Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Тұрмыс сапасын арттырудағы іргелі істер

378 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоңыр күздің бел ортасы – қазан айының қоңыр салқын күндерінің бірінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жөнінен республика өңірлері арасында алдыңғы лекте жүрген Ақтөбе облысында болған еді.

Тұрмыс сапасын арттырудағы іргелі істер

Осы сапары кезінде Президент жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктеді. Әрі Елбасы бұл тапсырмалардың дені бұған дейінгі бес әлеуметтік бастамада көрсетілген тұжырымдардан және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған талаптардан тұратынын атап көрсетті.

Сонымен бірге Н.Назарбаев Ақтөбе облысына сапары кезінде мұндағы бірқатар өндіріс­тік, әлеуметтік және мәдени-спорт нысандарының жай-күйімен танысу барысында жергілікті өкілетті органдарға тағы да бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Бұлай болатын жөні де, реті де бар екені айдан анық. Өйткені Ақтөбе еліміздің батыс бөлігіндегі даму қарқыны жоғары, келешегі кемел де жарқын аймақ болып отыр. Президент тапсырмалары бірінші кезекте осындай қарқынды іс-қимылды бәсеңдетіп алмау қажеттілігінен туын­дағаны талассыз.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде Елбасы тапсырмалары ойдағыдай орындалып келеді. Президенттің облыс басшысына әрі өкілетті органдарға берген тапсыр­масы сан тарау. Оның қай-қайсыс­ы да салмақты, әрі әрқайсысының арқалай­тын әлеуметтік жүгі ауыр деуге болады. Соның ішінде Мемлекет басшысы қойған кейбір тапсырмалардың жай-күйіне тоқ­­тала кетсек, тұрғындарды баспанамен қам­­тамасыз ету мәселесі ауызға бірінші ора­­­лады. Нақты айтқанда білікті, кәсіби дең­гейі жоғары педагогтерге, медицина мен по­лиция қызметкерлеріне және өзге де қа­жетті мамандарға ипотеканың қол­жетім­­ді болуын жүзеге асыру үшін не істелді?

Бұған қатысты айтар болсақ, биыл­ғы қыр­күйек айында Ақтөбе облысы әкім­дігі мен «Баспана ипотекалық ұйы­мы» АҚ арасында келісім жасалды. Соған сәйкес Президент атап көрсеткен маман­дық иелерін қолдау мен қамту үшін екі миллиард теңге қаражат бөлу қарас­ты­рылған. Мұндағы бастапқы жарна төлеу мөлшерін он пайызға дейін кеміту жөнінде ұйғарымдар жасалған. Бұл үшін бірінші кезекте жергілікті бюджеттен алғашқы жарна көлемін субсидиялау үшін екі жүз елу миллион теңге бөлінген. Бұл орайда биылғы меже екі жүз елу маманды қамтуға есептелсе, алдағы жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғаймақ.

Президенттің тағы бір тапсырмасы – тұрғындардың табысын көбейту және өндірістік кәсіпорындардағы жұ­мыс­шылардың жалақысын өсіру. Оның орын­далу барысын екінші қойыл­ған мәселе­ден тарқатсақ, өндірісі мен өнер­кәсібі кеңінен өркен жайған өңірде жыл сайын ірі және орташа деңгейдегі кәсіп­орын басшылары мен облыс әкім­дігі арасында жалақы мөлшерін өсіру жөнінде келісімшарттар жасау дәстүрге енгізілген. Оның орындалуын арна­йы құрылған жұмыс тобы бақылап отырады. Айталық биылғы жылдың 5 қазаны күні Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына Жолдауы жариялана салысымен өңірде жалақысы тө­мен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде шұғыл іс-қимыл шаралар кешені әзірленді. Оған өңірдегі 518 кәсіпорын тартылды. Бұған қоса ал­дағы жылдың басында өңірдегі 53 ірі кәсіп­орын мен осы құрылымдардың жанын­дағы сервистік компанияларда жалақы мөлшері 7 пайыздан 20 пайызға дейін ұлғаймақ. Көрсетілген меженің өз уақытында орындалуы үшін Жолдау жарияланған күннен бастап қойылған мәселеге орай тиісті түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

Жолдауда қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы алдағы жылдың 1 қаңтарынан 42 000 теңгеге дейін көтерілетіні айтылды. Ал Ақтөбе өңірін­де бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер оның мөлшері 35 000 тең­ге төңірегінде екенін айғақтай­ды. Осы мөлшер алдағы 2019 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап республикалық дең­гейге көтеріле ала ма? Президенттің «Ақтөбе индустриялық аймағында» ор­на­ласқан «Фаэтон» көлік-логистика орталығында өндірісшілермен кездесуі кезінде өңір басшысы Бердібек Сапар­баев Елбасыны дәл осылай болатыны­на сен­дірді. Яғни бұған дейін 35000 теңге жалақы алып келген барша ақтөбе­лік­тер­дің еңбекақысы 2019 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап өсетіні жөнінде уәде берді.

Елбасы белгілеп берген бес әлеумет­тік бастамада өңірлерде жастар мен сту­дент­терге және жас отбасыларға арнал­ған жаңа жатақханалар құрылысын салу қажеттігі көрсетілгені мәлім. Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Президент бұл мәселені жергілікті өкілетті орган жетекшілеріне тағы да шегелеп тап­сыр­ды. Рас бұл жөнінде әзірге шұғыл жоба белгіленіп нақты жоспар жасала қой­маған секілді. Дегенмен алдағы күн­дерде Президент тапсырмасының нақты дерегі мен дәйегі белгілі болары анық. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына сапары кезінде облыс әкіміне үш ауысымда оқитын білім ордалары мен апатты жағдайдағы, мектептерді жою жөнінде нақты тапсырма берді. Б.Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі күні облыста 14 үш ауысымдағы және 7 апатты жағдайда тұрған мектеп ғимараттары бар. Ендеше Елбасы тапсырмасы қалай орындалмақ? Бұл сауалға жауап қайтарған өңір басшысы қазіргі бой көтерген нысандар құрылысы аяқталса, сонымен бірге алдағы жылы алты мектеп тұрғызылса, облыста үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешімін таппақ. Осы арада бір жағымды деректі оқырмандарға жеткізудің орайы келіп тұр. Бұл биылғы оқу жылында өңірде мектеп табалдырығын аттаған балалар санының бес мыңға көбейгені. Мұның өзі аймақтағы демографиялық ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. 

Президент ақтөбеліктермен кездесу сәтінде шағын ауылдар мен елді мекендерді реттеу мәселесіне де назар аударды. Әрі мұнда тұратын аға­йын­дардың болашағы не болмақ деген сауал тастады. Бұған жауап ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шағын, өмір сүру үшін тиімділігі төмен ауыл­дар­дың жай-күйіне тиісті талдаулар жасалғанын айтып берді. Оның айтуынша, облыстағы кейбір елді мекендер перспективасы жоқ болғандықтан жабылуы мүмкін. Жабылып жатқандары да бар. Мұндай қауіп сол шағын аудан­дар­дағы мектептерге де төніп тұр. Мұн­дай жағдайда бұл санатқа кіретін ауыл тұрғындарын көрші аумаққа көші­ру, ел-жұртты ыңғайлы қонысқа шоғыр­ландыру шаралары жүргізіліп, оқушылар іргелес ірі ауылдардағы мектептерге ауыстырылмақ. Өңір басшысының айтуынша, болашағы мол ауылдарда мектептер жанынан интернаттар салу мен ашу жұмыстары қолға алынбақ.

Мемлекет басшысының облыс әкім­деріне берген басты тапсырмасының бірі экономиканы дамытуға көбірек инвестиция тарту екені белгілі. Бұл міндет облыста ойдағыдай орындалып келеді. Мысалы, өткен жылы бұл мақсатта 480 миллиард теңге тартылса, алдағы меже – жарты триллиондық көрсеткішке жету.Осы тұста айта кетерлік тағы бір жайт, бюджет арқылы келетін инвестицияға жергілікті өкілетті орган басшысының қатысы аз екендігі. Ал егер олар Елбасы шегелеп айтқандай бюджеттен тыс инвестиция көлемін көбейтуге қызмет жасаса, бұл басқа әңгіменің еншісі. Осы орайда облыста бюджеттен тыс инвес­тиция жалпы инвестицияның 85 пайызын құрайтыны, ал сыртқы инвестиция мөлшері 35 пайыздан асқаны Президент тарапынан оң бағасын алғанын да айта кеткенді жөн көреміз.

Сөз соңында Мемлекет басшысының Ақтөбе облысында экспорттық тауарлар­дың үлесін барынша көбейтіп, импортты мейлінше азайту жөніндегі тапсырмасына келсек, мұнда сыртқы тауар айналымының көлемі бес миллиард теңгеден әлдеқайда асып түскені оң нәтиженің белгісіндей әсер қалдырады. Осы қомақты соманың түйенің табанындай төрт миллиард теңгесі экспорттың үлесіне тиесілі екені де сүйінішті жайт.

Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе аймағын­да Президент тапсырмаларының орындалуы жоғары деңгейде деп ой түйе ала­мыз. Ең бастысы өңірде уәде мен үдде­нің үйлесімі және келісті келісімі бар.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ