Өнер • 19 Қазан, 2018

«Өзен» фильмі «Азиялық Оскардан» үмітті

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әмірдің «Өзені» тағы да үздіктер қатарынан көрінді! «Азиялық Оскар» ретінде танылған «Asia Pacific Screen Awards» белді киножүлдесіне үміткерлер есі­мі жарияланған жұлдызды тізімде отандық режиссер Әмір Байғазиннің «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табыстар» аталымына енді.

«Өзен» фильмі «Азиялық Оскардан» үмітті

Айта кетсек, Әмір Байғазин 2013 жылы «Асланның сабақтары» фильмі үшін осы аталымда бақ сынап, ки­ножүлденің жоғары бағасына ие болса, енді міне, бұл қатарға «Өзен» де қосылды. 

– «Өзен» фильміне қатысты жылт еткен жаңалықтың барлығы мені және шығармашылық командамды қатты қуантады. Осы орайда бірлесе жұмыс істеген әріптестеріме алғысымды біл­­дір­гім келеді. Сондай-ақ маған қол­­дау көрсетіп, сенім білдірген Мә­дениет және спорт министрлігіне ал­ғыс айтамын. Болашақта да қарым-қатынастарымыз нығайып, ортақ табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деп пікір білдірді бұл айтулы сәт жөнінде режиссердің өзі. 

Түркістан облысы аумағында тү­сірілген кинокартина режиссердің бұған дейін жарыққа шыққан «Ас­ланның сабақтары» және «Төрт оқиға» фильмдерінен кейінгі тың туындысы. Яғни, «Өзен» фильмі – Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі. Өркениеттен алыс жерде тұратын ағайынды бес жігіттің қаладан келген қонақпен таныстықтан кейінгі басқа арнаға бұрылып, күрт өзгерген өмірі, тіршілік тынысы жайлы баяндалатын кинотуынды Қазақстан (Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants) сынды бірнеше мемлекеттің атсалысуымен жарыққа шыққан болатын. 

Кезекті кинобайқаудың іріктеу ке­зеңінде талқылаусыз таңдалған «Өзен­нің» ендігі тағдыры Аустра­лияның Брисбен қаласында осы жылдың 29 қарашасында өтетін байқаудың қорытынды кешінде анықталатын болады. Бұған дейін әлемнің көптеген белді кинофестивальдарында жоғары бағаға ие болып жүрген фильмнің бұл жолы да жұлдызы оңынан туып, ХХІІ Asia Pacific Screen Awards жүлде­сінің жеңімпаздары қатарынан көрінетіндігіне сенім мол. 

Естеріңізге сала кетейік, аталған туынды жақын күндері Лос-Андже­лесте өтетін Asian World film festi­val ки­­но­фестивалінің конкурс­тық бағ­дарламасына қатысады. Сондай-ақ Варшава мен Сан-Паоло­дағы фес­ти­вальдың арнайы бағдар­лама­ларында көрсетіледі. Бұдан бөлек, фильмінің азиялық тұсаукесері 2018 жылдың 25 қазаны мен 3 қарашасы аралығында Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы шеңберінде өтеді деп жоспарлануда.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»