Медицина • 18 Қазан, 2018

Астанаға көгілдір отын қашан келеді?

664 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жуырда Үкіметтің кезекті отырысында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында Астана қаласына табиғи газ тартуға қатысты «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының жобасы қаралды.  

Астанаға көгілдір отын қашан келеді?

Астананы табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі аз айтылып келе жатқан жоқ. Тіпті, тарихқа тереңірек үңілетін болсақ, алғаш рет Ақмолаға табиғи газ тарту мәселесі өткен ғасырдың ортасында, 1963 жылы тілге тиек етіле бастаған екен. Мәселен, тың өлкесінің орталығы – Целиноград қала­сын да­мытудың бас жос­парын­да электр энер­гиясының тап­шылығына байланыс­ты қалада сұйытылған газды кеңінен пай­далану – уақытша қолға алынған мүм­кіндік, болашақта қала табиғи газбен қамтамасыз етіледі деп атап көрсетілген. Алайда, содан бері алпыс жылға жуық уақыт өтсе де бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Басқасын былай қойғанда, еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Астана қаласына табиғи газ тарту мәселесіне қатысты бірнеше ірі жоба қолға алынып, жүзеге аспай қалды.

Ғасырлар тоғысындағы 2000 жыл­дардың басында Орталық Қазақ­станды, кейінірек Солтүстік Қазақстанды «Бұ­қара – Орал» магистралдық газ құ­быры арқылы көгілдір отынмен қам­тамасыз ету жобасы туралы мәселе қоз­ғала бастады. Ресейдің Челябинскі облысының аумағында орналасқан Қарталы компрессорлық стансасы­нан Тобылға дейін, одан Қос­танай­ға дейін газ құбыры келетін. Міне, осы желіні одан әрі жал­ғастырып, Тобыл – Көкшетау – Астана бағыты арқылы газ құбырын тарту жобасы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері түрлі деңгейде қозғалып жүрген мәселе болатын.

Мемлекет басшысы 2012 жылы 28 қаңтарда жария­ланған «Әлеуметтік-эконо­микалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жол­дауында «Үкіметке елдің, Астананы қоса алғанда, орта­лық өңірін газдандыруды қам­тамасыз ететін құбырлы өт­­кізгіш жүйесін жоспарлап, жүзе­ге асы­руға кірісуді тапсы­ра­­мын», деп атап көр­сетті. Сол-ақ екен айналасы айға жетпей «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы Үкіметке «Батыс – Солтүстік – Орталық» газ құ­бырын салу жобасын ұсынды. Үкімет бұл жобаны мақұл­дап, техникалық-экономикалық н­е­­гіздемесін жасауды тапсырды. Жобаны іс жүзіне асыратын арнайы «АстанаГазҚМГ» атты компания да құрылды. Жоба бойынша газ құбырының ұзындығы 1200 шақырым, құбыр диаметрінің көлемі 1020 мм, газ өткізу қуаты жылына 6 миллиард текше метр­ге жететін болды. Жобаның жалпы құны 328 миллиард теңге немесе 2,2 миллиард АҚШ долларын (2012 жылы 1 АҚШ долларының ресми бағамы 149,11 теңгеге тең болатын) құрады. Бұл қаржының 253,5 миллиард теңгесі негізгі құбыр жүйесін 74,5 миллиард теңгесі тарату желілерін салуға жұмса­латын болды. «Солтүстік құбыр» деп те атал­­ған бұл жобаның негізгі мә­ні, өткен ғасыр­­дан бері талқыланып ке­ле жатқан Қар­талы компрессорлық стан­сасынан Руд­ный қаласына дейін келіп тұрған газ құбы­рын халықаралық «Бұқара – Орал» магистрал­ьдық газ құбы­рына жалғау, сол арқылы Ресей газын тұтынуды көздейтін еді.

Бұл газ құбырын тарту мемлекет үшін өте қымбатқа түсетін жоба болды. Сондықтан Үкімет қайткен күнде де жоба құнын арзандатуды талап етті. Сөй­тіп 2013 жылы бұл жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. 

Жаңа негіздеме бойынша енді газ құбырының ұзындығы 830 шақырым, құбыр диаметрінің көлемі 720 мм, газ өткізу қуаты жылына 1,5 миллиард текше метр болатын болды. Алғашқыда газ өткізу қуаты 6 миллиард текше метр болады деп жоспарланған газ құбырының айналасы жарты жылдан кейін 1,5 миллиард текше метрге дейін төмендетілгені туралы сол кездегі еліміздің Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев «құбырдың газ өткізу қуаты 1,5 миллиард болса,­ менің ойымша, 10-12 жылға толық же­те­тін болады», деген бұлыңғырлау түсінік берді. Биылғы жылдың басында берген бір сұхбатында Энергетика ви­це-министрі Мағзұм Мырзағалиев «Солтүстік құбыр» жобасының алғашқы есептерінің тым жоғары жасалғандығын атап көрсетіп, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету үшін 2,5 миллиард текше метр газдың толық жететінін алға тартты. Өкінішке қарай, бұл жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктері жоқтың қасы еді. Сөйтіп бірнеше жыл бойы биік мінберлерден сөз болып, талай ал­қалы жиындарда талқыланған «Батыс – Солтүстік – Орталық» газ құбырын салу жобасы 2014 жылы қыркүйек айын­да Мұнай, газ және энергетика саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ресми түрде жабылды. Жобаның техникалық-эко­но­микалық негіздемелерін жасауға бөлін­ген қыруар қаржы сұраусыз қалды.

«Солтүстік құбыр» жобасы тоқта­ған­нан кейін елімізде Астананы Қара­ған­ды көмір бассейніндегі көмір қыртыс­тарындағы метаннан (КҚМ) алынатын сұйытылған табиғи газбен (СТГ) қамтамасыз ету мәселесі қарастырыла бастады. 2013 жылы сол кездегі Қара­ғанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Әлімжанов былай деп мәлімдеді: «Біздің техникалық мүмкіндігіміз жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ өндіруге мүмкіндік береді. Яғни Қарағандыны, бүкіл Қарағанды облысын және Астананы өз газымызбен қамтамасыз ете аламыз». Осыған байланысты «Самұрық - Қазына» ұлттық-әлауқат қоры еліміздің газ саласындағы ұлттық операторы «ҚазТрансГаз» ком­­паниясына КҚМ-ның ресурстық мүм­кіндіктерін нақты анықтау міндетін жүк­теді. 2014 жылдың наурыз айында Үкімет Елбасының тапсырмасын орындауға байланысты еліміздегі көмір қыртыстарындағы метан газын өндіру және кәдеге жарату жөніндегі жол картасын бекітті.

«Бақсақ бақа екен» демекші, біраз уақыт өткеннен кейін Астананы газдан­дырудың бұл жобасы да жарамайтын болып шықты. Оның басты себебі, өн­дірілетін метан газының өзіндік құ­нының өте қымбатқа түсетіндігінде болды. Есептеулер көрсеткеніндей, КҚМ газының өзіндік құны әрбір мың текше метрі кем дегенде 120 доллардан айналатынын көрсетті. Бұл құбыр арқылы келетін табиғи газ құнынан екі-үш есе қымбатқа түспек. Оның үстіне бұл жобаны жүзеге асыру үшін мол қаржы құятын инвесторлармен бірге метан газын өндіретін тәжірибесі және озық технологиялары бар шетелдік компания­ларды көптеп тарту қажет болды. 

Елбасы биылғы наурыздағы «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінде «Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магис­тралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», деп атап көрсетті. Осыған байланысты Үкіметке «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын салу жөнінде нақты тапсырмалар беріл­ді. Сөйтіп Астананы табиғи газбен қамтамасыз етудің тағы бір нақты ірі жо­басы қолға алынды. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «Сарыарқа» жобасын жүзеге асыру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ ар­найы техникалық-экономикалық негіздеме жасапты. Бұл техникалық-экономикалық негіздеме бойынша «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын салу төрт кезеңде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бойынша ұзындығы 1081 шақырымды құрай­тын газ құбырын және инженерлік желілерді салуды көздейді. Болжам бойын­ша, бірін­ші кезеңді жүзеге асыруға 267,3 мил­лиард теңге қаржы қажет. Екінші кезең бойынша, магистралды газ құбы­рын Көкшетау қаласына дейін тарту жоспарланған. Бұл – қосымша ұзындығы 276 шақырымды құрайтын газ құбыры. Оның құны 48,2 миллиард теңге деп белгіленген. Үшінші кезең бойынша, магистралды газ құбырын Петропавлға дейін жеткізіп, қосымша 177 шақырым магистралдық газ құбырын салуды көздейді. Оның құны – 18,9 миллиард теңге болмақ. Ең соңғы, төртінші кезең бойынша, Жезқазған және Теміртау қалаларында жалпы құны 35,5 миллиард теңгені құрайтын екі компрессорлық станса салу көзделген. 

Міне, бұрнағы күні өткен кезекті Үкімет отырысында осы «Сарыарқа» магис­тралды газ құбырының (МГҚ) құрылысын салудың бірінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттамасы қа­ралды. Жоғарыда айтқанымыздай, бі­рінші кезеңнің жалпы құны 267,3 миллиард теңгені құрайды. Жоба бойынша құбыр диаметрі – 820 мм мөлшерінде белгіленген. Таңдалған құбыр диаметрі Астана қаласын және «Сарыарқа» МГҚ бойындағы елді мекендерді 2030 жылға дейін жылына болжамдалған 1,5 млрд текше метр көлемдегі газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Үкімет отырысында ғасыр жобасына пара-пар «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры құрылысын қаржыландыру көздері де алғаш рет нақты көрініс тапты. Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында жобаны қаржыландыратын құрылымдарды алғаш рет жария етті. Оның айтуынша, жобаның 267,3 миллиард теңге бо­латын жалпы құны былай бөлінген: «АстанаГаз ҚМГ» АҚ компаниясының жар­ғылық капита­лын 80,3 миллиард теңге сомасына­ толықтыру, 102 миллиард теңге көлемінде банктерден қарыз алу, 82 миллиард теңге мөлшерінде «БЗЖҚ» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялау. 

«Сарыарқа» ҚМГ құрылысын салу мерзімі де осы Үкімет отырысында нақты белгіленді. Қазіргі күні Қызылорда, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері магистралды газ құбырын салу­ға арналған жер учаскелерін бе­лгілеу жұмысымен белсене айналысуда. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың Жол карта­сына сәйкес «Сарыарқа» ҚМГ бо­йын­ша құрылыс-монтаж жұмыстары бас мердігер анықталғаннан кейін, шамамен 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында басталып, 2019 жылдың соңында аяқ­талуға тиіс. Қарағанды, Ақмола облыс­тары және Астана қаласының әкім­діктері тұтынушыларға газ таратуды қамтамасыз ету мақсатында 2019-2021 жылдары газ тарату желілерінің құрылысын аяқтауы керек. 

Иә, жылдар бойы биік мінберлерден сөз болып, нақты іспен өрілмеген Орта­лық және Солтүстік Қазақстанға табиғи газ тарту мәселесіндегі қордалан­ған сең сөгілген сияқты. Үкімет отырысында қаралған кешенді шаралар шеңберінде келесі жылдың соңында Астанаға ұзақ күткен табиғи газ құбыры да келіп жетпек. Оңынан болғай! 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»