Қазақстан • 22 Қазан, 2018

Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматы облысына арнайы сапармен келді

567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары мен жүзеге асырылу тетіктерін түсіндіріп, талқылау мақсатында Алматы облысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы сапармен келді. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматы облысына арнайы сапармен келді

Министр жұмыс сапары аясында Талдықорған қаласында жаңадан салынып жатқан мәдени нысандардың құрылысымен танысты. Соның бірі – жақын күндері көремендерге есік ашатын қазақ драма театрының ғимараты. Әлемдік үлгіде салынған мәдениет ошағы Жетісу өлкесіндегі сәулетіне салтанаты жарасқан бірегей театр болмақ. Қазір театр ғимаратының құрылысы толық аяқталып, әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңыңда ғимарат пайдалануға берілмекші.

Мұнан кейін Арыстанбек Мұхаме­диұлы аймақтың зиялы қауымы мен спорт саңлақтары бас қосқан жиынға қа­­ты­сып, Мемлекет басшысының «Қазақ­­стан­дықтардың әл-ауқатының ­өсуі: та­­быс пен тұрмыс сапасын арттыру» ат­ты Жол­­дауының басым бағыттарына тоқталды. 

–  Елімізді ширек ғасырдан астам уақыт аралығында дүние жүзіне таныттық. Елба­сымыздың сарабдал саясатының арқасында біз өз мақсатымыздың биік межесін бағындырдық. Жаһандану кө­шін­де көш бастаған 50 мемлекеттің ішіне ендік. Енді дамыған елдер санатына енген мемлекеттің халқы да әл-ауқаты жақ­сар­ған, тұрмыс сапасы түзелген ел бо­луы керек. Сол үшін Мемлекет басшысы би­­ылғы Жолдауын жариялады, – деді министр Салтанат сарайында өткен жиында.

Өз кезегінде сөз алған Алматы облы­сы­­ның әкімі Амандық Батталов өңір­­дің мәдени өміріндегі жетістіктер мен эко­­но­ми­калық табыстарына тоқта­лып, Елбасы Жолдауы алдағы атқарылатын іске зор жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.

– Жолдауды жетісулықтар үлкен ықыласпен тыңдады. Бұл – осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Елбасы Жолдауында берілген әрбір басымдық халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тұрғыда облыс Мемлекет басшысының әрбір міндеттемесін зор ықыласпен орындайтын болады, – деді аймақ басшысы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы