Ауыл • 18 Қазан, 2018

Екібастұзға ерекше сыйлық

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Екібастұзда қаланы көріктендіру, көгалдандыру жұмыс­тары қарқынды жүргізіле бастады. Бұл мақсатқа мемлекеттік мекемелермен бірге жекеменшік иелері, кәсіпкерлер де үлес қосуда. Аулаларда баламалы энергия көзінен қуат алатын жарықшамдар орна­тылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қол­ға алынған игілікті істерге ел дән риза. 

Екібастұзға ерекше сыйлық

Бұл күндері Екібастұзда «Қа­­зақ­стан халық банкі» АҚ бө­лім­ше­сінің бастамасымен «Сүйік­ті қалаға сыйлық!» ат­ты шара өткі­зілуде. Жалпы, екібас­тұз­дықтар өз туған қаласын жақ­сы көретіні бай­қалады. Биыл 61 жыл толған қала күнін де атап өтті. 

Аталған шара қарсаңында банк өз қаражаты есебінен қала­дағы Мәшһүр Жүсіп атындағы көшенің 75-ші тұрғын үй ауласында, Энергетиктер көшесінде балаларға арналған ойын алаң­дарын орнатып берді. 

Филиал директоры Дәу­рен­ Ше­шем­бековтің айтуын­ша, банк бастамасымен өткі­зілетін шара­лар кеншілер қала­сының кішкен­тай тұрғын­дары – балаларға арналады. Бүл­діршіндер ойын кезінде жарақат алып қалмас үшін қауіп­сіздік шарасы ескеріліп, үй аула­ла­рындағы ойын алаңдарына ре­зеңке жабынды орнатылды.

Банк өкілдерінің «Сүйікті қа­­лаға сыйлық!» шарасы әр алуан тақырыпты қамтиды. Қа­ла тұр­ғындарын қыста тегін конь­ки тебуге, туған өлкенің ше­жірелі тарихын көріп білу үшін «Туған өлкеңді біл» атты жергілікті музей жәдігерлерін көруге шақырады. Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлеріне де уақыт бөліп, орталық қалалық ауруханада емделіп жатқан кішкентайларға да барып қайтуды дәстүрге ай­нал­­дырған. Мешіттің ауласына ағаш егу сияқты көгал­дан­дыру жұмыстарын да банк қыз­мет­керлері қолға алуда.

Қалада әлі де болса, жөндеу көр­меген тұрғын үйлердің аулалары жетерлік. Банк өкілдерінің «Сүйікті қалаға сыйлық!» бас­тама­сын қолдайтын басқа да ұйым­дар мен кәсіпкерлердің на­за­ры түседі деп сенеді жергі­лік­ті тұрғындар. Қалалық әкім­дік­­тің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бө­лі­­мінің мәліме­тінше, енді «Ха­лық» банкінің жер­гілікті бөлім­­шесі жыл соңына дейін 10 тұрғын үйдің аула­­­сына балаларға арналған ойын алаңдарын орнатуды жос­пар­лап отыр. Алдағы жылы қала­дағы барлық тұрғын үй аулалары толық жөнделіп, қосымша футбол және спорт алаңдары құ­ры­лады. Сонымен қатар жалпы ауданы 29 гектарды құрайтын бақ жо­басы­­ның құрылысы да аталған банк баста­мақ жұмыстардың бірі болмақ.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы