Маңызды мәслихатқа Үндістанның Адами ресурстарды дамыту жөніндегі бас министрі С.Сингх, Қазақстанның Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Қытай Халық Республикасы Білім министрінің орынбасары Л.Хуэйцин, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрі К.Кожобеков, Пәкістан Ислам Республикасы Жоғары білім жөніндегі комиссияның атқарушы директоры А.Али, Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары М.Боровская, Қазақстандағы Тәжікстанның Төтенше және өкілетті елшісі Н.Ализода және Өзбекстанның Жоғары және орта арнайы білім беру министрінің орынбасары У.Бегімқұлов қатысты.
Басқосу барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аталған алқалы жиынның білім саласы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің білім министрлерінің VII кеңесі жастардың жан-жақты, білімді және өз ісінің білікті маманы болуы үшін түрлі жағдай жасау жолдарын талқылайды. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, маңызды мәслихаттарда қозғалған болатын. Бүгінгі шараға жиналған ШЫҰ-ға мүше елдердің білім басшылары білім саласында тәжірибе бөлісу, студенттермен алмасу сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде ойларын ортаға салады. Біздің еліміздің жастары да әлемнің түкпір-түкпірінде сан алуан мамандық бойынша білімдерін жетілдіру үстінде. Сонымен қатар шетелден келіп біздің білім ордаларымыздан тәлім алып жатқан өзге ұлттың өкілдері де бар. Бүгінгі таңда олардың саны 18 мыңға жуық. Көбі ШЫҰ-ға мүше елдердің жастары. Мысалы, Үндістан мемлекетінің Білім министрімен медициналық мамандық иелерін, яғни дәрігерлерді және IT мамандарын көбірек дайындау туралы келісім жасастық. Қазақстанның да, шетелдердің де маман дайындауда өзіндік озық тәжірибелері бар. Көптеген мемлекеттер қазақстандық студенттерге гранттар бөлуде. Олардың ішінде Жапония, Қытай, Ресей сияқты елдер жыл сайын грант санын арттыруда. Барамыз деген балалардың бағын байламай, олардың оқу-білім жинап қайтуын қолдаймыз. Біздің қазіргі кездегі маңызды міндетіміз елімізге 40 мың студент тарту. Биыл шетелден 14-18 мың студент келді. Бұл – шамамен 20 пайыз. Жыл сайын грант санын арттырсақ, алдағы 5-6 жылда Қазақстанның озық білім беретін хабқа айналу мүмкіндігі бар. Бұл үшін бірнеше шара қабылданды», деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Кеңестің қатысушылары ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық білім беру жүйелерін дамыту және жаңғырту туралы мәселелерін, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ делегация басшылары білім қызметкерлерін ынталандыруға, олардың мінсіз жұмысқа қызығушылықтарын арттыруға, кәсіби деңгейін жоғарылатуға, өзінің қызметтік міндеттерін дер кезінде, сапалы әрі ерікті орындауға бағытталған ШЫҰ білім беру жүйесінің «Құрметті жұмысшысы» туралы құжаттарды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Айта кететін тағы бір жайт, кеңеске келгендер ШЫҰ-ға мүше елдердің білім министрлерінің VIII кеңесін Ресейде өткізуге уағдаласты.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»