Қоғам • 18 Қазан, 2018

Шалғайдағы халық алысқа шабылмайтын болды

667 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ауруды асқындырмай алдын алуға мүмкіндік беретін бағасы қымбат, жоғары сапалы шетелдік заманауи медициналық құрылғылар шалғайдағы аудандарға жеткізіліп, бүгінде ауыл халқы оның игілігін көре бастады. Биыл облыстың қос қиырындағы Аягөз бен Зырян аудандарында тұңғыш рет екінші деңгейлі Инсульт орталықтары ашылды. 

Шалғайдағы халық алысқа шабылмайтын болды

 

32 тілігі бар компьютерлік томографтың көмегі көп

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, Аягөздегі орталық Үржар, Тарба­ғатай мен Жарма (200 мың тұрғын), ал Зыряндағы орта­лық Катонқарағай мен Күр­шім (120 мың тұрғын) аудан­да­рының жалпы саны 320 мың­ға жуық халқына қызмет көр­сетпек. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Аягөз бен­ Зыряндағы орталықтарды ашу­ға «Парыз» қорынан 1,7 миллиард, ал екі аудандағы перзентханаларды үшінші деңгейге көтеру үшін 800 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін айтады. Сонымен қатар Аягөздегі аудандық аурухананың 6 маманы Англияда үш айлық курстан өтіп келіпті. Ал Аягөз бен Зырянда ашылған орталықтың 16 маманы Астана, Семей қалаларында біліктіліктерін арттырды.

Жақында Аягөз қаласына жолымыз түскенде аудандық аурухана ішінен ашылған Инсульт орталығының жұмысымен жа­қы­ны­рақ таныстық. Инсульт орталықтары неге Аягөз бен Зырян­да ашылды? Өйткені Ая­гөз де, Зырян да тоғыз жол­дың торабында орналасқан. Те­мір жол да бар, көлік те же­ңіл қатынайды. Бұл – бір. Екін­ш­і­­ден, Үржар, Тарбағатай, Ка­тон­қарағай, Күршім сияқты шал­ғайдағы аудан тұрғындарына Се­мей мен Өскеменге сабыл­ған­нан гөрі Аягөз бен Зырянның жақын екендігі анық. Қош, Аягөздегі орталыққа келейік. Инсульт орталығы жоғарыда айтып өткеніміздей аудандық аурухананың бірінші және төртін­ші қабаттарына орналасқан. Облыс­тық «Парыз» қорынан бөлінген  73 миллион теңгеге 1 қабат толықтай жаңартылды. Кі­ре­берістегі еденге емханаға кел­­ген науқастың жағдайын анық­тайтын үш жолақ (қызыл – шұғыл көмек, сары – жедел көмек, жасыл – жедел емес көмек) сызылып, бірінші қабат аппақ түске боялып, сырқаттарды қабылдайтын, дәрігерлер отыратын бөлмелердің барлығы жаңа кейіпке еніпті. Аудандық аурухананың бас дәрігері Шал­­қар Омаров облыс әкімі Да­ниал Ахметовтің тікелей қол­дауымен орталыққа жалпы сомасы 639 миллион теңгеге 46 түрлі жоғары технологиялы, за­манауи­ медициналық құрылғы сатып алынғанын айтты. Бірінші қабатқа орналастырылған бір ғана компьютерлік томографтың өзі 300 миллион теңге тұрады. Жалпы, Аягөздегі орталықтың ашылуының, оның одан әрі қарай жұмыс істеуінің мәні мен маңызы осы қымбат құрыл­ғыға байла­ныс­ты болса керек. «Медицинада ин­сульттің ише­миялық және геморрагиялық деп аталатын екі түрі бар. Гемор­ра­гиялық инсультте тамыр жа­рылып, миға қан құйылса, ишемиялық инсультте тамыр қысылып, қан дұрыс жүрмей қалады. Енді аудан­ дәрігерлері бұрынғыдай Өс­кеменнен келетін санитарлық авиа­цияны күтіп, «бұл инсульттің қай түрі болды екен?» деп бастары қатып отырмайды. Компьютерлік томограф емханаға түскен нау­қастың инсульттің қай түріне шалдыққанын лезде анықтайды. Анықтағаннан кейін дәрігерлер науқасты емдеуге кіріседі. Ең бастысы, Аягөз, Үржар мен Тар­­­ба­ғатай ауданының аяқ ас­ты­нан сырқаттанып, шұғыл ме­ди­циналық көмекті қажет ете­тін тұр­ғындары енді уақыт жоғалт­пайды. Бұған дейін Өскемен мен Семей секілді қалаларға барып, уақыт жоғалтып, соның кесірінен ауруларын асқындырып та алатын. Негізі инсульт алған адамдар осындай орталықтарға жеткі­зіліп, дер кезінде компью­терлік томографқа түсіп, диагнозын анықтаса, ауруы асқынбайды. Емдеу шаралары неғұрлым тез басталса, адам тезірек оңалады», – дейді Аягөз аудандық ауруха­насының рентгенолог-дәрігері Нәзі­гүл Жәкенбаева.

Нәзігүл қазір компьютерлік томо­графпен жұмыс істеуді үй­ре­ніп жатыр. Семейде барып дайындықтан өтіп келіпті. Біз орталыққа барғанда Өскемендегі облыстық аурухананың рент­генолог-дәрігері Кондрат Ки­реев­ті жолықтырдық. Облыс орта­лығынан арнайы келген дәрі­гер аягөздік әріптестеріне компьютерлік томографпен жұ­мыс істеудің қыр-сырын үй­ретіп жатыр екен. «Аягөздегі ком­пьютерлік томографқа 32 тілігі бар аппарат орнатылған. Мұндай ком­пьютерлік томограф әзірге облыс аудандары ішінде тек Зырян мен Аягөзде ғана бар. Өскеменде тұрған аппараттан еш кем емес. Бұл құрылғы бас, мойын, бел омыртқа, кеуде, ішкі органдардың барлығына диагнос­тика жасайды. Компьютерлік томографтың бір ғажабы, біз компьютерде отырып адамның миындағы тамырлардың жағ­дайын, оның қысылып немесе­ бітеліп тұрғанына дейін кө­ре аламыз. Жол апатына­ түс­кен адамдарды да осы орта­лыққа әкелуге болады. Гипер­тониямен ауыратын адамдар сырқатын асқындырмас үшін профилактика ретінде ком­­п­ь­ю­терлік томографқа түсіп, ден­саулықтарын тексеруіне болады. Бір сөзбен айтқанда, Аягөзде ашылған Инсульттік орталық, онда орнатылған компьютерлік томограф ауданға көршілес өңір­лердің тұрғындарына үлкен көмек болады деп ойлаймын», дейді өскемендік дәрігер. 

Ескерте кетер дүние, жаңадан ашыл­ған орталықта шұғыл жағдайда ауруханаға түскен кез келген адамға тегін қызмет көр­­сетілсе, әлеуметтік жағдайы тө­мен жандарға, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға («Алтын ал­қа», «Күміс алқа»), мүгедектерге Үкі­меттен квота беріледі, яғни жеңіл­дікпен емделуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар ақылы түр­де де медициналық қызмет көрсе­тіледі. 

Медициналық құрылғылар түгел компьютерлендірілді

Орталықтағы науқастарға аса қажет құрылғының бірі – көп­функциялы төсек. Орталыққа осын­дай төсектің 20-сы сатып алы­ныпты. Төсек болғанда, жай төсек емес. Дәрігерлердің айтуынша, бұл төсекте тұруға, жүруге шамасы келмейтін науқастар ем қабылдайды. Көпфункциялы деп аты айтып тұрғандай бұл тө­сек компьютердің, пульттің бас­қа­руымен сырқаттың басын, аяғын, белін көтеруге мүм­­кін­дік береді. Төсектің басына­ ор­натылған арнайы монитор­ арқылы емделушінің ден­сау­лық жағдайын, тыныс алуын,­ жү­рек соғысын білуге болады. Инсульттік бөлімнің басшысы, невропатолог Жанар Қа­баева көпфункциялы төсек 6 па­ла­тада (оның екеуі жағдайы ауыр науқастарға арналған) орна­тылғанын жеткізді. Бізді орталық жұмысымен таныстырған Аягөз аудандық ауруханасы бас дәріге­рінің орынбасары Оралғазы Жүні­сов науқастар реанимациядан кейін көпфункциялы төсектер қо­йыл­ған палаталарға ауыстырылып, бұл жерде 10-15 күн шамасында ем қабылдағаннан соң оңалту бөлмелерінде оңалту курс­­тарынан өтетінін тілге тиек етті. 

Біз аралап көрген оңалту бөлме­сіне BTL-6000 COMBI, Amadeo, Thera-trainer tigo, Kinetec Sentura, Pablo, Jojer Tilt, Kinetec Spektra knee деп ата­ла­тын 7 бірдей құрылғы орна­тылған. Әқайсысының қызметі әртүрлі. Бірі қол, бірі аяқ, бі­рі иық, бірі ми жұмысын жақсарту­ға арналған. Ең ғажабы, бәрі де компьютерлендірілген. Техни­ка­ның тілін, техниканың емес-ау, ағыл­шын тілін білмесеңіз бұл құрыл­ғылардың жанына жақын­­дамағаныңыз абзал. Оңал­ту бөлмесіндегі құрыл­ғы­лар­дың пайдасы туралы осы орта­лықтың қызметкерлері Шы­нар Сабырбаева мен Нұржан Иманшартова тәптіштеп айтып берді. Мәселен, BTL-6000 COMBI аппараты массаж жасау ар­қылы жансызданып қалған аяқ пен қолдың қан айналымын жақсартады екен. Сауықтыру шарасын науқас жатып қабылдайды.  «Инсульт алған адамдарда қан айналымы төмендейді. Бұл құрылғы қан айналымын жақсартады. Науқас диагнозына, жағдайына қарай 10-15 минут процедураны қабылдайды», дейді Шынар Сабырбаева.

Ал Amadeo жаттығу аппаратын моторикасы бұзылған, сау­­сақтары, аяқтары тартылған науқас­тар пайдаланады. Бәрі ком­пью­тердің көмегімен, дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады. «Бұл – инновациялық құрыл­ғы. Компьютерде арнайы бағдарламасы бар. Біз компьютерге науқас туралы деректерді енгіземіз. Науқастарды отыр­ғыз­ғаннан кейін қолына магнит жа­быс­тырылады. Бұл аппарат адамның аяқ-қолын өзі қозғайды», дейді Нұржан Иманшартова.

Оңалту бөлмесінде Pablo құ­рыл­ғысына отырып сауық­тыру шарасын қабылдаған Аягөз қаласының тұрғыны Оралғайша Ысқақованы сөзге тартқанымызда әуелі мұндағы дәрігерлерге алғы­сын жеткізіп: Аяғымды баса алмай қалған едім. Ем қабылдап жатқаныма 8 күн болды. Тәуір боп қалдым», деді. 

Орталықта үш оңалту бөлмесі бар. Үшеуінде көрсетілетін қыз­мет түрлері үш түрлі деуге болады. Аягөздік дәрігерлерге оңал­ту бөлмелеріне орнатылған құ­рылғыларды қалай пайдалану керектігін Мәскеуден арнайы шақырылған профессорлар бұған дейін екі мәрте келіп, үйретіп кетіпті. 

Аягөздің 10 дәрігері Англияға оқуға барады

Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Оралғазы Жүнісовтің айтуынша, бүгінде Аягөз ауданы бо­йынша тіркелген ауру саны – 8332. Оның ішінде алғаш рет анықталып отырғаны – 4872. Ауданда диспансерлік есепте 7351 адам тұрады. Ал аудан бойынша 5567 адам қан қысымымен ауырады. Оның 3407-і бірінші рет есепке алыныпты. 

Аягөз аудандық емханасында 2016 жылы 125, 2017 жылы 107, ағымдағы жылдың 8 айында 77 адам инсульттен емделіп шығыпты. «Аягөздегі халық саны 70 мыңның үстінде болса, Үржар ауданында 80-90 мың шамасында тұрғын бар. Біз арнайы сараптама жасадық. Үржар ауданында жыл сайын 100-ге жуық, ал оған қарасты Мақаншыға 40-60 адам инсультпен түседі екен. Орталық үш ауданның 250 мың халқына қызмет көрсетпек. Біз бір жылда инсультпен түсетін адам саны  200-дің мөлшерінде болады деп есептеп отырмыз. Үржар, Тарбағатай мен Жарманың аудандық ауруханаларына: «Инсульттік орталық ашылды. Науқастарды енді бізге жіберіңіздер» деп хат жаздық. Енді сырқаттар аталған аудандардан біздің орталыққа келе бастайды», дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаров.

Әрине, жоғары технологиялы, бағасы қымбат медициналық құрылғылармен жұмыс істеу оңай емес. Осы ретте аудандық аурухананың үш невропатолог, үш анестезиолог-реаниматолог және бір рентгенологы біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдірді. Ал 2017 жылы аудандық аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаров бастаған акушер-гинеколог, нео­натолог секілді 5 қызметкер Ан­глияда үш айлық курстан өтті. Биыл аудандық аурухананың 10 маманы тағы да Ұлыбританияға жіберілмек. Реті келгенде айта кетейік, бүгінде облыстың шал­ғай аудандарындағы перзентха­наларға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Аягөз аудандық ауруханасының ішіндегі перзентхана бөліміне қазіргі уақытта 436 миллион теңгенің медициналық құрылғылары орнатылуда. Жа­қын­да Аягөз ауданына жұмыс сапарында өңір басшысы Даниал Ахметов перзентхананы күрделі жөндеуден өткізуге 111 миллион теңге қаржы қарастырылатынын айтқан-ды. Демек, перзентхана күрделі жөндеуден өткізілсе, үшінші деңгейде жұмыс істейтін бо­лады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы