Саясат • 18 Қазан, 2018

Жолдауды іске асыру құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіледі

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұротандықтар Елбасы Жолдауын жүзеге асыруды құқықтық қамтамасыз ету жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Нақты айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісіндегі фракциясы арқылы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр.  

Жолдауды іске асыру құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіледі

Соның нәтижесінде Мем­лекет басшысының тапсырмаларын тиімді орындауға жағдай жасалмақ. Осыған орай кеше партияның Орталық аппаратында Құқықтық кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Онда қатысушылар еліміздегі тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғын реформалауға қа­тыс­ты өзек­ті мәселелерді талқы­ла­ды. Жиынға «Нұр Отан» пар­тия­­сы Төрағасының бірінші орын­­басары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Елбасы Жолдауда экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатында батыл шаралар қабылдау керектігін нақты тапсырған болатын. Бұл орайда Мемлекет басшысы коммуналдық қыз­мет пен табиғи монополиялар­ды реттеу салаларында та­риф­тің жасалуының және тұ­ты­ну­шылардан жиналған қар­жы­ның жұмсалуының әлі күнге дейін ашық емест­ігіне, монополистердің инвести­ция­лық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүр­гізілмей отырғанына ерекше назар аударды. Осыған байланысты Президент Үкіметке 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қор­ғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауды тапсырды.

Жолдауда қарастырылған барлық шаралардың жүзеге асы­рылуын заңнамалық тұр­ғы­да қамтамасыз ету үшін пар­тия өкілдері «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасын тал­қылады. Бұл жайттың қазақ­стан­дықтарды көптен бері тол­ған­дырып жүрген өзекті мә­селелердің бірі екені белгілі.

«Нұр Отан» партиясының Стратегиялық зерттеулер инс­титутының деректеріне сү­йен­сек, қазақстандықтардың 36 пайыздан астамы пәтер иелері кооперативінің қызметіне кө­ңілдері толмайды. Бұл ретте халық қызмет көрсетуші ком­­пания әрекеттерінің ашық еместігін және түскен қаржы­ның қайда жұмсалғанын бақы­лай­тын тетіктің жоқтығына нара­зылықтарын білдірген.

Осы мәселелердің барлығы Құқықтық кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, ТҮКШ саласында шешімін тап­паған мәселелер сол күйінде қалып отырғанын айтты. Соның ішінде коммуналдық қызмет тарифтерінің ашық болмауы мен негізсіздігіне және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаратын компаниялардың қызмет сапасына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар жиында Елбасы тапсырмаларын са­па­лы орындап, халықтың көп­тен күткен мәселесін оңтай­лы шешу үшін тұрғын үй-комму­налдық қатынастарын жаң­ғыр­татын жүйелі негіз қалып­тас­­тыру керектігі айтылды. Одан бөлек, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығын ре­формалаудағы басты міндет көп­пәтерлі тұрғын үйлерді басқару қызметінің жоғары сапасына қол жеткізу екендігі де сөз болды. Осыған орай қатысушылар енгізіліп отырған заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық саласын реформалау және жаңғыртудың заңнамалық негізі ретінде қарастырылуы керектігіне баса мән берді. Сол себепті де партия өкілдері заң жобасын бүкілхалықтық және жан-жақты талқылауды қолдап, барша азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды осы үдеріске белсенді қатысуға шақырды.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттейтін заң жобасы Мәжілістің қарауында. Бұл ретте біздің басты міндет­те­ріміздің бірі – аталған заң жо­басын тиянақты сараптап, оның халық күткен мәселелерді шешуге және еліміздің тұрғын үй қорын тиімді басқаруға әсер етуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ осы салада тиімді мониторинг жүргізіп, монополистер мен пәтер иелері кооперативінің жұмысын анықтау да біздің басты міндетіміз. Партия осы бағытта қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктіріп, жүйелі бақылау жүргізуге дайын. Сондықтан бү­гінгі басқосуымызды сол ауқым­ды жұмыстың бастамасы деп те қабылдаймыз, – деді М.Әшімбаев.

Нұротандықтар ұсынған тү­зетулер кондоминиум объек­тілерін басқару мен оларға қызмет көрсету және оның ор­ындалу тәртібін реттеуге бағытталған. Яғни, онда меншік иелерінің қатысуымен және бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясын жұмылдыру арқылы ортақ мүлікті күрделі жөндеуге қаражат жинақтау үдерістері көрсетілген. Жаңар­тылған заң жобасында тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығының бірыңғай мем­ле­кеттік ақпараттық жүйе­сін құру мүмкіндігі де қарас­ты­рыл­ғанын атап өткен жөн. Дайын­далған нормативтік-құқық­тық актілер халықтың тұрғын үй құрылыс компанияла­рына қосылуы арқылы баспана­лы болу тетіктерінің ашық­тығын арттыруға, сондай-ақ қолда­ныстағы заңнамалық кемші­лік­терді жоюға бағытталған.

Жалпы, аталған түзетулер тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы жүйесін реформалау үшін бірнеше мәселені қатар шешуге бағытталған. 

Айта кетейік, жиынға Пар­ламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құ­қы­қтық кеңестің мүшелері, мем­ле­кеттік органдар мен үкі­меттік емес ұйымдардың бас­шы­лығы және олардың өңір­лердегі өкілдері қатысты. Ал Құқықтық кеңестің отырысы нәтижесінде дайындалған тиісті ұсыныстар алдағы уақытта жа­уапты мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарға жолданады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»