Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Агросекторда ілкімді қадамдар қажет

438 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы қазан айында: «Аграрлық сектор экономикамыздың көшбасшысы саналады.

Агросекторда ілкімді қадамдар қажет

Оған мемлекет көп қаражат құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ өкінішке қарай, олай болмай отыр» деген болатын. Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар өзекті міндеттерді алға қойды. Алайда, Елбасы тапсырған міндеттер Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан орындалмай келеді. АӨК проблемаларын жедел шешуге бағытталған саяси жігердің іске асуына салада жиі ауысатын басшылардың керітартпа көзқарастары кедергі болуда. 

АӨК-ке қатысты статистикаға назар аударайық. Еліміздегі жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын фер­мер­лік қожалықтардың 90%-ы ұсақ ша­руашылықтар. Олар тауар өнімдерінің 77-85%-ын өндіреді. Ондағы өсімдік шаруашылығының үлесі – 69%, мал ша­руашылығына тиесілі бөлігі – 87%. Ауылшаруашылық тауарын өндіруші­лердің тек 30%-ы ет, сүт, жеміс-жидек өңдеумен айналысады. 

Жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын фермерлік қожалықтарға инвестиция салу экономикалық негіз­сіз болғандықтан 403 қайта өңдеу кәсіпорыны құрылды, қазір олар 20-40% көлемінде жүктелген, себебі шикізат жеткіліксіз және оның сапасы төмен. Қазақстанға келген инвестициялар көлемінің тек 0,8%-ы АӨК-ке салынады. 

Бұл ретте ауылда еңбек ресурстарын пайдалану деңгейі төмен болып қалуда. Мәселен, ауылдық жерлердегі 4 млн тұрғынның 500 мыңы (12,5 %) жалдамалы жұмыспен айналысады. Өздерін жұмыспен қамтығандардың саны 3,5 млн. Бұл – іс жүзінде бюджетке үлес қоспай отырған жұмыссыздар. 

Елдің АӨК 2013-2017 жылдар аралығында бес жыл бойы даму бойынша кері нәтиже көрсетіп келеді. Өнімнің көлеміне көз жүгіртсек, 2013 жылы –10,7 млрд АҚШ долларын, 2014 жылы – 9,6 млрд, 2015 жылы – 8,7 млрд, 2016 жылы – 6,2 млрд, 2017 жылы 5,6 млрд АҚШ долларын құраған. 

Бүгінгі таңда «АӨК – инновация» жобасын әзірлеушілердің пікірінше, оны дамытудағы проблемалардың себебі қазіргі экстенсивтік дамудың мемлекеттік тетігі болып отыр. Бұл агроөнеркәсіп кешеніне кедергі болумен қатар, бәсекелестік қабілетін төмендетуде және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Біздің пікірімізше, «АӨК – инновация» жобасын әзірлеушілердің ұсыныстары қаралып, Қауіпсіздік кеңесінде талқы­лануға тиіс. 

Әлемдік деңгейдегі мамандар тартыла отырып, Ұлттық агроөнеркәсіп палатасы (ҰАӨП) бастамасымен жүргізілген жүйелі зерттеулер бойынша Елбасы тарапынан АӨК алдына қойылған міндеттер уақтылы ойластырылған шаралар болды. Бірақ бұл елдің ұсақ тауарлы өндіріс жағдайында шешілмейді. Дүниежүзілік озық тәжірибе көрсетіп отырғандай, оның тиімділігі орта және ірі ауыл шаруашылығы өндірісінен 3-5 еседей төмен. Ұсақ тауарлы өндіріс басым болғандықтан АӨК-ке салынған қаржы қайтарылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 80%-ы төлемге қабілетсіз болмақ.

Елбасы: «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-та салынған қаражат құмға сіңген су сияқты, ал басшы кадрлар берекетсіздікке салынуда», деп орынды атап көрсетті. Сол себепті, АӨК-тің қазіргі кадр әлеуетін қайта топтастырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдарын, соның ішінде, «ҚазАгро» АҚ-ын түпкілікті жаңарту қажет деп санаймыз. «ҚазАгро» АҚ-та ұсақ тауарлы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын фермерлік қожалықтар қызметін қалдыра отырып, оны қайта ұйымдастыру, ірі және орта тауар өндірушілерге қатысты жұмыстарды «АӨК – инновация» жобасын әзірлеушілердің басқаруына беру орынды болар еді.

Қазақстан үшін отандық және әлемдік мамандардың қатысуымен әзірленген АӨК-ті жедел дамытудың нарықтық моделін негізге алып, орта және ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге басымдық беру, көп салалы ауыл шаруашылығын дамыту өзекті. «АӨК – инновация» жобасын әзірлеушілердің пікірлерін толық қолдаймыз. Демек, әлем экономикасының құбылмалы жағ­дайында жаңа сапалық даму деңгейі­не көшуі үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде АӨК-ті жедел дамы­тудың матрицалық интеграциялық на­рықтық экономикалық үлгісін іске асыру кезек күттірмейтін мәселе. 

«АӨК – инновация» жобасы туралы сұхбатымда («АӨК – дамудың интенсивті жолы», «Казахстанская правда» газеті, №245, 22 желтоқсан, 2017ж.) бұл туралы оқырмандарды кеңінен хабардар еттім, сондай-ақ АӨК-тің төменгі буындарынан қолдаушылардың оң пікірлеріне ие болдым. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ұсыныстарым қол­дау таппады. Мүмкін бұл АӨК-ті жаңарту проблемалары процесінің ұзақтығымен және министрліктегі лауа­зымды басшылардың қызметтік орындарынан айырылу қаупімен байланысты болуы керек. 

«АӨК – инновация» жобасын әзір­леушілер нақты қорытындыға келді: елдің табиғи, климаттық және география­лық ерекшелігін, тұрғылықты халықтың дәстүрлі дағдысын ескере отырып, АӨК түбегейлі жаңартылмайынша және әртараптандырылмайынша Елбасы алға қойған міндеттерді шешу мүмкін емес.

ҰАӨП және «АӨК – инновация» жобасын әзірлеушілер өз кезегінде агро­өнеркәсіп кешенін құрылымдық және әртараптандыру тұрғысынан жаңарту отандық экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыруға ықпал ететініне сенімді. Әлемдік қоғамдастық елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өзекті екенін ескерсек, бұл өте маңызды. 

Қазіргі таңда импорттың 40-90%-ын құрап отырған қант, сары май және өсімдік майын, жеміс-көкөніс кон­сер­ві­лерін, шұжық өнімдерін, ет, құс етін Қазақстан нарығымен қатар, экспортқа да шығаруға болады. Оны кооперативтік, өндірістік, инфрақұрылымдық ірі тауарлы облыстық агрокластерлер, орта тауар­лы аудандық агрокешендер және агро­қалашықтар негізінде инновациялық көп салалы АӨК құра отырып, «АӨК – инновация» жобасын кешенді, жүйелі іске асыру арқылы жүзеге асыруға болады. 

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде шамамен 20,2 млрд АҚШ доллары қаржы сыйымдылығымен және 10% мемлекеттік қатысу үлесімен 12 жыл ішінде «АӨК – инновация» жобасын іске асыруға болады. Бұл жобаны жүзеге асырудағы орташа жыл­дық шығындар АӨК-ті жылдық мем­лекеттік субсидиялау көлемімен шамалас. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің ІЖӨ-дегі орташа 4,5%-ға жуық үлесімен алған­да, Қа­зақстанның ІЖӨ-нің 1%-ын құрайды.

Жоба авторларының әдістемелік-консультативтік қатысуымен «АӨК – инновация» жобасын кешенді және жүйелі түрде іске асырудың берері мол. Атап айтар болсақ, бұл қысқа уақытта жоғары тиімді индустриялық-инновациялық агроөндірістер негізінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елімізде АӨК-тің жоғары экспорттық әлеуетін қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар ірі және орта тауарлы агроөндірістер негізінде АӨК-ті жедел дамытудың нарықтық үлгісіне көшіруге мүмкіндік береді. 

Облыстық агрокластерлер және аудандық агрокешендер ең алдымен ислам елдерінен тартылатын капиталдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ауыл тұрғындарының жо­ға­ры деңгейде жұмыспен қамтылуына және еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткіземіз. Тағы бір айта кетерлігі, заманауи агротехнологияларды және инновациялық техникалық құралдар­ды пайдалану негізінде жоғары еңбек тиімділігі ұлғаяды. Төртіншіден, халық­тың 40%-дан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен сапасын арттырудың негізі – жоғары еңбекақыны қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік елеулі қоғамдық бас­тама болып табылатын «АӨК – инновация» жобасын іске асыру жөніндегі ұсыныстар Қауіпсіздік кеңесінде қол­дауға ие болған және Президенттің тиісті Жарлығы шыққан жағдайда қайта құрылатын «Қазагроөнеркәсіп» ұлт­тық басқару холдингі» АҚ бастама көте­ру­­шілерінің басқаруымен Ақмола және Ал­маты облыстарында осы жобаны қа­нат­­қақты режімде жүзеге асыруға дайын. 

Біздің кәміл сеніміміз бойынша, ұсынылып отырған нарықтық жоба Ауыл шаруашылығы министрлігі жан-жақты қолдап отырған АӨК-ті дамытудың қазіргі мемлекеттік үлгісімен бәсекелес болғандықтан, АӨК-ті дамытудың инновациялық нарықтық үлгісін іске асыруды салалық министрлікке тапсыру өз жемісін бермейді.

Жоба авторлары мен әзірлеушілерінің қатысуымен ведомствоаралық комис­сиялар құрыла отырып, АӨК-ті дамы­тудың нарықтық үлгісіне жедел көшу мақсатында инвестициялық келісім­шарт­тар жасау және «АӨК – инновация» жобасының іске асырылуын мемле­кеттік қолдау және үйлестіру жөнінде Инвестициялар және даму министрлігін ұлттық деңгейде өкілетті орган етіп тағайындау, ал бұл жобаны іске асыру­дағы өңірлік үйлестіруді облыстық әкімдіктерге жүктеу ұсынылып отыр. 

Сонымен қатар Ұлттық агроөнеркәсіп палатасы 2018 жылғы қарашада «АӨК – инновация» жобасы авторларының қа­ты­суымен өтетін «Агро – эко» ұлттық агро­өнеркәсіп форумы Президент Әкім­­­­ші­­лігі, «Нұр Отан» партиясы тарапынан қол­дауға ие болғаны туралы хабардар етеді. 

Агрофорумға Ұлттық экономика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ агротехникалық университеті, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» Ұлттық басқару холдингінің басшылары, Парла­мент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ, аймақтық басқару органдарының және Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ұлттық және шетелдік агро­өнеркәсіптік ғылыми мекемелер және ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілер шақырылды. 

Қажымқан МӘСІМОВ,

Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының президенті