Қоғам • 18 Қазан, 2018

Д.Абаев шығыстық журналистермен және жастармен жүздесті

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатымен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында министр өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және облыстың белсенді жастарымен кездесті. 

Д.Абаев шығыстық журналистермен және жастармен жүздесті

Министр жаңа Жолдаудың әлеуметтік бағыты мен қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуының маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру және автоматтандыру ерекше рөл атқаратынын тілге тиек етті. «Бұл мәселе барлық азаматқа қатысты. Мемлекеттік қызметтер белсенді түрде орындалуы тиіс. Біздің алдымызға мемлекеттік қызметтің 90 па­йы­зын электронды форматқа көшіру міндеті қойылды және біз мұны міндетті түрде жүзеге асы­рамыз», деді Д.Абаев.

Бұл мәселелер барлық салаға тікелей қатысты. Мысалы, 2019 жылы электронды денсаулық төлқұжатын енгізу және құжат айналымын цифрлы жүйеге ­ауыстыру ұзын-сонар кезек пен қағазбастылықтан құтылуға көмектеседі.

Кездесу барысында өңір­лік БАҚ-тың жай-күйі, өзекті мә­селелері де назардан тыс қалған жоқ. Аймақтық журна­листер министрмен бірге толған­дырған мәселелерін, қа­зақ­стан­дық журналистиканың даму перспективаларын тал­қылады. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, кездесуге 152-ге жуық аймақтық журналист қатысқан. Оның ­123-і баспасөз басылымдарында жұмыс істейді. Сұрақтардың басым бөлігі мерзімді басылымдарда кездесетін қиындықтарға қатысты қойылды. 

Ақпарат және коммуника­циялар министрі интернет ре­сурстардың белсенділігіне қа­рамастан, баспасөздің ғұмыры ұзақ болатынын айтты.

«Зерттеулерге сүйенсек, интернет ресурстардан мақаланы оқуға орта есеппен 40 секунд кетеді, ал газетте осы мақаланы оқу 40 минутқа дейін созылуы мүмкін. Бұл біздің газетті мұқият оқитынымызды білдіреді. Бүгінгі таңда оқу мәдениеті төмендеп бара жатқандай, бірақ оны қайта қалыптастыру үшін барымызды саламыз», деді министр. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»