4,1%-ға де­йін артты. Бұл осы жылдың сегіз айын­дағы көрсеткіштен 0,3 пайыздық тар­­маққа жоғары. Базалық салалардың ішін­де сауда мен құрылыс саласындағы сер­піннің қалпына келуі өсімнің үдеуіне негізгі үлес қосты. Сондай-ақ инфля­ция­лық қысымның жеңілдеуі және ин­вестициялық сұраныстың артуы эко­номикалық белсенділіктің импульсы болып отыр», деді Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов.

Кәсіпорын­дардың инвестициялық белсенділігінің жоғары көрсеткіші сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6%-ға өсті. Тоғыз айда өнеркәсіп өнді­рісінің өсімі 4,8%-ды құрап, өткен айдың деңгейінен 0,1 пайыздық тармаққа асып түсті. Өң­деу өнеркәсібінде өсім 5,1%-ды құра­ды, бұл мақсатты көр­сет­кішке сәйкес келеді. Бұған қол жет­кізу түсті металдар өн­дірісінің 4,5%-ға, мұнай өңдеу өнімдері өн­дірісінің 7,5%-ға, химия өнеркәсібі өн­ді­рісінің 8,2%-ға, қағаз және қағаздан жа­сал­ған өнімдер өндірісінің 9,2%-ға, жиһаз өн­ді­рісінің 5,1%-ға, сондай-ақ машина жасаудағы өнім шығарудың 14,5%-ға артуынан туын­дады. Тау-кен өн­діру өнер­кәсібінде өсім қарқыны 4,9%-ды құра­ды. Бұл тұста көмір, лигнит және мұнай өндіру көлемінің өскені байқалады.

Бұдан өзге қызметтер көрсетуде 3,9%-ға қалыпты өсу байқалады. Негізгі үлес­ті қосқан сауда саласы. Ал сыртқы сау­да айналымы тұрақты өсім қарқынын сақ­тап, сегіз айда өсім 21,6%-ды құрады. Экс­порт 28,2%-ға, импорт 10,8%-ға артты.

Еңбек нарығында жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмыспен қамтылған (1 қа­зандағы жағ­дай бойынша). Еңбекақы қалыпты қар­қын­мен өсуде. Осы жылдың қаңтар-қыр­күйек айларында орташа айлық еңбекақы 158,2 мың теңгені құрап, нақты мәнінде 1,9%-ға өсті. Еңбекақының өсуі мен инфляциялық процестердің бәсеңдеуі жағдайында нақты ақшалық кірістер қаңтар-тамыз аралығында 3,5%-ға артты.

Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев жыл басынан бері инфляция деңгейі 3,3% болғанын хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Д.Ақышевтың болжамы бо­йынша, биыл инфляция 5-7% дәлізінде сақталады. Сондай-ақ Д.Ақышев Ұлттық банктің базалық мөл­шер­лемені 9%-дан 9,25%-ға дейін арт­тыру туралы шешімін хабарлады. Қыр­күйек айының соңында ұлттық валю­та­да­ғы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 млрд теңгені құрады. Шетел валюта­сын­дағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін азайды.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов биылғы тоғыз айда мемлекеттік бюджет кірістерінің (трансферттерсіз) өсімі былтырғы сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда екі есе артқанын жеткізді. Шығыстар былтырғымен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа артық болған.
«Республикалық бюджеттің кірісіне 4066 млрд теңге түсті. Бұл жоспарланған көр­сеткіштен 131 млрд теңгеге немесе 103,3%-ға артық. Өсу қарқыны өткен жыл­­дың 1 қазанымен салыстырғанда 119,5% немесе 662 млрд теңгені көр­сет­ті. Оның ішінде шикізаттық емес кіріс­­­тер 501,4 млрд теңгеге артты», деді Ә.Смайылов. Республикалық бюджеттің шы­­ғыс­­тары 7,092 трлн теңгені немесе 99,2%-ды құрады. 1 қыркүйекпен са­лыс­­тыр­­­­ғанда игеру көлемі жақсарды. Жер­­гі­л­ік­т­і бюджеттер шығыстары 3,496 трлн тең­гені құрады. Атқарылмағаны – 32 млрд теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылд­ың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге кем. 

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық да­муы мен республикалық бюджеттің орын­далу қорытындыларын қарау нәти­жесі бойынша Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаев ІЖӨ өсімі тоғыз айдың қо­ры­тындысы бойынша 4,1%-ды құрағанын атап өтті. 

Сондай-ақ Б.Сағынтаев күн тәрті­бінде екінші болып қаралған «Прези­дент­­тің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру жөнінде де бірқатар нақты тапсыр­ма берді.

Мемлекет басшысының әрбір бастамасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Халықтың тұрмыс сапасы мен деңгейін арттыру – жал­пыұлттық басымдық. Бірінші баста­ма бойынша Премьер-Министр «7-20-25» бағдарламасын іске асыру­дың және оны жүзеге асырудағы жергілікті ат­қарушы органдар жұмысының ма­ңыз­дылығын атап өтті. Үкімет мүше­­лерінің назарын жұмысты жандандыру қажеттігіне аударды. «7-20-25» бағ­дарламасы бойынша тұрғын үй салу үшін барлық мүмкіндік бар, қаржыландыру мәселесі шешілген. Кейбір өңірлерде бұл бастама жоғары деңгейде іске асырылып жатыр, алайда жұмыстардың төмен қарқынмен жүргізіліп жатқаны да байқалып отыр. Бұл құрылыс қар­қыны­ның сұранысқа байланысты екендігімен түсіндіріледі. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне құрылыс компания­ларымен және банктермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Екінші бастама бойынша бар­лық дайындық жұмыстары жүргізілгені атап өтілді. Төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын арттыру үшін салық жүктемесін төмендету бо­йынша қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады.
Үшінші бастаманы іске асыру аясында Б.Сағынтаев Білім және ғылым ми­нистр­лігіне облыс әкімдік­тері­мен бір­ле­сіп, студент жастарды жатақ­хана­лар­­мен қам­­та­масыз ету жұмыстарын жан­­дан­дыру­ды тапсырды. Бұл орайда Қаржы ми­нистр­лігі жатақханалар құры­лы­сын қар­жы­лан­ды­руды біртіндеп арттыруы тиіс.

Төртінші бастаманы іске асыру бо­йынша Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне облыс әкімдіктерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бір ай ішінде кәсіпкерлердің шағын несие алулары үшін туындап отырған барлық мәселелерді шешуді тапсырды.
Ел халқы газдың жүргізілуін күтіп отыр. Осыған орай бесінші бастаманы іске асыру аясында «Сарыарқа» газ құ­бырының құрылысы белгіленген мер­зімде басталып, уақтылы аяқталуы керек. «Президенттің бес әлеуметтік бас­та­­ма­сы­ның» жүзеге асырылу бары­сы­на әр ап­та сайын мониторинг жүргізілетін болады.

Отырыста қаралған үшінші мәселе –  жекешелендіруді жүргізу барысы туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Қазіргі уақытта Жекешелендірудің кешенді жоспарының 887 нысанының 524-і сауда-саттыққа шығарылып, олар­дың 444-і сатылды. 287 нысан қай­та ұйымдастырылу және таратылу сатысында. 12 нысанды жекешелендіру тіз­бе­сінен алып тастау туралы Эконо­миканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мем­ле­кеттік комиссияның шешімі қабылданды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Б.Сағынтаев жалпы ныс­ан­дардың сатылымы кестеге сәй­кес жүр­гізіліп жатқанын айтты. Деген­мен, орталық мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдар мен хол­дингілер кейбір нысандарды жекешелендіру мерзімдеріне назар аударып, оның сатылымға шығарылуын жеделдетуі керек. Президент тапсырмасына сәйкес, жекешелендіру мемлекет үшін барынша тиімді болуы тиіс.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»