Әлем • 19 Қазан, 2018

Керчьтегі қарулы шабуыл жиырмадан аса адамның өмірін қиды

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керчь (Қырым) қаласындағы политехникалық колледжде осы жылғы 17 қазанда жергілікті уақыт бойынша 12:00-де болған жантүршігерлік оқиға талайдың назарын өзіне аударып отыр.

Керчьтегі қарулы шабуыл жиырмадан аса адамның өмірін қиды

Оқиға жөніндегі алғашқы мәл­іметтер соңғы деректер не­гі­зін­де өзгерді. Нақтылай айт­қан­да, жарылыс пен қа­ру­лы шабуылдан қаза тап­қан­дар саны 21 адамға жеткен.­ Kerchinfo.com сайты мерт бол­ған­дар­дың жалпы санын, аты-жөн­де­рін жарияла­ды. Олардың он ал­ты­сы сту­дент болса (қаза тап­­қан сту­дент­тер­дің алтауы кәмелет жа­сына толмағандар), бесеуі ере­сек адамдар (колледж қыз­меткерлері).

Жарылыс пен қарулы шабуылдан жарақат алғандар саны да аз емес. Соңғы деректерге қа­­­ра­­­ғанда, оқиға салдарынан жапа шеккендер – 44 адам (жетеуі – өте ауыр, үшеуі – ауыр, қал­ғандары орта деңгейде жарақат алған). Жарақат алған­дарға тиіс­ті ме­дициналық жәр­дем көр­сетілуде. Зар­дап шеккен­дерге көмек көрсету үшін өзге аймақ­тар­дан психологтар мен білікті дәрігерлер жеткізілген. 

Ресей Денсаулық сақтау мин­истрі В.Скворцова мәлімде­гендей, қаза тапқандар­дың басым бөлігіне оқ тиген, ал жара­қат алғандардың көпшілігі жарылыстан жапа шеккен. 

Ресей Президенті аталған оқи­ғаға байланысты арнайы мә­лімдеме жасады. Ол қаза тап­қ­ан­дардың отбасылары мен жақын­дарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі. В.Путин, сондай-ақ оқиғаның барлық себептері мен салдарлары жіті тексеріліп жатқанын, ол туралы барлық ақпараттар халыққа бүкпесіз жеткізілетінін атап өтті.

Кеше Ресейдің федералды қауіпсіздік қыз­меті өкіл­дері мен Қырым бас­шы­лығы оқиға орнында болды. Қырым бас­­шысы хабар­лаған­дай, қару­лы шаб­уылды бір ғана адам жа­­са­ған. Ол: «Егер оқиғаға тағы бі­реу­­­дің қатысы болса, онда оны тергеу барысы анық­­тайды. Күдікті өзін өзі өлтір­­ген. Мен оның мә­йі­тін өз көзім­­мен көрдім», деді. 

Ресейлік ақпарат көздерінің хабарлауынша, қарулы шабуылды 18 жастағы Владислав Росляков жасаған. Ол аталған политехникалық колледждің 4-курсының студенті болған. В.Росляков шабуылдан кейін өз-өзін атып өлтірген. Тергеушілер күдікті тұрған пәтерге тінту жүргізген.

Күдікті осыдан шамамен бір ай бұрын қару ұстауға рұқсат алған. Бұл жөнінде Қырым төтенше жағдайлар қызметінің өкілі: «Ол кәмелеттік жасқа тол­ған. Барлық медициналық тек­серу­лер мен қажетті рәсімдер­ден өткен. Соның ішінде оны пси­холог дәрігер де қараған. Ол барлық қажетті құжаттарды өт­кізіп, қару ұстауға рұқсат алған. Барлық талаптар заңды әрі ресми түрде жүргізілген», дейді.

Деректерге қарағанда, осы жылғы 12 қазан күні В.Росляков қару-жарақ дүкенінен 8, 12 калибрлі «Hatsan» деп аталатын қару (оның құны 19-22 мың рубль болатын көрінеді) және 150 патрон сатып алған.

Белгілі бол­ған­дай, күдікті­нің әкесі мен шешесі ажырасып кеткен. Ол шешесі екеуі жал­дамалы пәтерде тұрған. Анасы Керчь онкологиялық диспансерінде жұмыс істейді екен. Тергеу амалдарына байланысты тиісті орындардың өкілдері күдіктінің шешесін алып кетуге келгенде ол кол­ледж­­­дегі шабуыл кезінде жара­ланып, ауруханаға жеткі­зілген­дерге көмектесіп жатады.

Таныстарының айтуынша, күдікті әлеуметтік желі мен қаруға үйір болған көрінеді.

Айта кетейік, алғашқыда атал­ған оқиға лаңкестік әрекет деп бағаланған болатын. Кейін­нен ол Ресей тергеу комитеті тарапынан «бір немесе бірнеше адамды өлтіру оқиғасы» деп, оны қылмыстық іс ретінде сипаттады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»