Әлем • 19 Қазан, 2018

Еуразия ынтымақтастығының маңызы зор

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Еуразия ынтымақтастығының маңызы зор

Мемлекет басшысы саммиттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қақтығыстардың көбеюі, санкция және сауда соғыстарының өршуі жағдайында халықаралық саясат шиеленістің шегіне жетіп отырғанын атап өтті.

«Біз бүгінгі «Азия-Еуропа» форумының саммитін осы проблемаларды шешу үшін пайдалануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлем табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Бәріміз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Кариб дағдарысын еске салатын бүгінгі экономикалық және саяси текетірестерге куә болып отырмыз», деді Президент.

Сондай-ақ саммит жұмысы АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа Одағын халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруға бағытталуы қажет екенін жеткізді.

«Егер Сириядағы, Украинадағы және өзге де елдердегі проблемаларды реттемесек, ахуал одан да күрделене түседі. Баллистикалық ракеталардың таралу қаупі сейілмейінше, халықаралық терроризм басты мәселе болып қала бермек», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін лемдік экономикадағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты кейбір кедей мемлекеттердің ахуалы одан әрі қиындайтынын айтып, адамзат үшін оның елеулі қауіп-қатер саналатынын атап өтті.

«Мемлекеттер көшбасшылары Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де, терроризмге қарсы күресте де өзара тіл табыса білді. Сондықтан, мен АҚШ, Ресей, Қытай елдерінің, сондай-ақ Еуропа Одағының басшыларын диалогқа шақырып, өзекті проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынамын. Бұл мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында да қарастырылуы мүмкін», деді Н.Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропадағы жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруға бағытталған серіктестікке белсенді атсалысуға дайын екенін тағы да атап өтті.

Жиыннан кейін Н.Назарбаев Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті. Елбасы кездесу барысында саммиттің дәстүрге сай жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Еуропалық комиссия төрағасын биылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысуға шақырды.

Жан-Клод Юнкер «Азия-Еуропа» форумының XII саммитіне Қазақстан делегациясының және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қатысуының маңыздылығына тоқталды.

«Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын. 2008 жылғы Қазақстанға жасаған сапарым және әлемдегі тұрақтылық туралы әңгімеміз менің есімде. Біздің жиі кездесіп тұрғанымыз жөн», деді Еуропалық комиссия төрағасы.

Тараптар халықаралық саясаттың күн тәртібін, соның ішінде жаһандық қауіпсіздік проблемаларын қарастырып, Еуразия экономикалық одағының Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Елбасы «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитінде бірқатар кездесулер өткізді. Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен және Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесті.

Елбасы жапониялық және оңтүстіккореялық әріптестерімен халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті проблемаларды, соның ішінде Корей түбегіндегі жағдайды реттеу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті саммит барысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцянмен, Ресей Федерациясының және Италия Республикасының премьер-министрлері Дмитрий Медведевпен және Джузеппе Контемен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Форум жұмысы барысында Азия мен Еуропа арасындағы сауда жəне инвестицияны арттыру, өзара байланысты кеңейту, тұрақты даму жəне климаттың өзгеруі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, қауіпсіздікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізілді.

«Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитінің жабылу рәсімінде Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск сөз сөйлеп, екі күнге созылған жиынды қорытындылады.

«Осы уақыт аралығында Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Сонымен қатар халықаралық тұрақтылыққа негізделген ережені жаңарту туралы мәмілеге қол жеткіздік. Меніңше, саммитте талқыланған осы мәселелер қазіргі геосаяси жағдай күрделенген тұста өте қажет», деді Д.Туск.

Еуропалық одақтың төрағасы екі тараптың да айырмашылығынан ортақ тұсы көп екеніне тоқталды. Оның пайымдауынша, Еуропа мен Азияның арасындағы байланыстың тамыры тереңдеуі халық үшін де, әлем үшін де тиімді болмақ.

Іс-шара аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары форум төрағасының мәлімдемесін қабылдап, естелік суретке түсті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Брюссель (Бельгия)