Тарих • 19 Қазан, 2018

Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына - 120 жыл

9702 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына - 120 жыл

АЛАШ АРДАҚТЫСЫ НАРКОМ ЖҮРГЕНОВ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтың есімі бүгінде иісі қазаққа етене таныс. Ол - Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Биыл осынау Алаштың асыл азаматының туғанына 120 жыл толып отыр. Жалпы алғанда, Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті, парызы кейінгі ұрпаққа жүктелгені айдан анық. Мінеки, осы үдеде студент шағынан ізденіп, әдеби-мұрасын ғылыми айналымға түсіріп, терең талдап, алғаш диссертациялық деңгейде зерттеген Бауыржан Иманғалиев Нарком туралы жазған «Темірбек Жүргенов» атты үшінші кітабын қалың оқырманға ұсынды. Зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Сәбитұлы бұл төрт жүз елу беттік кітабында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорларында сақталған Т.Жүргеновтың құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде тауып, араға сексен жыл уақыт салып, оқушыларымен қайта табыстырды. 1937 жылы 26 қыркүйекте «Халық жауы» деп қара күйе жағылып, қапыда атылып кеткен боздақ ұлдың халқына, ұлтына жасаған еңбегін бес тараудан тұратын осы құнды еңбекте жан-жақты аша білген. Біз бүгін зерттеуші-ғалымның   қайраткер-қаламгер Т.Жүргенов туралы жазған мақаласын ұсынамыз.

ҚАЙРАТКЕРДІҢ АЗАМАТТЫҚ АЖАРЫ

Ахмет Байтұрсынов!

Темірбек Жүргенов! 

Ілияс Омаров!    

Өзбекәлі Жәнібеков!

Бұлар халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әр қилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген Қайраткерлер. “Елім”, “жұртым” деп жан айқайымен жанын оққа да, отқа да қарсы тосқан Күрескерлер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған Жасампаздар. Сол жасампаздық, туындыгерлік еңбектерімен есімдері ел есінде мәңгі қалған арыс Тұлғалар! Тарих оларға, белгілі ақынның образды сөзімен айтқанда, “бір мезгілде әрі ағартушы, әрі жарық түсіруші” міндетін жүктеді. Ал олар бұл миссияны көбеден қандары, кеудеден жандары шыққанша абыроймен атқарып кеткендері бүгінде дау-дамайсыз тарихи ақиқатқа айналып отыр. Дүниеде өз бойындағы жаратылыс сыйлаған талант өртіне өртеніп өлгендер, өнер салмағын көтере алмай мертігіп ажал тапқандар аз емес. Қарап отырсақ, соның көбі жиырма мен қырық жастың арасында, ой мен қырды бірдей барлап тұрған шағында кеткен екен. Өз тағдырын өзі жасаған кісіге не дауа, ал бойынан өмірге құштарлық отын бір сәт бәсеңсітпей, еліне деген алаулы сезімі жүрегімен қоса дүрсілдеп соғып тұрғанда ғұмыры мезгілсіз қиылғаннан аянышты нәрсе бар ма екен?!  Т.Жүргенов небары 39 жыл жасады – үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десе не болғанын жөнді ұға алмай кете барды. Кешегі 37-де орылып түскендердің баршасының түйінді тағдыры осы. Олардың барлығы көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді бойындағы барын сарқи алмай кеткендер. Солардың бірі, әрі бірегейі, Қазақстандағы білім, мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушысы, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Темірбек Қараұлы Жүргенов.

Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап) дүниеге келген. Ол кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Осындай дәулетті, тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды: дәстүрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, сөз бен саз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қанымен бойына сіңірді. Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні - Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтың дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді. Екіншіден, Т.Жүргенов - 20-30 жылдардағы үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен өзі өкілі болып саналатын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті.

Темірбек Тұрмағамбет ақын ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. Ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді.1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. САГУ-де студент болып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. Ол Қазақ АССР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы  шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. Жоғары оқу орындарына арналған «Саяси экономия» және «Құқықтану» пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысады. 1929-1930 жылдары - Тәжікстанның Қаржы комиссары. 1930-1933 жылдары - Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарады. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты. Т.Жүргенов - ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына ықпал етті. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының Бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды. Онкүндік кезінде еліміздің өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге атқарған ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

ҚАЙРАТКЕРДІҢ ҚАЛАМГЕРЛІК ҚАЖЫРЫ

Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтың қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып, мемлекеттік қызметінің тасасында қалып келді. Қазіргі қолдағы мәлімет бойынша  Ағарту комиссарының әзірше 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздық жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б.мемлекетшіл тақырыптағы  очерктері мен мақалалары бүгінгі ұрпақ үшін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Жүргенов қоғам қайраткері ретіндегі қызметін партиялық функционерліктен емес, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, қаламын қару етіп бастағанын атап айтқан жөн. 20-жылдар басында Т.Жүргенов республикалық «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатыру ісіне шығармашылық, ұйымдастырушылық қажырымен  атсалысты. 1924 жылы Ташкентке келіп, САГУ-де (Орталық Азия Мемлекеттік университеті) оқып жүріп, әрі Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі қызметін атқарған кезде де Жүргенов қалам майданының қақ ортасынан табылды. Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Т.Жүргеновтың «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі бала жігіттің сөз өнерінде қара жаяу еместігін бірден танытты. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгілерінің бірінен саналады. «Переводчиктің қиялы» қазақ сахнасының майталманы Серке Қожамқұловтың репертуарынан ұзақ жылдар бойы тұрақты орын алып келді.Ал 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі XX жылдардағы ұлттық прозамызда өз кезеңіндегі ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптың бірі - әйел теңдігі мәселесіне арналған. Кейіпкерлер тағдырының ұқсастығы, тақырып ортақтығы және кейбір суреттеу тәсілі жағынан «Меруерт» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесімен үндес. Ол сюжетті өмірде жалт еткен бір сәттік оқиғаға,  яғни метонимиялық принципке құрады. Бұл жағынан әңгіменің новеллалық сипаты басым.

Қайраткер 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуға» рецензиясын («Казахстанская правда», 1934ж., 21-маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет. «Өнер өнер үшін емес, өнер әлеуметтің мұң-мұқтажына, арман тілегіне қызмет көрсетуі тиіс!» - дейтін өзекті ой Темірбек Қараұлының қаламынан қорытылып шыққан «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» («Казахстанская правда», 1934ж.,12 маусым) мақаласында жалғасын тапты.1928 жылы жазылғанымен, содан бергі уақытта сахналауға рұқсат берілмей келген М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасын алғаш драма театры репертуарына енгізген – Т.Жүргенов.  Спектакль 1934 жылы мамырда қойылды. «Хан Кенені» тірілткен Темірбек Қараұлы - өзінің тарихи принцип көзқарасын әдеби мұраны игеру ісіндегі тарихи сабақтастық принципіне ұластырған сыншы. «Казахский перевод» Шахнаме» атты көлемді мақаласы (Казахстанская правда, 1935, 1 сәуір) автордың осы өредегі көзқарасын толық танытты. Фирдаусидің туғанына 1000 жыл толуы қарсаңында оның мәңгі өлмес мұрасы – «Шахнама» дастанын қазақ топырағында бірінші болып аударған Сыр бойының білімдар ақыны Молда Ораз нұсқасын ел ішіндегі бір қарапайым шаруаның қолынан таптырып алдырған Т.Жүргенов дастан жөніндегі алғашқы әрі күні бүгінге дейін біздегі бірден-бір толымды зерттеу болып саналатын көлемді еңбекті жазды. Т.Жүргенов өзінің сыншылық-зерттеушілік еңбегінде жекелеген шығармаларға ғана көңіл бөліп қоймай, әдебиетіміздің зәру мәселелері бойынша перспективалық бағыттарды белгілеп, әдебиет тарихындағы кесек дәуірлерге баға беріп отырған. 1925 жылы Ташкентте қызметте жүріп тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген жинақ құрастырды. Оған Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов т.б. авторлардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәліметтер берген. Темірбек Қараұлының «Жерұйық» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті», 1936 ж. 10 шілде) Асан қайғы, оның идеясына алғашқылардың бірі болып толымды баға бергенін атап айтқан жөн. Асан қайғы жөнінде зерттеу жұмыстары 1930 жылға дейін тоқтап қалған еді. Жүргенов мақаласы тоқырап қалған сол іске жаңадан серпін берді. Автор халық аңызы жасаған Асан Қайғы бейнесі белгілі бір дәрежеде тарихи Асанның кейпі, ол XIV ғасырда қазақ халқының жазба тарихы жасала бастаған дәуірде өмір сүрген деген ой айтты. Кейінгі зерттеулер оның бұл пікірінің дұрыс екендігін көрсетті. Темірбек Жүргенов - 30-жылдары А.Пушкин шығармашылығына да  баға берушілердің бірі. Орыс ақынының дүниеден өткеніне 100 жыл толуы қарсаңында жарияланған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген көлемді мақаласында Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аудару дәстүріне тоқталған. Осы орайда, оның Абай үлгісіне берген бағасы биік. Сыншы орыс ақыны мен қазақ ақынының ақындық қуаты мен поэзия өрнегіндегі ұқсастықты нақты мысалдармен көрсетеді.

Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық бас-шылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды. «Тілді де тісті, жігерлі де, іскер адам» - деп Ғ.Мүсірепов баға берген Темірбек Қараұлының жан-дүниесі ғалым, зерттеушіге бейім еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейімдіктің соңына біржола түсуге заманы, уақыты мұрша бермесе де, ол ғұмырының ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағыныш-көрігін баса алмай өмірден өтті.

«СІЗ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУГЕ МІНДЕТТІСІЗ, ОРЛОВ ЖОЛДАС!»

Т.Жүргеновтың ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам — қарағандылық Б.Н.Орлов және мен орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да, Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, ол түсінетіндей болуы үшін сөйлеушілердің орысша сөйлегені жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтың қара көздері ұшқындап кетті. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлерінің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз өзіңіз!» – деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» - деп, өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті». Апырмай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», – деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сонау 30-жылдардағы ерлігі бүгінгі ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», - деген Темекеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Тоталитарлық жүйенің осы қызып тұрған шағының өзінде Темірбек Жүргенов республикаға басшы болып  келген Голощекинді қатты сынға алып, былай дейді:

-Қазақстанға керегі – 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал  сіз «қазақ тек хат таныса болады» дейсіз. Жоқ! Бізге үлкен білім ордалары қажет! Алда істейтін міндетіміз – қалың жұрттың ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайындауымыз қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет!» - деп өз ұлтының болашағын құрметтеуді талап етеді.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ ДЕГЕНДЕ...

Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі өнер майталманы Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», - дейді, ал академик А.Жұбанов: «Жүргеновтың кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік», — деп, өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп, талантына ерекше ден қойып, ыстық ілтипатпен еске алады.  «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз» - деген еді Әбіш Кекілбаев.

Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 400 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі. Т.Жүргенов дегенде  тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған. Тарихи антология жағынан бұл мысал өркениеті мен мәдениеті теңескен батыс елдердегі қоғам қызметін қалам қызметімен қатар алып жүрген М.Робеспьер, Е.Дашкова, Ф.Раскольников тәрізді қайраткер-қаламгерлер үлгісімен теңеседі.

КӨТІБАР ӨЗ АТЫМЕН ҚАЛДЫ ...

Нарком Жүргеновтың қызмет еткен тұсында республиканың барлық өңірлерінде драмалық, музыкалық ұжымдар ашылып, қазақтың ел арасында жүрген әнші, күйші, бишілері бір шаңырақтың астына жинала бастады. Халық жыраулары мен жыршылар, термешілер мен барша өнерпаздар бас қосып, енді сала-сала бойынша профессионалды өнер ордаларына айнала бастады. Темірбек Жүргенов солардың бәрінде де тек ұйымдастырушы болып қана қоймай, олардың жұмысына өзі тікелей араласып, театрлар мен бишілер тобының өнерлерін түн жарымы ауғанша көріп, пікір айтып, жаңа өнер, таза өнер қандай болуы керектігін елден келген өнер иелеріне айтудан, үйретуден жалықпаған. Ол бәріне де уақыт таба білген. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқуды ұйымдастырған да Жүргенов екенін тарихтан білеміз. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбановтың естелігінен мына бір жолдарды келтіре кеткен дұрыс. «...Темірбек Халық ағарту комиссары болып, өнер майданының «командованиесін» өз қолына алғаннан кейін бұрынғы тыныштық, «бейбіт» заман келмеске кетті. Өнер майданы қыза, бұрқырай жөнелді. Отыз үшінші жылдың күзінде М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқылады екен деген хабарды есітіп мен де үкімет үйіне келдім... Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты... Пьеса тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек:

- Мұхтар! Осы «Басыбар» демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған «Көтібар» атын өзіне қайтарсақ қайтеді. Қаншама мәдениетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен басы болса адамның басқа да жақтары болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысылып-қымтырылмаған көрінеді ғой», – деді. Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты сол арада қабылдап, Көтібар өз атымен қалды.
                                                                         

ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

1937-жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүргеновті де өзінің шеңгеліне іле кетті. Оған «халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көтерілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене араласқан» деген сияқты бірнеше айыптар тағып, кейін сот оны ату жазасына кесті. Үкім 1938-жылы 25-ақпанда Алматының іргесіндегі Қандысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да еді. Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған қарындасы,  қайраткердің зайыбы - Дәмеш Ермекова-Жүргенова күйеуі атылғасын «халық жауының әйелі» деп оны 8 жылға бас бостандығынан айырып, «Алжир» лагеріне қамайды. Бас-аяғы 20 жылға жуық уақыт қуғыншылық көріп, ол Алматыға тек 1957-жылы ғана оралды. Дәмеш Әмірханқызы кейін айнымас адал жарын жазықсыз жаладан ақтап алу жолында ғалым Мардан Байділдаевпен бірге талай есікті тоздырып жүріп көптеген іс-шаралар, кездесулер өткізеді, естелік мақалалар жазалы. Осы кісілер мен Жүргеновке жанашыр азаматтардың ықпал етуінің арқасында Алматыдағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына Темірбек Жүргеновтің есімі берілді, сондай ақ Астанада, Алматыда, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында бірқатар мектептер мен көшелерге қайраткердің аты беріліп, ескерткіштер орнатылды. Ағарту комиссарының өміріне арналған деректі фильмдер мен 1 пьеса жарық көрді. Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, атап айтқанда артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, жоғары  бағасын ала бастады. Себебі, асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін  Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.

БАУЫРЖАН ИМАНҒАЛИЕВ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жүргеновтанушы-ғалым.