Білім • 18 Қазан, 2018

Газет тілі қалай түзеледі?

1020 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы №409 санында жарық көрген «Газет тілі қалай түзеледі?» атты бұл мақаланың ауыр жүгі арқасынан әлі түспегендей. Газетіміздің өткен сандарында авторы «Жүсіпбек» деп жазылған (Аймауытов – ред.) «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз» атты көлемді мақаланы жариялаған едік. Бұл да соның жалғасы іспеттес. 

Газет тілі қалай түзеледі?

Газетте ел хабарлары жақсы, түсі­нікті. Өз басынан шығарып жазған әр­кімнің сөздері де ұғымды. Ал орысшадан аударылған, орысшаға жанасқан сөз­дерге қарасаң томармен жүрген қа­зақ арбадай миыңды, жүйкеңді түй­гіштеп, зырқылдата жөнеледі. Қай жерде мүдіріп, қай жерде сүрініп қалам деп қылп-қылп еткендей боласың. Газет оқушы орысшадан аударылған екенін қайдан білсін? Жазуы қазақша болған соң, таңсық көріп, анасын да, мынасын да оқиды. Оқыса, түк ұға ал­май қалатын сөздерді де көреді. Со­дан «ой газетіңді қойшы, сөзін адам ұқпай­ды» деп көңілі қайтады. Ендеше, газет алмайды, газет гүлденбейді, көсегесі көгер­мейді.

Алдымда «Еңбекші қазақтың» №396 саны жатыр. Әдейі тілін бақылау үшін бастан аяғына шейін оқып, ұғын­баған сөздерімнің астын сызып, дұрыс емес сөздерін қарастырып отырмын.

Міне, бірінші бетте «білдіріс» деген сөз тұр. «Хабарландыру», «құлақ­тан­дыру» тұрғанда «білдіріс» қайдан шығып қалды? «Фрунзе жолдас қапыл жүрегі жарылып өлді» (жазатайым болып, жүрегі жарылып өлді де­се қайтеді?),  «Ресей коммунист пар­тия­сының орталық комитетіне телеграмм бойынша көңіл қош айтылсын» – «телеграммен көңіл айтылсын» де­лінсе ұғымдырақ болмас па еді?! Тағы «әдейі бұйрық шығарылғанша спиртті ішімдіктер сатылмасын» – орыстың «спиртной напиток» деген сөзін бұлжытпай аудара қойған. Мас қылатын сусынды қаланың өзінде ішкілік демеуші ме еді, болмаса, арақ-шарап десе не қылады? Қазақ «Михаилды» да, «Николайды» да «Мекалай» деп жүреді. «Мекайыл» деген періштенің атын да біледі. Үндестік заңын бүркеп қоялық, «Меқайылға» жол болсын! Тағы жағалай беріңіз. 6-бағанада «Фрунзе жолдас абақтыдан қашып шығуы және полицейлер қуып, іздеп жүрген себебінен қайтадан Ресейге келіп, сіңіп кетті». Түсіндіңіз бе? Неліктен Фрунзе Ресейге сіңіп кет­ті? Абақтыдан қашқандықтан ба, полицей іздегеннен бе, мәлім емес. Бұл бас-аяғы түгел, екі жағынан да тыныс белгісі бар сөйлем. Әлде ортасынан бір сөздер қалып қойды ма екен? Ел қазағы оны тергеп жатқан жоқ. Бірақ пәлесі мынау: Фрунзенің өмірбаянын әскер мектебі сабақ есебінде оқытып жатыр. Кітап, құрал жоқтықтан осы күнгі газет-журналдар мектепке кітап орнында қолданылып жүр. Ендеше, газеттеріміз әрі хабар, әрі кітап болып отыр. Газет сөзі әлгідей болып отырса, оны қалай оқытарсың? 2-беттегі «жер мекемелері мен кооперация» деген сөзді оқыңыз. Алдымен «Одақ республикалардың жер істері комиссариаты» дегені дұ­рыс па? «Кеңестер одағы» деген сөз көп­тен қабылданған тәрізді еді; «жер ко­миссариаты», «жер-су комиссариаты» демей, «істерді» қалай қыстырып жіберген? Жоқ, аяқ жағында түзепті. «Жер комиссариаты» дегенмен осы хабар тым ұғымсыз. Бәрін бірдей айта бермей-ақ, мына бір сөйлемін алсақ та жетер: «ауылшаруашылығымен айналысып, бірақ кеңеске сайлау еркінен айырылғандар ауылшаруашылық кооперациясында тек кеңесші бола алмайды». «Еркінен айырылған» деп абақтыдағы адамды айтса керек еді, әлде байлар, жуандар, молдалар болар ма? Бірақ молдалар шаруашылықпен айналыспайды ғой, тек кеңесші дегені кім? Кооперацияға кеңесші дауыспен кіре алмайды дегені ме? Онда «тектің» қыстырылатын жұмысы не? Әлде «шешуші дауыспен сайланады» деген сөз бе? Жоқ, олай болса, бай­лар күшейгені ғой. Ойға жүгіртіп кө­ріңіз­дер. Мен бұдан артық жүгірте алмадым.

3-бетте «Пекинде қыр көрсету жү­рісі болып, жиылғандарды таратамын деген полиция жеңіліс тауыпты». «Қыр көр­сету жүрісі» демонстрация болу керек. «Жеңіліс» туынды сөз. Мұны сон­­ша шоқпыттамай-ақ «Пекин жалшылары, әйтпесе, бұқарасы үкіметке қыр көрсетіп, көшеге шыққан. Топты тарата алмай, полиция жеңіліп қалған» десе, дәреті сына ма?

 «Хлеб-продукт» өз қолына пұты 80 тиынға түсу есебімен Көкшетаудан ас­тық әзірлеп жатыр»; «базарда сұ­ралатын барлық ауылшаруашылық өнімдерін ақшаға шаққанда бір жарым миллион сомның заты керек болады» («Ақмола гүбірнесінде астық әзірлеу»).

Міне, бұлар да ауыр жазылған. «Ас­тық жинаушы мекеме Көкшетаудан ас­тық сатып алып жатыр. Жол шығын­дарын алынған астыққа жайғанда пұты 80 тиыннан түспек» деп екі бө­ліп, түсінікті қылу керек. «Базарда сұра­латын өнімдер» дегені қай зат? Қазақ қолы зат па, орыс қолы зат па? «Қазақ қолы шикі бұйымнан бір жарым миллион сомға бұйым керек» деген мәнде болмас па екен?

4-бетте «Аймақтық мекемелерде» деген бөлім тіпті ұғымсыз. «Тұтынушы кооператив» деген –  тың сөз. Бұл «потребительский» болар. Оны «керек-жарақ кооперациясы» десе жарар еді. Ал «устав тіркеу» дегенді ұқпадым. «Уставы» – жоба, жосық, жол деген сөздерге келеді. Мұны қайда тіркемек? Кенегеге ме, түйеге ме, арбаға ма, біле алмадық. 

Орысшадан аударуға төселмеген жігіт­терге, әрине салғаннан жазу қиын тиеді. Бірақ олардың аудармасын біле­тіндер қарап, түзетіп отыру керек. Ұғым­­­­­сыз сөйлемдер өз алдына, бір сөз­ді әркім әртүрлі, әйтпесе бір кісінің өзі әр­түрлі аударып жүреді. Бір жерде «совнарком», бір жерде «халық комиссарлар кеңесі»; бір жер «Қазцик», бір жерде «Қазатком» келіспейді. Не орысшасын қысқартып қолдану керек, не бәрін де қазақша алу керек. Кейде «пәлисе», кейде «пәлитсие»; кейде «кооперация», кейде «кооператив»; біресе «нұсқаушы», біресе «инструктор» болып отырады. Толып жатқан мекеме аттары, қызмет аттары, кеңсе тілдері әлі бірізге салынбай келеді. Тіл шоқпытталып, қойыртпақ болып барады. Бұ қалыпта жүргізе беруге болмайды. Бұл туралы аударушыларды да жазғыруға болмайды. Бұған шара істеу керек. Мен сондай шараны ұсынамын:

1. Бұл мәселені жайға қарата бермей, әрі болса 15 күннен қалдырмай газет басқармасы өзі қолданатын сөз­дерін тізсін (сөз аударушыларға тапсырсын, газеттен жинатсын, мекемелерден алсын – әйтеуір, жат сөздер терілсін).

2. Білім кеңесі қабылдап, бекілген сөз­дер сол күйінде қолданылсын. Қо­­лай­сыз аударылған сөздер қайта қа­ралсын.

3. Тізілген сөздерді әуелі басқарма өзі аударсын. Өз шамасы келмесе, бі­лім кеңесіне қаратып алсын. Оның қолы тимесе, газетке жарияласын, бол­маса қаламшыларға қаратып, аудар­тып, солардың ең қолайлысын қабыл­датсын.

4. Әбден қабылданған даусыз сөз­дер­ге газет бетінде жарияланып отырсын.

5. Сөзді аударарда қай газет қай сөз­ді қалай аударып, қолданып жүргені де еске  алынсын. Солардың ұнамды сөз­дері де алынсын.

6. Қабылданған сөздер орыс әліпбиі­нің ретімен жазылып, басқармада ілулі тұрсын, жаза алса лұғатша болып басылсын, өзге газет басқармаларына да жі­берілсін.

7. Ұғымсыз, тың сөздер алғашқы кезде орысша, қазақшасы қатар (біреуі жақшаның ішіне) жазылып отырсын.

Басқарма бұл іске кірісетін болса, қызметіне дайынбыз. Әркімдер солай ойлайды деп сенемін.

Бұлай қылмасақ, тіліміз бұзылады, шоқпыт болады, ел ұқпайды. Баспасөз­дің қадірі кемиді, оқымайды, зиян ше­геміз.

Басқарма: орысшадан аударма сөз­дердің бірізге түсе алмай келе жатқаны – талассыз мәселе. «Еңбекші қазақ» басқармасы бұл іске кірісулі. Жат сөз­дер­дің қазақшасы бұдан былай газетте жария­ланып отырылады.   

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»