Қазақстан • 21 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда республикалық ақпараттық-насихат тобы Жолдау талаптарын түсіндірді

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдинә Әбілқасымова жетекшілік еткен  республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері бірқатар мекеме-кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Солтүстік Қазақстанда республикалық ақпараттық-насихат тобы Жолдау талаптарын түсіндірді

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша  жұмыс күші көп өңірлерден  биыл  1200 адам көшіп келді.  Қызылжар ауданында тұрғындармен өткен кездесуде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қоныстанушыларды жұмысқа  орналастыру, жайлы баспанамен қамту, басқа да әлеуметтік жағдайларды жасау бағытында жергілікті жерде атқарылып жатқан  шараларға  оң баға берді. Ол Елбасының биылғы Жолдауында  республика тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру бағытында іргелі міндеттер қойылғанын, оған қол жеткізудің барлық мүмкіндіктері қарастырылғанын атап өтті.

«Келесі жылда  Солтүстік Қазақстан облысында қолжетімді тұрғын үй  қанатқақты жобасы іске қосылады. Ол бойынша әр баспана үшін 6 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлу, кейін жекеменшікке сатып алу жолдары қарастырылған. Күнгейден көшіп келушілер арасында білікті мамандар аз емес. Теріскейде дәрігер, мұғалім кадрлары жетіспейді. Келешекте осындай  олқылықтардың орны толтырылатын болады», деген М. Әбілқасымова түйткілді мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ.

Одан кейін «Ахмуддинов» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Оның директоры  Сермұхамед Оралұлы ағашты қалдықсыз  өңдеумен айналысатындарын, оңтүстіктен келген азаматтардың жұмыс істейтінін, 70 адамның жұмыспен қамтамасыз етілгенін, алдағы уақытта 40 адамдық жаңа жұмыс орны құрылатынын жеткізді. Ақжарқын Дәулеттің отбасы осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысынан көшіп келіпті. Шығыс медицинаның қыр-сырын меңгерген отағасы  жеңілдіті бағдарлама аясында 14 миллион теңге несие алыпты. Жұбайы студенттерге сабақ береді.  

Бескөл мектеп-гимназиясында өткен кездесуде мектепке дейінгі білім беру, «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануы жайлы мәселелері мұғалімдердің ерен қызығушылығын тудырды.

Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында  300 науқасқа қызмет көрсетіледі. Олардың 23-і–бірінші топтағы мүгедектер. Мекемеде психологтар,  арнайы сенсорлы кабинет жұмыс істейді. Ұжыммен кездескен министр қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдаудан туындайтын ауқымды міндеттерге байланысты келешекте атқарылатын  іс-жоспарлармен бөлісті.

Ақпараттық-насихаттық топтың өзге мүшелері де бірқатар әлеуметтік нысандарда өткен кездесу-жүздесулерде Жолдау талаптарын жан-жақты түсіндіріп, Елбасы  тапсырмаларын бірлесіп атқаруға шақырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы