Руханият • 18 Қазан, 2018

Тағдыры ұқсас таланттар

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тағдыры ұқсас таланттар

Бір жылда, тәуліктің айналасында туған түйдей құр­дас қос талантты бір өзіне сыйдырған бұл суреттің де түс­ірілгеніне биыл жарты ғасырдан асып жығылады. Та­ланттарды тоғыстырған ғаламат сәттің түсірілу тарихы қандай еді? Ай дидар­лы арулар қай кезде шығар­машылық тандем құрған?

Бір суретті сөйлету үшін әнші Бибігүл Төлегенованы біраз уақыт торуылдауға тура келгені. Осыдан 51 жыл бұрын түсірілген фотоны өзіне көрсетіп, өткен-кет­кенді еске алудың сәті оңайға түскен жоқ. Көзі тірі әншілердің ішінде әйгілісі – біресе жол жүрді, бірнеше рет сырқаттанып, ауруханада жатты... Біз бұл сурет туралы әңгімелескенімізде тура түн ортасы ауған еді. Есесіне кейіпкерімнің қо­нақ­тарының қайтуын ыж­даһатпен күткен еңбегім зая кетпеді. Бибігүл Ахмет­қызы бір емес, бірнеше суреттің тарихын тірілтті.

– Мен үшін ұлтымыздың суретші қыздарының арасынан шыққан ең мықтысы – Гүлфайруз Ысмайлова. Бейнелеу өнерінің бір тарланы жалғыз менің ғана суретімді салған жоқ. Ха­лық суретшісі Шара, Кү­ләш сынды талай танымал тұл­ғалардың бейнесін кенеп бетінде қалдырды. Гүл­­файруз салған бір бейнем қазір Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ілулі тұр. Ол біраз жыл біздің театрдың суретші-декораторы болды. Талай опералық қойылымдардың сахнасын безендірді, кос­тюм­дерінің эскиздерін жасады.

Біздер көрші болдық, ол бірінші қабатта, мен төртінші қабатта тұрдым. Бір бірімізге ара-тұра қонақ­қа барып жүрсек те, керемет араласып, дос бо­луға уа­қытымыз болған жоқ. Мен гастрольдеріммен шап­­қылап, ол өз шығар­ма­­шылығымен айналысып, өмір зырғып өтіп жатты. Гүлфайруз аса көрік­ті, білім­ді, мінезді адам болды. 

Гүлфайрузбен сирек де болса кездесіп, шүйірке­ле­сетін едік. Бұл суретте 1967 жылы Монреальда өткен ЭКСПО-1967 көрмесіне ки­іп баратын ұлттық костю­мім­нің үлгісін ойласып отыр­ған сәтіміз. Суретті елі­­міз­­дің танымал фотографы Ио­­сиф Будневич түсірді, – дей­­ді Бибігүл Ахметқызы.

Тағдырлы таланттардың суретіне қарап отырып, екеуі­­нің де алмағайып, аума­лы-төкпелі кезеңде «халық жауының» қызы ретінде біраз теперішті көргені еске түседі.

Халық суретшісі Гүл­фай­руз Ысмайлова туған әкесі Таңсық Қоңырбаев деген кісі болғанын тірісінде ай­тып өтті. Әкесі 1932 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, сол кеткеннен оралмайды. Шешесі Қайыр­ниса кейін жетім қалған қызын жетелеп, Мансұр Ыс­­майлов деген дүнген жі­гіт­­ке тұрмысқа шығады. Құ­дай­­дың қарасқаны дерсіз, соғысқа бір аяғын беріп келген Мансұр әкей өзінің бес баласынан кем қылмай өсір­ген Гүлфайруз қыз Санкт-Петербург сияқты үлкен қа­лаға апарып оқытқан ең­бегін ақтады. 

Ал КСРО Халық әртісі дәрежесіне дейін жеткен әншінің әкесі Ахмет Төле­генов Өскемен облысы (қа­зір­гі Шығыс Қазақстан об­лысы) Катонқарағай ауданы­ның аудандық коми­те­тін­де хатшы болып жүрген же­рінен жала жабылып, 1937 жылы ұсталғаннан кейін оралмаған. 

Сол сияқты мына бір сәй­кестікке қараңызшы, Гүл­­­­­­файруз Ысмайлова 1929 жы­лы 15 желтоқсанда дүние есігін ашса, Бибігүл Тө­ле­генова 1929 жылы 16 жел­тоқсанда туған. 

Ал суретті түсірген елі­міздің атақты фото­граф­та­ры­ның бірі, марқұм Иосиф Будневичтің тылсым да қай­таланбас қолтаң­ба­сына біз әлі талай ораламыз.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ